Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барды. Қазақстан Президентін Токио қаласының Ханэда халықаралық әуежайында Жапонияның мемлекеттік сыртқы істер министрі Аяно Кунимицу қарсы алды.

(Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан)
ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВ ПЕН ИМПЕРАТОР НАРУХИТО НЕ ТУРАЛЫ СӨЙЛЕСТІ?
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға алғашқы ресми сапары Император Нарухитомен кездесуден басталды. Президент қонақжайлық танытқаны үшін Жапония Императорына ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Күншығыс елінің тәртібі мен табандылығын әуелден үлгі тұтатынын атап өтті. Сондай-ақ екі елді өзара құрмет пен түрлі саладағы табысты ықпалдастыққа негізделген байырғы достық қатынастар біріктіретінін жеткізді.
Император Нарухито Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Жапония мен Қазақстан арасындағы байланыс тарихында елеулі уақиға ретінде қалатынын және екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаратынын айтты.
Мемлекет басшысы мен Император өзара ынтымақтастық мәселелері және халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмасты. Осыдан соң, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне Император Нарухитоның атынан ресми қабылдау өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Император Нарухито емен-жарқын кездесуден кейін жылы қоштасты.
ҰЛТТЫҚ САНА-СЕЗІМНІҢ СИМВОЛЫ
Мемлекет басшысы Жапонияға ресми сапары барысында Токиодағы Мейджи Джингу синто ғибадатханасына барды.
1920 жылы салынған кешен императорлық киелі орын саналады. Оның аумағында 120 мыңға жуық ағаш пен жасыл желегі бар саябақ орналасқан. Ғибадатхана түбегейлі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу арқылы Жапонияны әлемнің дамыған елдерінің біріне айналдырған император Мейджиге арналған. Кешенмен танысқан соң Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды.
«Мейджи Джингу – берекелі бірлік пен ұлттық сана-сезімнің символы. Жапон халқы үшін осы қасиетті ғибадатхананың тарихи мән-маңызы ерекше. Күншығыс елі өсіп-өркендей берсін!» – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгін Қазақстан Президенті Жапония Премьер-Министрі Санаэ Такаитимен, сондай-ақ Жапонияның іскер топтарының өкілдерімен кездеседі. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Орталық Азия-Жапония саммитінің жұмысына қатысады.
ҚАЗАҚСТАН МЕН ЖАПОНИЯ: 3,7 МЛРД ДОЛЛАРДЫҢ КЕЛІСІМІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары барысында қол қою жоспарланған коммерциялық келісімдердің жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асады. Осы мақсатта Президент Тоқаев Токиода жапондық ірі бизнес өкілдерімен жеке кездеспек.
Барлығы 40-тан астам құжатқа қол қою жоспарлануда. Келісімде қамтылған негізгі салаларға энергетика, жаңартылатын энергия көздері, цифрландыру, тау-кен секторы және көлік кіреді.
Қазақстан тарапынан құжаттарға: «Самұрық-Қазына», «KEGOC», «Қазатомөнеркәсіп», «Тау-Кен Самұрық», «Қазпочта», «Қазақстан темір жолы» қол қоймақ.
Жапониядан – «Marubeni», «MUFG Bank», «Mitsubishi Heavy Industries», «Hitachi Energy», «Toshiba», «JOGMEC», «Kansai Electric Power», «RIKEN KOGYO» және т.б. қол қояды.
ЖАПОНИЯ ҺӘМ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ
Жапония Орталық Азияда ойыншы болуға үмітті жаңа кандидат. Жапонияның ОА-мен байланысының тарихы тым тереңде жатса да, Токио қазір ОА үшін жаңа үміткер, жаңа ойыншы.
Жапония 2004 жылдан бері ОА-ның бес мемлекетімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп келеді. Алайда ол кездесулер Сыртқы істер министрлері деңгейінде өткізіліп келген. Орталық Азияның географиялық орналасуы һәм ондағы жер асты, жер үсті қазба байлықтарының мол қоры көптеген елдер үшін өмірлік маңызды фактор болып табылады.
Украина соғысы басталғанға дейін ОА-дағы 5 елге Ресей ықпал етіп келген. Қазір де сол ықпал айтарлықтай әлсірей қойған жоқ. Десе де, өңірге қызығушылық танытушылар көп. Олардың қатарында: АҚШ, Түркия, Қытай, ЕО елдері, соның ішінде Германия мен Франция бар.
Токио қазірдің өзінде Ресейді айналып өтетін Каспий транспорттық дәлізін дамытуды қостап, қолдап отыр. Сондай-ақ, Токио Орталық Азия мемлекеттеріне жекелеген екіжақты келісімдер дайындап отыр. Соның ішінде, ОА-лық еңбек мигранттары үшін арнайы квота бөлі, ОА-дағы ресурстарға инвестиция тарту т.б.
Mezgil.kz