18-20 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Жапонияға барады.

(Суреттер: nippon.com, eurasiatoday.ru)
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі: «Сапар аясында Император Нарухитомен, Премьер-министр Санаэ Такаичимен, сондай-ақ Жапонияның іскерлік орта өкілдерімен кездесу жоспарланған», - делп хабарлады.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті «Орталық Азия + Жапония» саммитіне қатысады. C5+1 форматы соңғы жылдары әлемдік гегемондар мен өркениетті елдердің қызығушылығын арттырып келе жатқан формат. Осыған дейін президент Тоқаев қараша айының басында Ақ үйге барып «Орталық Азия + АҚШ» саммитіне қатысып келген еді. Сонымен бірге «Орталық Азия + Қытай» саммиті де тұрақты өтіп келеді.
ЖАПОНИЯ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІН КҮТЕДІ
Осыған дейін: «Жапония үкіметі 19-20 желтоқсанда Токиода Орталық Азияның бес мемлекетімен саммит өткізуді жоспарлап отыр», - деп хабарлайды жапон ақпарат құралдары. Билік партиясының вице-президенті Таро Асо Жапония мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға жауапты парламенттік топтың отырысында саммитке дайындық туралы мәлімдеген.
«Соңғы жарты жылда Ресей, Қытай, АҚШ және басқа да елдер Орталық Азия мемлекеттерімен саммиттер өткізіп үлгерді. Дипломатиялық тұрғыдан алғанда Жапонияның осындай саммитті сәтті өткізуі өте маңызды», - деді Асо.
«Nippon.com» сайтының хабарлауынша, премьер-министр Санае Такаичи мен аймақ басшыларының екіжақты кездесулері жоспарланған. Анығы бұл саммит тамыз айында, Қазақстанда өтеді деп жоспарланған болатын, бірақ Жапония жағалауында болған күшті жер сілкінісіне байланысты маңызды басқосу өтпей қалған. Сол кездегі премьер-министр Фумио Кишиданың үкіметі төтенше жағдайға шұғыл әрекет етуге мәжбүр болды.
Айта кетейік, Жапония 2004 жылдан бері ОА-ның бес мемлекетімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп келеді. Алайда ол кездесулер Сыртқы істер министрлері деңгейінде өткізіліп келген. Биыл бұл форматқа 20 жыл толады. Сол себепті, тараптар басқосу статусын саммит деңгейіне көтеруге келіскен.
ЖАПОНИЯ ОА ҮШІН ТАЛАСҚА АРАЛАСУДА
«Жапония Орталық Азияда ойыншы болуға үмітті жаңа кандидат. Жапонияның ОА-мен байланысының тарихы тым тереңде жатса да, Токио қазір ОА үшін жаңа үміткер, жаңа ойыншы», - деп жазады «Eurasian Times».
Орталық Азияның географиялық орналасуы һәм ондағы жер асты, жер үсті қазба байлықтарының мол қоры көптеген елдер үшін өмірлік маңызды фактор болып табылады.
Украина соғысы басталғанға дейін ОА-дағы 5 елге Ресей ықпал етіп келген. Қазір де сол ықпал айтарлықтай әлсірей қойған жоқ. Десе де, өңірге қызығушылық танытушылар көп. Олардың қатарында: АҚШ, Түркия, Қытай, ЕО елдері, соның ішінде Германия мен Франция бар.
Токио қазірдің өзінде Ресейді айналып өтетін Каспий транспорттық дәлізін дамытуды қостап, қолдап отыр. Сондай-ақ, Токио Орталық Азия мемлекеттеріне жекелеген екіжақты келісімдер дайындап отыр. Соның ішінде, ОА-лық еңбек мигранттары үшін арнайы квота бөлі, ОА-дағы ресурстарға инвестиция тарту т.б.
САНАЭ ТАКАИТИ КІМ?
Санаэ Такаитидің Жапония премьерлігіне биыл 21 қазанта тағайындалды. Такаитидің саясаттағы жолы әлдеқайда ертерек – 1961 жылы Нара префектурасында басталған. Жасынан дербес, қатаң, өзіне сенімді өскен Такаити Коби университетін тәмамдап, АҚШ-та тағылымдамадан өткен. Өзінің еңбек жолында Такаити заң шығарушының көмекшісі де болды, тележүргізуші де болды. Ол 1993 жылы алғаш рет парламентке сайланды және көп ұзамай Либерал-демократиялық партияның ең ықпалды тұлғаларының біріне айналды. Ол ішкі істерді де, коммуникацияны да, экономикалық қауіпсіздік министрлігін де басқарды. Сөйтіп Жапонияның стратегиялық бағыттарын ішінен түсінетін санаулы саясаткердің бірі болды.
Консервативті ұстанымның беделді өкілі ретінде Конституцияның 9-бабын қайта қарауды ашық жақтады, қорғанысты күшейтуді талап етті, жасанды интеллект пен жаңа технологияларға мемлекеттік инвестицияны еселеу қажеттігін айтты. Тіпті, оның Ясукуни ғибадатханасына барып тұруы – оның идеологиялық бағытын анық көрсететін белгі. Өзінің саяси рухани ұстазы ретінде Маргарет Тэтчерді атайды. «Темір ханымның» батыл стилін жапон саясатына әкелгісі келетінін де жасырмайды.
Mezgil.kz