Ресейдің әскери тілшілері аймақтарда әскерилерге төленетін қаржы қорының таусылып жатқанын айтуда. Ресейдің бірнеше республикасы соғыста қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына және келісімшарт бойынша соғысқа аттанған әскерилерге қаржы төлеуді тоқтатқан. Басты себеп – әскери бюджеттің сарқылуы болып отыр.

Хакасия билігі соғыста қаза тапқан сарбаздардың отбасына өтемақы ретінде берілетін 1,1 млн рубльді төлеуді тоқтатты. Бұл туралы «Сибирь.Реалии» басылымы жазды. Аймақ билігі бюджеттегі тапшылық туралы айтуда.
Хакасия билігі 2022 жылдың қыркүйегінен бастап аталған бағдарламаны іске асырып келеді. Алайда бұл туралы жиі айтуды қаламайды. Ендігі таңда бағдарлама тоқтап тұр. Билік өкілдері бағдарламаның қашан тоқтағаны туралы ресми мәлімет берген жоқ.
Украинадағы соғысқа байланысты Ресейдегі республикалар мен аймақтар қаза тапқан әскерилердің отбасы мүшелеріне бір реттік өтемақы төлеуде. Бұл әр аймақтың экономикалық жағдайына байланысты 1-3 млн рубль арасында. Бұл қаржыдан бөлек, Ресей билігі сақтандыру жүйесі және федералды өтемақы арқылы да қаржы төлейді.
Забайкалье өлкесінің басшысы Александр Осипов маусым айында үкіметті таратты. Басты себеп үкіметтің «қаржы жоқ» деу арқылы, қаза тапқан сарбаздардың отбасы мүшелеріне өтемақы төлеуді тоқтатуы еді. Аймақ қаза тапқан сарбаз үшін 1 млн рубль өтемақы төледі. Ал балаларға 300 мың қосымша қаржыдан берілді. Алайда жазда Забайкалье өлкесі қаржылық тапшылықтың туындауына байланысты бұл бағдарламаларды қысқартты.
Саха елі де бюджеттегі тапшылыққа байланысты өтемақы төлеуді тоқтатуда. Бұл туралы республиканың қаржы министрі Иван Алексеев мәлімдеді.
«Өкінішке орай, расымен де осындай қиын жағдай болып тұр. Бірақ үкімет тиісті шешімді қабылдауда, жақын күндері өтемақы төлеу жалғасады», - дейді ол.
Экономист Янис Клюгенің сөзінше, Ресейдің аймақтары қаза тапқан сарбаздардың отбасы мүшелеріне өтемақы төлеу үшін инфрақұрылымды дамыту, жол мен үй салу бағдарламаларының бюджетіне қол салуға мәжбүр болуда.
Mezgil.kz