АҚШ-тың санкциясы: Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға жеткізу келісімі не болмақ?

Қазақстан тарапы Ресейдің мұнай саласына салынған санкцияларды бұзбайды. Ендігі таңда Қазақстан аумағындағы құбыр арқылы Қытайға тасымалданатын ресейлік мұнай тоқтатылуы мүмкін. Бұл «Роснефть» компаниясына салынған санкциямен байланысты дейді RTVI сайты.


2016_02_09__05_12_26___33-kopiya.jpg


Атасу-Алашанькоу құбыры арқылы «Роснефть» жыл сайын Қытайға 10 млн тонна мұнай тасуда. «Қазтрансойл» компаниясы 2023 жылы ресейлік мұнайды тасымалдау үшін келісім жасасты. Келісім 2034 жылға дейін жалғасуы тиіс және Ресей тарапы әр тонна үшін 15 доллардан төлемек.

 

Сарапшылардың сөзінше, енді мұнай жеткізу мәселесі АҚШ-тың Қаржы министрлігінің шешіміне байланысты болмақ. АҚШ тарапы қазан айында «Роснефть» компаниясына санкция салып, компаниямен байланысы бар операцияларды тоқтату шешімін шығарды. Қазақстан тарапы Уашиңтоннан Ресейдің мұнайына санкциялық шектеу қойылуына байланысты сұрау салуда. Егер АҚШ тарапы аталған құбырды санкциядан тыс деп жариялап, арнайы лицензия табыстаса, онда құбыр арқылы ресейлік мұнайды тасымалдау жалғаса бермек. Сарапшылардың сөзінше, АҚШ тарапы лицензия бермесе, онда «Қазтрансойл» қиын таңдау алдында болмақ. Компания ресейлік мұнайды тасымалдауды жалғастырса, онда жанама санкцияға тап болуы мүмкін. Ал егер ресейлік мұнайдың тасымалын тоқтатса, онда келісім аясындағы қаржыдан қағылатын болады.

 

Тек қана АҚШ емес, сонымен бірге Ұлыбритания елі де «Роснефть» компаниясын қыспаққа алуда. 15-қазанда Ұлыбритания «Роснефтьпен» әріптестікке тыйым салды. Ал 22-қазанда OFAC «Роснефть» компаниясын санкциялық (SDN-List) тізімге қосты. 23-қазанда ЕО 19-шы санкциялық пакетін жариялады. Ол бойынша «Роснефтьпен» әріптестікке тыйым салынған.

 

Қазақстан тарапы Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың ел экономикасына соққы жасап жатқанын айтуда. Жақында КТК құбырының мұнай тасымалдау терминалына шабуыл жасалды. Бұл Қазақстанның экономикасына елеулі әсер етеді. Қазақстан мұнай тасымалдауды басқа балама бағыт арқылы арттыруға тырысуда. Ресейге салынған санкция салдарынан Қазақстан халықаралық кей келісімдерді орныдауды да тоқтатуы мүмкін. Мысалы жоғарыда жазғанымыздай, ресейлік мұнайды Қытайға тасымалдау келісімі.

 

Ресей мұнайының басым бөлігі Қытайға теңіз арқылы тасымалданады. Бұл шамамен күніне 1-1,5 млн баррельді құрайды. АҚШ-тың қатаң санкцияларынан кейін Қытайдың Sinopec пен PetroChina компаниялары, жекеменшік МӨЗ-дері ресейлік мұнайды сатып алуды еселеп азайтты. Kpler-дің есептеуі бойынша қараша айында Ресейдің Қытайға мұнай тасымалдауы 36%-ға азайған.

 

Kpler сарапшысы Йоханес Раубаллдың сөзінше Ресей АҚШ санкциясының салдарынан күніне 300-400 мың баррельді тасымалдауды азайтқан. Қытайдың ірі мемлекеттік компаниялары санкцияға ілігуді қаламайды, ал жекеменшік МӨЗ-дер арзан мұнай үшін көбірек тәуекелге баруы ықтимал.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар