Трамптың санкциясы Путинді терлетуде: Мұнай тым арзанға сатылуда!

Ресей АҚШ-тың санкциялық қыспағынан кейін мұнайды бұрын-соңды болмаған деңгейде арзандатып, жеңілдікпен сатуда. АҚШ Ресейдің қос бірдей мұнай гиганты саналатын «Роснефть» пен «Лукойлға» санкция салған еді. Санкциялар 21-қарашада күшіне енеді.


RIA_8982098-pic_32ratio_900x600-900x600-42173.jpg

 

Ресей Приморск пен Новороссийск порттарында Urals сұрыпты мұнай маркасын Brent сұрыпты мұнай маркасынан бірнеше доллар арзан сатуда. 10-қараша күнгі көрсеткіш бойынша, Urals сұрыпты мұнай маркасы мен Brent маркасының арасындағы айырмашылық 19,4 доллар болған. Бұл барреліне шаққандағы көрсеткіш саналады. Ал қарашаның басында бұл айырмашылық барреліне 13–14 доллар болса, қазан айында 11-12 доллар болған еді. Осылайша АҚШ-тың санкциялары Ресей мұнайының бағасын құлдыратуда.

 

Ресейдің Urals сұрыпты мұнай маркасы Brent мұнайымен салыстырғанда 2022 жылдың екінші жартысында рекордтық деңгейде құлады. Ол сәттегі айырмашылық 31,9 доллар болды. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 30 долларға түсті. Оған Ресейге салынған санкциялар мен ЕО-ның ресейлік мұнайды теңіз арқылы тасымалдауға тыйым салуы әсер еткен болатын. Алайда ол сәтте мұнайдың бағасы қазіргіге қарағанда әлдеқайда қымбат болды. Мысалы, 2022 жылдың екінші жартысында Brent сұрыпты мұнайы барреліне 104,6–122,7 доллармен сатылса, 2023 жылдың бірінші жартысында барреліне 78–83 доллардан сатылды. Ал 2025 жылдың қарашасында Brent сұрыпты мұнай маркасына барреліне 65,8 долларға түсіп қалды. Кей сәтте ол 57-60 долларға дейін құлдырады. Бұл туралы EIA сарапшылары мәлімдеді.

 

Приморск портында соңғы рет мұнай бағасына 15 доллардан жоғары жеңілдік жыл басында тіркелді. Ол сәтте АҚШ Ресейдің екі мұнай компаниясы мен 180-нен астам кемесіне санкция салған болатын.

 

Қазіргі уақытта Үндістан мен Қытайдың компаниялары ресейлік мұнайды сатып алудан қашқақтауда. Үндістанның бес бірдей мемлекеттік мұнай өңдеу компаниялары Ресейдің мұнайын алудан бас тартты. Бұл уақытша шара болуы мүмкін, алайда Ресейдің экономикасына айтарлықтай әсер етуде. Қытайдың Sinopec пен PetroChina Co компаниялары да ресейлік мұнайды алуды азайтқан.

 

Ресей мұнай жеткізу бойынша логистиканы өзгертіп, жалған компаниялар құруға тырысып жатыр. Алайда бұл біршама уақытты талап етеді. 


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар