Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумына қатысып, сөз сөйледі.

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Бұл форум былтыр алғаш рет ұйымдастырылған. Биыл дәстүрге айналып, екінші мәрте өткізілуде. Биыл аталған жиынға ұзын-саны 2 мыңнан астам алуыл шаруашылық секторының мамандары, еңбеккер қауым қатысты.
Жиында сөз алған Президент: «Ауыл шаруашылығы – экономикамыздың стратегиялық мәні айрықша саласы», - деді. Бұл дәл солай. Өйткені, диқандар, мал шаруашылығы мамандары, шаруалар – бәрі де еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосуда.
Биыл елімізде Ұлттық ауыл шаруашылық санағы өткен. Санақ тамыз айында басталып, қазанның орта шенінде аяқталды. Онда еліміздегі 1,6 млн үй шаруашылығы мен 300 мың ауыл шаруашылық нысанын қамтыған. Бүгінгі таңда елімізде 4,4 трл теңгенің 934 инвестициялық жобасы іске асырылуда. Ал биыл диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинаған. Осының өзі-ақ, еліміздің экономикасындағы ауыл шаруашылығының үлесі қаншалық маңызды екенін аңғартса керек.
Президент: «Халқымыз «Егін ексе – ел тоқ» деп бекер айтпаған. Былтыр біз мол астық алып, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосты. Соның ішінде Ақмола облысы ең жоғары көрсеткішке (7,5 миллион тонна) ие болды. Қыркүйек айында егін орағының барысын көру үшін облысқа арнайы барғанымды білесіздер», - деді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығы секторының ішкі экономикадағы үлесі мен нақты сандеректерге назар аударды. Ол бойынша: Соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен аса өсім көрсеткен.
«Биылғы он айда экономикамыз 6,4 пайызға өсті. Соның ішінде ауыл шаруашылығы да қарқынды дамуда. Жыл басынан бері осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция 20 пайыздан астам өсіп, 790 миллиард теңгеге жетті. Ал еңбек өнімділігі үш жылда 37,3 пайызға артты. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша (Global Food Security Index) 32-ші орында тұр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл мәз болып, қол қусырып отыруға болады деген сөз емес. Себебі ашығын айтуымыз керек, біз ауыл шаруашылығының орасан зор әлеуетін әлі де толық қолданбай отырмыз. Еліміз жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-шы орын алады. Ал егіс алқабы бойынша 8-ші орында тұр. Демек қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсті, яғни 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін көбейді. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыруымыз керек. Бұл – біздің қолымыздан келетін шаруа. Ұлттық даму жоспарымыз бар, мақсат-міндеттеріміз де – айқын. Бізге керегі – сапалы жұмыс пен нақты нәтиже. Сол себепті алдымен ауыл шаруашылығын дамыту үшін ерекше назар аударатын өзекті мәселелерге тоқталып өткім келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазір Қазақстан халқының 37 пайызы, яғни 7,5 миллион адам ауылда тұрады. Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала бермек. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне жалпы ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн.
Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздегі мал шаруашылығының әлеуеті жайлы да маңызды мәселелерге тоқталды.
«Біз бұған дейін егін шаруашылығын дамыту бағытында біраз жұмыс жүргіздік, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Енді мал шаруашылығына баса мән беруіміз керек. Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көрсетеді. Қазір нақты қаржыландыру тетіктері бар: жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, мал бордақылайтын орын салуға және асыл тұқымды мал алуға мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Былтырдың өзінде осы мақсатқа 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ шаруашылығын кеңейтем деген кәсіп иелеріне жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік бар. Жолдауда мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Мақсат – мал басын еселеу. Сол арқылы Қазақстанның халықаралық нарыққа ет жеткізуші ірі ел ретіндегі мәртебесін бекіте аламыз. Бұл мұратқа жету үшін мал шаруашылығын дамытуға оңтайлы жағдай жасау қажет. Ет бағытындағы мал шаруашылығының жүйелі өндірістік циклін енгізу жұмыстарын жалғастырған жөн. Жайылымдық жерлерді тиімді әрі ауыстырып пайдалану тәсіліне баса мән берген дұрыс. Ветеринария саласындағы жағдай мәз емес екенін мойындау қажет. Ең алдымен, бұл саланы материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету керек. Мал дәрігерлерінің еңбек жағдайын жақсарту қажет, ветеринар мамандарды ынталандыру шараларын қарастырған жөн. Ветеринария саласының инфрақұрылымын күшейтуге қатысты жұмысты тиімді түрде жалғастыру керек», - деді Президент.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде нақты мынадай мәселелерге тоқталды:
Бірінші – Жайылымдық жерлер мәселесі. Мемлекет басшысы жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға берілуге тиіс екенін айтты. Жер халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс екенін, заңсыз алынған және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанын және 2022 жылдан бері 14 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылғанын тілге тиек етті.
Екінші – Су және ирригация мәселелері. Қазір еліміздегі су қоймаларының шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығы еншісінде. Аграрлық салада суды тиімді пайдалану, сайып келгенде, елдегі бүкіл су экожүйесінің тұрақтылығына әсер ететін факторға айналып отыр. Агросекторда заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, суды көп қажет ететін дақылдар алқабы азайтылуда. Президент аталмыш салада қаржыны заманауи су пайдалану технологияларын белсенді қолданатын өңірлерге беру қажет екенін айтты.
Үшінші – агросекторды қаржыландыру мәселесі. Бұл мәселе бойынша агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру керектігін, биыл ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі ел тарихында алғаш рет 1 триллион теңгеден асқанын және несие қолжетімді болуы үшін банктерге құзырлы мекеме тарапынан кепілдік беру тәсілі енгізілгенін баса айтты.
Төртінші – ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту. 4 жыл бұрын ауыл шаруашылығы техникаларының 90 пайызы тозып тұрған еді. Бұл көрсеткіш биыл 70 пайызға дейін төмендеді. Қазір шаруалар алып жатқан техниканың 90 пайызы Қазақстанда шығарылған. Еліміздегі 10 зауытта осындай 19 түрлі техника құрастырылады. Олардың қатарында әлемге танымал брендтер бар. Жақында Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапарым кезінде John Deere компаниясымен бірге құны 2,5 миллиард доллар болатын стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Соған сәйкес алдағы бес жылда елімізде 3 мыңға жуық заманауи техника шығарылады.
Бесінші – кәсіпкерлік сектордың ауылдарды дамытудағы үлесі. Президент табысқа жеткен әрбір кәсіпкерді өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосуға шақырды. 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасының маңызына тоқталды. Осы жоба аясында ауыл инфрақұрылымын дамытуға 700 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенін, бүкіл ел бойынша 2,5 мыңнан аса елді мекенде нақты жұмыс атқарылғанын, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 600-ден астам бірлестік құрылғанын тілге тиек етті.
Mezgil.kz