Газа тілшілердің қорымына айналды: Ресей мен Қытай журналистерді зынданға тастауда!

Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы жыл сайынғы баяндамасын жариялап, құқығы тапталып, қуғындалып жатқан тілшілер туралы жазды. Бір жылдың ішінде әлемде 67 журналист қаза тауып, 500-ден астамы темір торға тоғытылып, 20-дан астам тілші тұтқынға алынған.


thumbs_b_c_2669110ef9a5e3782d677670468cd61f.jpg

 

Баяндамада тілшілерді қудалау бойынша Қытайдың бірінші орынға шыққаны айтылады. Екінші орынға Ресей жайғасқан. Ал қаза тапқан тілшілердің көбі Газа аймағында қызмет атқарған. «Шекарасыз тілшілер» ұйымының (RSF) директоры Тибо Брюттен әлем елдерінде тілшілерді қудалау артып келе жатқанын айтуда.

 

2023 жылы «Шекарасыз тілшілер» ұйымы бір жылда 49 тілшінің өлтірілгенін айтты. Бұл соңғы 20 жылдағы ең аз көрсеткіш болатын. Алайда Израиль-ХАМАС арасындағы соғысқа байланысты ұрыс алаңында қызмет еткен тілшілердің ажал құшуы күрт артты. 2024 жылы 66 журналист көз жұмса, 2025 жылы 67 журналист көз жұмған. Алайда жыл әлі аяқталған жоқ және бұл көрсеткіш артуы мүмкін.

 

Соңғы 12 айда өлтірілген журналистердің 43%-ы Газа аймағында ажал құшқан. «Шекарасыз тілшілер» ұйымының мәліметінше, 2023 жылдың, 7-қазанынан бастап Газада 220 журналист опат болды. Олардың 65-і тікелей міндетін атқару сәтінде оққа ұшты. Израиль билігі тек ХАМАС-ты нысанаға алатынын айтуда және «қаза тапқан тілшілердің көбі журналист кейпіндегі лаңкестер» дейді ЦАХАЛ.


Израиль намеренно убивает журналистов в Газе

 

Тілшілердің қазасына тек қана ұрыс алаңы емес, қылмыс әлемі де себепкер болуда. Мексикада есірткі картельдері журналистерді өлтіру үшін жандайшаптарына тапсырма беруді арттырған. 2025 жылы Мексикада 9 тілші өлтірілген. Жалпы 2025 жылы көз жұмған тілшілердің төрттен бірі Оңтүстік және Латын Америкасында опат болған.

 

Украина соғысы да тілшілердің өмірін жалмауда. Ресми түрде Украинада 3 тішлі қаза тапқан. 2025 жылы ресейлік оннан астам пропагандист те оққа ұшты. Алайда «Шекарасыз тілшілер» ұйымы оларды статистикаға қосқан жоқ. 3-қазан күні ресейлік дрон Донецк облысында француз фотографы Антони Лалликанға қасақана соққы жасап, мерт қылды. 23-қазанда ресейлік «Ланцет» дроны Краматорск маңында тілшілер отырған көлікті шабуылдады. Соққыдан Freedom телеарнасының тілшісі Елена Губанова мен Евгений Кармазин қаза тапты.

 

Судандағы қырғында 4 тілшінің өлтірілгені айтылуда. Бұл елдегі жағдайдың бақылаудан шығып кеткені соншалық, тіпті қақтығыс ошағында қанша тілшінің жүргені де белгісіз.

 

2025 жылы әлемнің 37 елінде 135 журналист жоғалғандар тізімінде тұр. Олардың кейбірі 30 жыл бұрын жоғалып кеткен. Ең көп журналист Сирияда жоғалған. Олардың саны 37 адамды құрайды. Сарапшылар Сириядағы журналистердің жартысын Асад режимі ұрлап әкетті десе, жартысын ДАИШ лаңкестері ұрлап әкеткен деп санайды.


Журналисты всего мира против Израиля

 

Тілшілердің жоғалуы бойынша екінші орында Мексика тұр. Мексикада 28 тілші жоғалғандар қатарында. Африка аймағында да тілшілердің жоғалуы жиі құбылыс саналады. Мысалы 2023 жылдың, 7-қарашасында Малиде Radio Coton Ansongo директоры Салек Аг Джидду мен Мұстафа Конені қарулы адамдар ұрлап әкетті. Қазір олардың қайда екені белгісіз.  

 

Кәсіби қызметін атқарғаны үшін сотталған тілшілердің де саны артуда. 2025 жылдың, 1-желтоқсаны бойынша әлемнің 47 елінде 503 журналист қамауда отыр. Олардың ішінде 113-і Қытай түрмелерінде. Ал екінші орында Ресей (48 журналист), үшінші орында Мьянма (47 журналист). Ресей түрмелерінде Украинаның 26 журналисі азап шегуде.

 

Тілшілерді тұтқынға алу фактісі де артуда. Йемен бұл көрсеткіште көш бастаған. 2025 жылы хуситтер 7 журналистті тұтқынға алған. Сонымен бірге Ауғанстан мен Пәкістанда да лаңкестік топтар бірнеше тілшіні ұрлап әкеткен.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар