Бензиннің бағасы 130 доллар: Ресей алтын кеніштерін жоғалтуда, ал астана қоршауда қалды!

Малидегі әскери билік әне-міне құлауы мүмкін. Ел астанасы Бамако қаласын Әл-Каидамен байланысы бар ұйымдар қоршауға алды. Қалаға баратын көлік жолдарының бойында әскерилерге шабуыл жасауда. Ал астанаға жанармай мен азық-түлік кіргізуге кедергі жасауда.


309a340b8bdb99a0d483fc0f01ed93f168720854_article.jpg

 

Малидің әскери билігі өзінің басты серіктесі етіп Ресейді таңдаған еді. Мәскеудің тапсырмасы бойынша ресейлік жеке әскери компаниялар Малиде билікті қолдап, әскери операциялар ұйымдастыруда. Алайда олардың әрекеті лаңкестік топтарды шегіндіре алған жоқ.

 

2023 жылы Владимир Путин Петерборда «Ресей – Африка» саммитін өткізді. Саммит барысында Путин Ресейдің Африканы қолдайтынын, Африкадағы қауіпсіздікке үлес қосатынын айтты.

 

Мали Африкадағы алтын мен өзге қазба байлықтарға толы мемлекет саналады. Малидегі қазба байлық түрлі ойыншыларды қызықтырып келеді. Жеке әскери компаниялар, көршілес және алыс мемлекеттердің тұрақты әскері, лаңкестік ұйымдар мен алтын қазушылар, қылмыстық топтар және басқалар Малиге балға үймелеген арадай қаптауда. 2012 жылы Малидегі Әл-Каидамен байланысы бар бірнеше топ тәуелсіздікті аңсайтын туарегтермен одақтасып, елдегі ірі қалаларға шабуыл жасады. 2013 жылы Мали билігінің ұсынысы бойынша Франция әскері Малиге келді. Сөйтіп лаңкестік ұйымдардың шабуылын тоқтатып, мемлекеттің құлауын сақтап қалды.

 

Алайда лаңкестік топтар елде ұдайы теракт жасаумен болды. Ел үкіметінің лаңкестерді тоқтата алмауы халықтың ашуын тудырды. Мемлекетте наразылық күшейіп, митингтер саны артты. Халық үкіметтің тарауын талап етті. Малидің вице-президенті Ассими Гоита төңкеріс жасап, президенттік таққа жайғасты. Ол Франция әскерін елден шығарып, Ресеймен байланыс орнатты. Франция әскері шығарылған соң, БҰҰ-ның бітімгерлік күштері де Малиден кетті. Олардың орнына «Вагнер» жалдамалы әскері келді.

 

Батыстық барлау қызметінің ақпаратынша, Мали ай сайын ресейлік тарапқа 10 млн доллар төлеген. Бұл қаржыға ресейліктер Мали әскерін ұрысқа дайындап, әскери базаны модернизациялап, 2 мыңға жуық жалдамалыларды жіберген. Ал АҚШ-тың барлау қызметі Ресейдің тек қана қаржы емес, сонымен бірге табиғи кеніштерді де алуы мүмкін екенін айтуда. Соның ішінде уран, алтын және литий кеніштері бар.

 

Пригожиннің бүлігінен кейін, «Вагнер» жеке әскери компаниясы бөлшектенді. Енді Малидегі бөлімше «Африкалық корпус» құрамына кіретін болды. Атауы өзгерсе де, әрекеті өзгерген жоқ. Мали билігі мен Ресей тарапы бейресми келісім жасасып, Малидегі алғашқы алтын тазарту зауытын салды. Келісім бойынша зауыттың 62% активі Малиге, 38% активі ресейлік тарапқа тиесілі болды.


2025 жылдың жазында Мали басшысы Ассими Гоита Мәскеуге келді. Тараптар экономикалық байланысты сөз етті. Келіссөздің бір бөлігі Малидегі алтын кеніштеріне қатысты өрбіді. Болжам бойынша Малидегі зауыт жыл сайын 200 тонна алтын тазарта алады. Бұл млрдтаған доллар деген сөз. Ресей Малидегі бірнеше алтын кенішін жанама қатысу арқылы өз бақылауына алғаны жайлы ақпарат бар.

 

2024 жылы Малидегі лаңкестік топтар ел әскеріне шабуылды үдетті. «Жамағат Нұсрат әл-Ислам Уәл-Муслимин» лаңкестік тобы Бамако қаласына баратын жолдарды жауып, Малидің оңтүстігін бақылауға ала бастады. Дәл осы аймақтарда Ресей билігі қызығушылық танытқан алтын кеніштері орналасқан еді.

 

2024 жылдың қыркүйегінде лаңкестер Бамако маңына жойқын шабуыл жасады. Бамако әуежайы мен әскери казармаларға соққы жасалды. Лаңкестер астана маңындағы ауылдық аймақтарға топтасып, рейдтер ұйымдастырумен келеді. Ал Мали әскері оларға қарсы операция ұйымдастыруда. Алайда нәтиже аз.

 

Бамако қаласына апаратын жолдардың барлығы лаңкестердің бақылауына өтті. Ел астанасында жанармай тапшылығы артуда. Астанаға жанармай жеткізу қиынға соғуда. Лаңкестік топтар жанармай тасыған көліктерге шабуыл жасаумен келеді.

 

2025 жылдың қыркүйегінде Мали астанасы Бамакода бензиннің литрі 25 долларға көтерілсе, қазан айында 130 долларға жеткен. Осылайша жанармай бағасы Малидегі айлық көрсеткіштен асып түсті. Жанармаймен бірге азық-түлік, дәрі-дәрмек құны да шарықтауда. АҚШ пен Еуропа Малидегі азаматтарын эвакуациялауда.

 

Сарапшылар Мали билігінің әне-міне құлайтынын айтуда. Ал Ресей жеке әскери компаниясын Малиден әкетіп, алтын кеніштерінен айырылады дейді мамандар.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар