Иранда әлеуметтік-экономикалық дағдарыс күшейді. Бұл туралы әлемдік сарапшылармен қатар, халықаралық ұйымдар да жазуда. Дағдарыс халықтың күнделікті өміріне қажетті дәрі-дәрмек, жанармай, балаларға арналған тағам түрлері сынды қажеттіліктерге соққы жасауда. Бұл туралы Әзербайжанның haqqin.az сайтының сарапшысы Джавад Шабири сараптама жазды. Мақаланы қысқаша назарларыңызға ұсынамыз.

Иранның фармацевтика саласының сарапшылары елдегі дәрі-дәрмек қоры мен балаларға арналған тағам түрлерінің қоры азайғанын айтуда. Алдағы үш айда дәрінің тапшылығы күшейіп, дәріханалардан 800-ден астам дәрі түрі жоғалуы мүмкін дейді олар. Iran International, ILNA, Didban Iran ақпарат көздері де бұл туралы жазды. Иранның шетелдегі оппозициясы да ақпаратты растауда.
Иран фармацевтерінің ассоциациясы жағдайдың күрделі екенін растауда. Шикізат импортынан бастап тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралықта дағдарыс бар дейді. Дәрі-дәрмек бағасының күрт қымбаттауы да байқалады. Мемлекет риалдың құнсыздануы сәтінде дәрі-дәрмекті сатып алуда жасалатын жеңілдіктерді азайтуда. Бұл шешім медициналық сақтандыру саласына да кері әсерін тигізуде.
ILNA агенттігіне Иран фармацевтерінің ассоциациясы мүшесі Хади Ахмади пікір білдірді. Ол шетелдік валюта бағамы күн сайын өзгеріп, дәрі-дәрмек бағасының өсуіне әсер еткенін айтуда. Ахмадидің пікірінше, дәрі бағасының 70 пайызы оны қаптау, логистикалық мәселелер, қызмет көрсету мен дәрі жасау құралдарының болуы, нарықтағы сұранысқа байланысты болмақ. Ал қалған 30 пайызы дәріні жасайтын шикізатқа байланысты дейді.
Осылайша тіпті мемлекеттің өз ішіндегі дәрі бағасы қымбаттауда. Иран сарапшылары дәрігер жазып берген дәріні толық алмайтындар немесе дәрі бағасына назар аударып, мүлде дәрі сатып алмайтындар саны артқанын айтуда. Иранда кей дәрі түрлері дәріхана сөрелерінен жоғалуда. Мысалы қан ауруын емдеуге арналған Morvarid дәрісін іздеушілер саны артты. Ал дәріханаларда аталмыш дәрі жоқ. Тіпті арзан әрі қолжетімді саналатын преднизолон сияқты дәрі түрлері де тапшы. Дәрі бағасы қымбаттаған сәтте Иран халқы емшілерге жүгінуде. Емшілердің қызмет бағасы арзан, дегенмен ауру түрлерін нақты табуы, дәл емдеуі күмәнді. Иран билігі де емшілерді тексеруді арттырған. Соған қарамастан әр ауылда, ауданда емшілер саны артып келеді. Бұл қоғамдағы сұранысқа байланысты дейді сарапшылар.
Tjarat-News басылымының жазуынша көптеген әйелдер ем алуды кейінге қалдыруда. Себебі ем алу, тексерістен өту және дәрі сатып алу құны тым қымбат. Сақтандыру жүйелері шығынды толық жаппайды.
Тегеран Сауда палатасының Денсаулық сақтау экономикасы комитетінің төрағасы Мохаммад Абдезаде фармацевтика өнеркәсібіне мемлекеттік және жекеменшік субъектілердің жалпы қарызы 150 триллион Иран риалынан асып кеткенін хабарлады. Тегерандағы медициналық жабдықтарды өндірушілер мен жеткізушілер қауымдастығының басшысы Алиреза Чезри мемлекеттік жеңілдік алынып тасталғаннан бері фармацевтикалық өнімдердің бағасы жеті есе өскенін айтты.
Сарапшылар Иран риалы құлдырауын жалғастыратынын айтуда. Иран билігі валютаға деноминация жасап, төрт нөлін қысқартпақ. Ал риалды тұман деп өзгертпек. Алайда бұл шаралардың нарықтағы бағаны тұрақтандыруы екіталай. Мамандар баға шарықтауы жалғасатынын, дәріханаларда дәрі түрлері азайып, созылмалы аурумен ауыратын науқастар, аналар мен балаларға қиын соғатынын болжауда.
Mezgil.kz