Сарапшы: КТК құбырын әуе қорғаныс жүйесімен қорғап, Украинаға наразылық білдіру керекпіз!

25-қарашаға қараған түні Украина Ресей аумағына жаппай соққы жасады. Соққының бірі Новороссийск аймағындағы КТК (Каспий құбыр консорциумы) ғимаратына жасалған. Аталған нысанда құбыр арқылы мұнай жөнелту әрекеті бақыланады.


9814cd177eb8c2da40a1d24bcecede4f6e0ae4f837519094bf78d1eee0b0.jpg

 

«Шабуылдың нәтижесінде Каспий Құбыр Консорциумының Бас басқару орталығы орналасқан «Теңіз» терминалының әкімшілік ғимаратына дронның бөлшегі түсті. Осы орталықтан Қазақстан мен Ресей аумағындағы Теңіз-Новороссийск жүйесінің бүкіл жұмысына бақылау жүргізіледі. «Пилотсыз қауіп» дабылы жарияланғаннан кейін, персонал дереу қауіпсіз орындарға эвакуацияланды. Кей айлақта жүк тиеу операциялары уақытша тоқтатылды», - делінген КТК-ның ресми хабарламасында.

 

Артынша 25-нен 26-қарашаға қараған түні мұнай жөнелту қайта басталғаны хабарланды. Осылайша терминал шамамен 24 сағат жұмыс істемей тұрды.

 

Қазақстанның Энергетика министрлігі де жағдайға түсінік беріп, «бұл жағдай өндірістік процеске әсер етпегенін, Қазақстан учаскесінде жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау шектеусіз жүргізіліп жатқанын» мәлімдеді.

 

Қазақстан аталған құбыр арқылы мұнайының басым бөлігін тасымалдайды. Құбыр жұмысының уақытша тоқтауы ел экономикасына үлкен соққы болмақ.

 

Осы ретте сарапшылар түрлі пікір білдіруде. Мысалы энергетика саласы бойынша сарапшы Олжас Байділдинов былай дейді: «Расымен де КТК желісіне тағы да шабуыл жасалды. Біз бұл шабуылдарды неге айыптамайтынымызды түсіне алмаймын. Онда қазақтар мен қазақстандықтар да жұмыс істейді. Ондағы мұнайдың көп бөлігі Қазақстаннан, шамамен 90 пайызы. Мен үнемі бұл қазақстандық мұнай емес, Қазақстаннан шығатын мұнай екенін айтумен келемін. Ол негізінен үш гиганттың мұнайы, яғни Тенгиз, Қарашығанақ, Қашаған. Ауқымды шабуыл болса немесе үлкен зақым келсе оның Қазақстан экономикасына әсері орасан болмақ. «Тенгиз Шевройл» Қазақстандағы басты салық төлеуші. Жылына 5-7 млрд доллар салық төлейді, аударымдар жасайды, Ұлттық қорға құяды. Бұл сөзсіз экономикаға әсер етеді. Әзірге нысанды қорғап тұрғандардың әрекетінен, әуе қорғаныс жүйесінің әсерінен үлкен шығын мен талқандаудан аманбыз. Алайда олай жалғаса бермеуі мүмкін. Біз неге әлі күнге дейін наразылық танытпағанымызды мен түсіне алмадым. Тым болмағанда Украина елшісін шақыртып, ресми позициямызды білдіріп дегендей немесе өз елшімізді кері алдырып деген сияқты. КТК ол мұнай құбыры ғой, санкциядан босатылған және халықаралық нысан саналады. Неге энергетика саласы және үшінші елдердің мүддесі шабуылға ұшырайтыны түсініксіз. КТК арқылы мұнайдың көп бөлігі Еуропа елдеріне барады, сонда бұл шабуылдар қандай мақсатта жасалуда деген де сұрақ туындайды. Менің ойымша біз позициямызды білдіруге тиіспіз, өйткені бұл бірінші шабуыл емес және соңғысы да болмауы мүмкін. Қазақстан бұл мұнай құбыры мен қызметкерлерін қорғау үшін барын салуы қажет. Соның ішінде әуе қорғаныс жүйелері арқылы да. Басқа қандай нұсқа бар?! Бәлкім Украинаға қандай да бір бейресми арналар арқылы сигналдар жіберілген де шығар. Бірақ оның нәтижесі бар ма? Шабуылдар жалғасып жатыр. Біз өзіміздің экономикамызды, мұнай саласын соққыға ұшырата алмаймыз ғой. Оның үстіне Қазақстан бейтарап позиция ұстанатын ел. Тараптарды келіссөзге де шақырып келеміз. Соған қарамастан осындай соққы алудамыз. Бұл мәселені реттеу керек», - дейді.

 

Сарапшы өзінің телеграм арнасында жазған мақаласында, Қазақстан тарапы келтірілген шығындар үшін өтемақы сұрау керектігін айтады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар