Америкалық сарапшылар: «Украинадағы ашық соғыс Мәскеудің әскери қуатын шектеуі мүмкін, бірақ Кремльдің айласы да, ықпалы да әлсіреген жоқ: ол ашық майданнан моральдық және ақпараттық майданға ауысты», - деп жазады.

Рейган әкімшілігінде Әскери-теңіз күштері хатшысының орынбасары болған, кейін Йорктаун институтының президенті болған Сет Кропси мен «Тұран» зерттеу орталығының директоры және Йорктаун институтының аға ғылыми қызметкері Жозеф Эпштейн жуырда «The Washington post» гәзетіне көлемді сұхбат беріп, Кремль идеологтарының Қазақстан мен Арменияға қарсы астыртын күрес ашқанын жазыпты.
КРЕМЛЬДІҢ ҚЫЗЫЛ КӨЗІ ҚАЗАҚСТАН МЕН АРМЕНИЯҒА ТҮСТІ
Мақалада: «Ресейдің тактикасы қарапайым әрі қауіпті: тікелей соғысқа бармай, қоғамды іштен шайқау, өз адамдары арқылы ықпал ету. Бұл әрекеттер Молдова мен Балтық елдерінде бұрыннан байқалды, енді Кремльдің көзі — Қазақстан мен Арменияға түсті», - деп жазылған.
Сет Кропси мен Жозеф Эпштейн өз мақаласында Қазақстан — Ресей үшін ең сезімтал нысан екенін, екі мемлекет арасындағы ең ұзын шекара, миллиондаған орыс тілді тұрғындар, ортақ тарих пен экономикалық байланыстар — барлығы Кремль үшін әлеуетті ықпал ету тетіктері екенін жазады.
«Ресейлік идеологиялық машина «орыс әлемін қорғау», «русофобия» айыптаулары мен «тарихи әділдік» сынды аргументтер арқылы қоғамды іштен бөліп-жаруды мақсат етеді. Бұл Украинада қалай іске асып жатса, дәл сондай сценарийді мұнда да қолдануға ниетті. Кремльдің тактикасы – қоғамдық сенімді азайту, билікке күмән тудыру, олигархиялық және діни институттарды өз ықпалына алу. Осы арқылы елдің ішкі резистенттілігін әлсірету», - деп жазады WP.
КРЕМЛЬДІҢ АРМЕНИЯҒА ҚАРСЫ ЖОСПАРЫ ҚАНДАЙ?
Арменияда жағдай күрделірек әрі басқаша реңкке ие. Ресей Армения саясатындағы өзінің артықшылығын сақтап қалғысы келеді. Бірақ Армения саясатында қазір орын алып жатқан Батысқа қарай бұрылу, Ресейдің нейтралитеті және ішкі саяси өзгерістер Мәскеудің стратегиялық жоспарларына қайшы.
Пашинянның билікке келуі мен қоғамдық қолдаудың әлсіреуі Кремльге Арменияда «іштен» қысым көрсету үшін тамаша мүмкіндік береді: проресейлік элиталарды қолдану, діни институттар мен беделді бизнесмендер арқылы қоғамның сезімтал тұстарын қоздыру. Мұның мақсаты — билікті әлсірету, қоғамдық наразылық тудыру және тәуелділікті қайта қалпына келтіру.
РЕСЕЙ АРСЕНАЛЫНДАҒЫ ЕҢ ҚАУІПТІ ҚАРУ — АҚПАРАТ!
Ресейдің арсеналындағы ең қауіпті қару — ақпарат. Ол жалған ақпараттар, әлеуметтік желілердегі провокациялар, «ақылды» манипуляция арқылы тұтас қоғамды шатастыра алады. Сонымен қатар барлау желілері, арам пиғылды ықпалшылар мен жартылай заңдастырылған ұйымдар арқылы Кремль локальды элиталарды сатып алуға, сайлауларға, қоғамдық пікірге әсер етуге дайын. Бұл — оқ атпай-ақ, үйреншікті өмір мен экономикаға соққы беру.
Қазақстан мен Арменияға қатысты бұл стратегия бір дүниеге көз жеткізеді: әдеттегі әскери қауіптен гөрі «тәуелділік» қауіптері маңыздырақ болуы мүмкін. Сирек металлдар, транзиттік дәліздер, логистикалық және энергетикалық инфрақұрылым — барлығы геосаяси қақпалар.
ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАТЫСТЫ КРЕМЛЬ НЕ ЖОСПАРЛАҒАН?
Қазақстанның сирек металдарға бай болуы оның стратегиялық маңызын арттырады. Мәскеу бұған экономикалық және ақпараттық қысым арқылы әсер етуді көздеуі мүмкін.
Бірақ бұл сценарийден шығудың жолы бар. Алдымен — ақпараттық иммунитет. Тұтас қоғамды дезинформациядан қорғау үшін тәуелсіз медиа, стратегиялық коммуникация және цифрлық сауаттылықты жедел дамыту қажет. Бұл тек технологиялық мәселе емес: бұл — ұлттық мүдде мен бірлікті сақтау мәселесі. Екінші — сыртқы серіктестіктерді әртараптандыру. Қытай, Түркия, ЕО, АҚШ-пен сауда, технологиялық және қауіпсіздік байланыстарын нығайту арқылы кез келген сыртқы қысымды саяси және экономикалық тұрғыдан қымбат етіп қоюға болады. Үшінші — ішкі бірлікті сақтау: этникалық, тілдік және діни топтар арасында ашық диалог пен теңдік саясаты Кремльдің тактикасына қарсы тұратын ең сенімді қорғаныс.
Егер біз бұл қауіпті жеңілдетіп, «жәй сөздермен» шектеп қалсақ, Кремль одан әрі күрделі, ұтымды және қауіпсіз механизмдерді іске қосады. Ол үшін елдің саяси элитасы өзара сенім мен ел мүддесіне негізделген шешім қабылдауы шарт. Азаматтық қоғам — сынғыш емес, белсенді әрі ақпараттық қауіпсіздікке жауапты құрылым ретінде қалыптасуы тиіс. Медиа — тек ақпарат таратушы емес, сонымен қатар анықтау және қорғаныс құралына айналуы керек.
Кремльдің мақсаты — біздің елімізді тарихтан оқшаулап, оның шешім қабілетін әлсірету. Сол себепті біздің жауабымыз — ол аймақтық және ғаламдық серіктестермен бірге жүргізілетін стратегиялық жауап болуы қажет. Бұл — экономикалық диверсификация, қауіпсіздік архитектурасын нығайту, цифрлық және ақпараттық қорғаныс, және ең бастысы — халықтың тәуелсіздікке деген ұмтылысын сақтау.
Путиннің бар назары қазір Украинаға бағытталған. Бірақ оның идеологтары жан-жақты шолып, шошытып отырғаны факт. Қазақстан мен Армения үшін ең басты қару — бірауыздылық, ашықтық және сыртқы серіктестік. Егер біз осыны сақтай алсақ, Кремльдің көлеңкесі қанша ұзын болса да, ол біздің шекараға жетпеуі мүмкін.
Mezgil.kz