Күдікті үш кеме және белгісіз дрондар: Бұл оқиғаның артында Ресей тұр ма?

Die Welt басылымы Еуропадағы әскери және азаматтық әуежайлар, әскери базалар маңында пайда болып, Кәрі құрлық елдерін әбігерге салған белгісіз дрондар туралы жазды. Олардың Ресеймен байланысы бар ма?


67177c0a02e8bd43a32ac70d.jpeg

 

WELT, Bild және Axel Springer Academy бірлесе отырып осы мәселені зерттеді. Олар ең алдымен Германияны әбігерге салған белгісіз дрондар туралы мәлімет жинаған. Дрондардың пайда болған аймақтары, олардың ұшу траекториясы анықталды. Белгісіз дрондардың әуе кеңістігінде пайда болуы мен Ресейдің жүк таситын кемелерінің арасында қандай да бір байланыс болуы мүмкін екені айтылуда.

 

Дрондар көбіне кешкі уақытта байқалған. Әскери базалар мен казармалар үстінен ұшып өткен. НАТО-ның әскери жаттығуларын да белгісіз дрондар бақылаған. Германия билігі белгісіз дрондарға қатысты зерттеулерді құпияландырып тастады.

 

Ресейдің жүк таситын «Лауга» (Lauga) кемесі зерттеулердің бірінде аталды. Ұзындығы 102 метр, ені 16 метр болатын кеме 16-мамыр күні Солтүстік теңіз арқылы жүзіп өткен. Түнде Германияның экономикалық аймағын күзететін «Потсдам» кемесі «Лауга» кемесіне жақындайды. Себебі ресейлік кеме экономикалық аймаққа жақын келген еді. Сол сәтте «Лауга» кемесі мен «Потсдам» кемесінің үстінен кенеттен белгісіз дрондар пайда болады. Жеті дрон ұзақ уақыт бойы Германияның кемесін бақылаған.

 

Араға 11 күн уақыт салып, «Лауга» кемесі Бельгияның Зебрюгге портына кіреді. Шекарашылар кемені тінтіп шығады, алайда күдікті ештеңе байқамайды. Кеменің экипажы түгелдей ресейліктер болатын. «Лауга» кемесі 2024 жылы Сирияның Тартус портына бірнеше мәрте тұрақтаған. Ол сәтте Сирияда Асад билік құрған еді. Бельгиядан шыққан соң, кеме Петербор портына бет алады. Кеме «Петролеспорт» терминалына кіреді, ал бұл терминал «Росатоммен» байланысты еді. Батыстық барлау қызметі «Росатом» компаниясында түнгі барлау жүйесі бар дрондардың бар екенін айтуда. «Росатом» дрондарды Арктикадағы теңіз жолдарын бақылау үшін қолданады. Дрондар әдетте кемеден ұшып шығып, барлау жүргізіп, бортқа қайта оралады.

 

Тағы бір кеме «HAV Snapper» еді. Кемелер әдетте белгіленген маршруттан ауытқымайды. Алайда «HAV Snapper» кемесі «Лауга» кемесінен 115 шақырым жерде жүзіп, бір аймақта ұзақ айналғанын байқауға болады. Кеме 16-20 мамыр аралығында Солтүстік теңізде жүзіп жүрген. Дәл осы аралықта Германияның әскери нысандарының үстінен белгісіз дрондар тобы байқалған еді.

 

«HAV Snapper» Норвегияның HAV Shipping AS компаниясына тиесілі. Бұл кеме Ресейдің Калининград аймағына жиі барады. 2023 жылы, 4-29 тамыз аралығында Калининградта болған. Кеме «Росатоммен» байланысы бар компания айлағында тұрған. Сарапшылар бұл фактілерге назар аудара отырып, «Лауга» мен «HAV Snapper» кемелері бірлесе әрекет еткен деп санайды.

 

Мамыр айының басында (2,6,7 мамырда), Киль қаласы маңында белгісіз дрондар шоғыры байқалды. Дрондардың бір бөлігі Балтық аймағынан ұшып келді. Зерттеу құжаттарында, 1-мамырдан бастап Киль маңында Антигуа және Барбуда туымен жүзіп жүрген контейнертасушының тұрғаны айтылады. Аталған кеме оған дейін Ресейде ұзақ уақыт болғаны белгілі болды.

 

Бұл ұзындығы 88 метр болатын «HAV Dolphin» кемесі  еді. Кеме 2022 жылдың 4-29 наурызы аралығында Калининградта болған. «HAV Snapper» кемесі тоқтаған айлаққа тұрақтаған. 2025 жылдың сәуірінде Калининградқа тағы бір мәрте тоқтаған. Кеме Киль қаласы маңына мамыр айында жетіп, ұзақ уақыт бойы түсініксіз маршрутпен әрлі-берлі жүзіп жүрген. Кейін аталған аймақтағы әскери нысандардың үстінде белгісіз дрондар пайда болды.

 

Германияның полиция қызметі 9-мамырда «HAV Dolphin» кемесін тексерді. Кеменің экипажы ресейліктер еді. Кемеден күдікті заттар табылған жоқ. Сарапшылар бұл оқиғалардың барлығына Ресейдің қатысы болуы мүмкін деп санайды. Оқиғаларға қатысты ақпараттардың да құпияландырылуы тегін емес дейді мамандар.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар