Қырғыз Үкіметі: Қырғызcтан «орыс әлемінің» бір бөлшегі! Біз орыс тілін шексіз сүйеміз!

Ресей БАҚ-тары жерден жеті қоян тапқандай: «Қырғыз вице-премьері Байсалов Қырғызстанның орыс әлемінің мүшесі екенін айтты», - деп жапатармағай жазып жатыр...

1764080605628671.jpeg

(Сурет: ЖИ көмегімен жасалды)

Сөйтсек, бұл сөзді айтқан Еділ Байсалов деген Қырғыз шендісі екен. Қырғызстан мен Ресейге ортақ хабар тарататын «Номад ТВ» деген телеарнаның ашылуына осы Еділ Байсалов барып қатысыпты. Сонда сөйлепті, сөйлегенде бүйдепті:

«Біреулерге бұл сөзім ұнай қоймас, бірақ, бүгінгі Қырғызстан – орыс әлемінің бір бөлшегі. Біз, бәріміз ақпаратты әуелі орыс тілінде аламыз, орыс тілінде ойланамыз, орыс әдебиетімен тәрбиелендік. Кейбіреулер біздің бұдан арылғанымызды қалайды. Ал мен болсам, орыс әлемінің бір бөлшегі болғанымды мақтан тұтам», - депті.

Байсалов сөзін: «Ресейдегі әрбір адам Қырғызстанның тәуелсіздігіне құрметпен қарайды» - деп жалғапты. Сөзбе-сөз: «Олар біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді толық құрметтейді. Мен бірнеше мәрте өзім куә болғанмын, олар біз десе шын жанашыр, біз үшін шынымен күйетін адамдар», - дейді.

Байсалов тіл мәселесіне жеке тоқталып, Қырғызстанның қос тілді мемлекет екенін және бұл артықшылықты Қырғызстан сақтап қалуы тиіс екенін айтқан.

«Жоғарғы Кеңесте қайсыбір депутат орысша сөйлеген шендінің сөзін бөліп, тоқтатуы дұрыс емес. Ол қытайша сөйлеп тұрған жоқ, Қырғызстанның ресми тілінде сөйлеп тұр. Кез келген мемлекеттік тұлға кез келген орында орыс тілінде сөйлеуге құқылы», - дейді Байсалов.

Байсалов өз сөзінде орыс тілі көптеген қырғызстандықтан үшін ана тілі екенін, Қырғыз мәдениетінің бір бөлшегі екенін айтқан.

«Орыс тілі – тек Ресейге тиесілі тіл емес. Ол қырғыз халқына да тиесілі тіл. Біз сол тілде ойланып, сол тілде кітап жазамыз. Ақпараттың 75 пайызын орыс тілінде аламыз. Бізге орыс тілін мәжбүрлеп үйретудің қажеті жоқ. Өйткені, біз орыс тілін Мәскеуге жағыну үшін емес, жүрегіміздің төрінде болғаны үшін сүйеміз», - дейді.

«Қызды-қыздымен қатты кетіп қалдым-ау» деді ме, әйтеуір сөзінің соңында қырғыз тілі туралы да сөйлепті.

«Бізде енді қырғыз тілі жойылып кетуі мүмкін деген қауіп жоқ. Алдағы жылдары қырғыз тілінде мыңдаған кітаптар шығарылады, фильмдер мен сериалдар түсіріледі. Елімізде қырғыз тілін дамыту үшін жағдай жасалуда, бағдарламалар қабылданған. Осылайша біз қос тілді қоғамда өмір сүріп жатырмыз», - дейді Қырғызстан Үкіметі бастығының орынбасары.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар