Өзбекстандағы жиын: Орталық Азия өз саяси болашаған өзі анықтауда!

Өзбек жерінде өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуі биылғы геосаяси күнтізбенің жай бір тармағы емес, өңірдің келесі онжылдықтағы даму бағытын айқындайтын шешуші алаңға айналды.

1763357080428863.jpg

(Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

Әлемдік тәртіп дағдарысқа тіреліп, аймақтар жаңа күш орталықтарына топтасып жатқан тұста бұл саммит Орталық Азия елдерінің өз болашағын өзі айқындауға кіріскенін анық көрсетті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі осы жаңа кезеңнің бағыт-бағдарын айқындап, аймақтық интеграцияның жаңа философиясын қалыптастырды. Атап айтқанда, Тоқаев саммит мінберінен мынадай бағыттарды атап өтті:

ҚАЗАҚСТАН НЕ ҰСЫНАДЫ?

1.Орталық Азияға Әзербайжанды толыққанды мүше ретінде қабылдау.

2.Аймақішілік сауданы арттыру және ортақ өндірістік жобаларды дамыту.

3.Біртұтас көлік жүйесін құру және шекарадағы кедергілерді цифрландыру арқылы азайту.

4.Астанада сирек металдарды зерттеу жөніндегі өңірлік орталық ашу.

5.Ортақ ЖИ стандарттарын әзірлеу және ЖИ-ді жауапкершілікпен пайдалану декларациясы.

6.Ортақ су пайдалану жөніндегі конвенция дайындау.

7.Орталық Азияның бірыңғай туристік брендингін қалыптастыру.

Бұл бастамалар тек декларативті емес, Орталық Азияның нақты стратегиялық мүддесін айқындайтын, өңірлік дамудың ұзақ мерзімді бағытын белгілейтін қадамдар екені анық.

ЖАБЫҚ ШЕКАРАЛАР МЕН ОҚШАУЛАНУДЫҢ УАҚЫТЫ ӨТТІ

Саммиттің символдық мәні ең алдымен Әзербайжанның консультативтік форматқа толыққанды мүше ретінде қабылдануынан көрінді. Бұл шешім арқылы Орталық Азияның географиясы Каспийден асып, Кавказ бен Түркия арқылы Еуропаға бағыт алған жаңа кеңістікке айналды. Тоқаевтың: «Жабық шекаралар мен оқшауланудың уақыты өтті», - деуі – өңірдің сыртқа бағытталған жаңа стратегиясының манифесіне айналды.

Экономикалық интеграция – саммиттің басты өзегінің бірі. Аймақ ішіндегі сауда 11,5 млрд долларға жеткенімен, Президент бұл көрсеткіш өңірдің шынайы әлеуетінен әлдеқайда төмен екенін ашық айтты. Ол Орталық Азияны бәсекелес емес, бірін-бірі толықтыратын экономикалық құрылым ретінде қалыптастырудың маңызын атап өтіп, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп, машина жасау, логистика мен энергетика салаларында ортақ өндірістік жобаларды қолға алуды ұсынды. Әсіресе ауыл шаруашылығында дайын өнім өндіру арқылы жаһандық азық-түлік нарығына ықпалды ойыншы ретінде шығу мүмкіндігі ерекше атап өтілді.

Көлік-транзит саласында Тоқаев ұсынған Біртұтас Көлік жүйесі аймақты Еуразияның негізгі транзит хабына айналдыруға бағытталған стратегиялық жоба. Шекаралық рәсімдерді жеңілдету, цифрландыру және бірыңғай логистикалық тізбектер құру – өңір экономикасының жылдамдығын еселейтін фактор. Бұл бастама Орталық Азияны жаһандық тауар ағындарының маңызды торабынa айналдыра алады.

Саммитте көтерілген аса стратегиялық маңызды тақырыптардың бірі – сирек металдар. Тоқаев Астанада өңірлік зерттеу орталығын ашу қажеттігін атап өтті. Болашақ технологиялары – ЖИ, дрондар, электроника, электр көліктері – сирек металдарға тәуелді. Сондықтан бұл бастама Орталық Азияны маңызды технологиялық хабқа айналдырудың негізін қалайды.

Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық та назардан тыс қалмады. Президент ортақ ЖИ стандарттары мен оны жауапкершілікпен пайдалану жөніндегі декларация қажет екенін айтты. Бұл – өңірдің цифрлық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадам.

Су қауіпсіздігі – Орталық Азияның ең күрделі сын-қатерлерінің бірі. Тоқаевтың ортақ Су пайдалану жөніндегі Конвенция дайындау туралы ұсынысы трансшекаралық ресурсқа байланысты қауіптерді азайтып, болашақ дағдарыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Мәдени-гуманитарлық бағытта Тоқаев тарихи мұраны сақтау, қолөнерді жаңғырту, өңірлік туризмді дамыту және «Орталық Азия» атты бірыңғай туристік бренд қалыптастыру бастамасын ұсынды. Бұл өңірді әлемдік мәдени және туристік картаның ортасына шығара алатын идея.

Саммиттің қорытындысында мемлекеттер аймақ қауіпсіздігі мен тұрақты дамуға бағытталған маңызды құжаттарды қабылдап, Орталық Азияның ортақ стратегиялық позициясын нығайтты. Жалпы, VII консультативтік кездесу – дипломатиялық әдеттегі жиын емес. Бұл – Орталық Азияның XXI ғасырдағы жаңа стратегиялық кодын айқындаған тарихи кезең. Тоқаев ұсынған бастамалар өңірдің экономикалық, транзиттік, технологиялық және гуманитарлық болашағын сомдайтын тұтас аймақтық модельдің іргетасын қалады.

Саммит қорытындысы бойынша мемлекет басшылары маңызды келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда, олар бірлескен мәлімдемені қабылдап, Қырғыз Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдау жөнінде үндеу жариялады және Әзербайжанды консультативтік форматтың толық құқылы қатысушысы ретінде ресми түрде таныды.

Сонымен қатар өңірлік қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты дамуды көздейтін стратегиялық тұжырымдама мен 2026–2028 жылдарға арналған қауіпсіздік тәуекелдерінің тізбесі бекітілді. Осылайша, Самарқандтағы кездесу Орталық Азия елдерінің ортақ мүдделері тоғысқан, нақты нәтижелерге қол жеткізілген тарихи қадам ретінде аяқталды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар