Қазақстан-Жапония: Достығымыздың тарихы тереңде...

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған делегацияның Күншығыселіне сапары жалғасуда.

1766132980220647.jpg

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

Кеше Жапония Премьер-министрінің офисінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылы сап түзеп, қос елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Санаэ Такаичи бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Мемлекет басшысы Жапонияның Премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз жүргізді. Президент Қазақстан делегациясына қонақжайлық көрсеткен Санаэ Такаичиге ризашылығын білдірді.

ӨЗАРА БАЙЛАНЫСТАРЫМЫЗДЫҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ

– Бұл сапар, шын мәнінде, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Біз Жапонияны әрқашан Азиядағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз деп санаймыз. Бүгінгі Жапония – ғасырлар бойы қалыптасқан даналық пен бірегей дәстүрді заманауи инновациямен үйлесімді жарастырған, дамыған мемлекет. Сіздің парасатты әрі мықты басшылығыңызбен еліңіздің халықаралық аренадағы рөлін одан әрі нығайтатын ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр.

Біз Жапонияны алыстағы көршіміз, дегенмен жақын әрі сенімді досымыз деп жиі айтамыз. Өзара байланыстарымыздың тарихы тереңде. Бұған дейін Сіздің еліңізге төрт рет келген едім. Бұл – менің Президент ретіндегі алғашқы сапарым. Қазақ-жапон қарым-қатынасының берік институционалдық негізі қалыптасқан.

Өзіңіз айтқандай, 2004 жылы Жапонияның сол кездегі Сыртқы істер министрі Кавагучи ханыммен бірге «Орталық Азия + Жапония» форматына бастамашы болдық. Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы кездесу Астанада өтті. Бүгінде мұндай кездесулердің кеңінен танылғаны соншалық, ірі мемлекеттердің көбі «Орталық Азия плюс» платформасын құптайды. Бірақ Жапония бұл диалог алаңының алғашқы бастамашысы және негізін қалаушы болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жапония Премьер-министрі Қазақстан Президентінің ресми сапары екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Сізбен жүздескеніме қуаныштымын. Осыдан 21 жыл бұрын Сыртқы істер министрлерінің «Орталық Азия + Жапония» форматындағы алғашқы жиыны өткен еді. Оған Өзіңіз төрағалық еттіңіз. Бүгін, міне, «Орталық Азия + Жапония» форматындағы мемлекет басшыларының кездесуіне Президент лауазымында қатысқалы отырсыз. Қазақстанды заң үстемдігіне негізделген еркін әрі ашық әлемдік тәртіпті нығайту ісінде стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін Сізбен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз, – деді Санаэ Такаичи.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстарды дамыту перспективасы егжей-тегжейлі талқыланды.

Келіссөз қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Санаэ Такаичи Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Екі елдің ресми делегация мүшелері 14 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды.

1766132947688911.jpg

(Суреттер: Ақорда телеграмынан алынды)

ЖАПОН БИЗНЕСІ ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛЕ МЕ?

Осыдан соң Қазақстан президенті Жапонияның іскер топ өкілдерімен жеке-жеке жолықты. атап айтқанда:

1) Жапониядағы ресми сапары аясында Қазақстан Президенті Rakuten Group компаниясының негізін қалаушы, басқарма төрағасы және бас директоры Хироши Микитанимен кездесті.

Rakuten Group – Хироши Микитани 1997 жылы негізін қалаған жапондық технология конгломераты. Компания электронды коммерция, мобильді байланыс, қаржы технологиялары, цифрлық контент, медиақызмет және басқа да онлайн сервистерді қамтитын тұтас цифрлық экожүйені дамытады. Rakuten 30-дан аса елмен және өңірмен халықаралық серіктестік орнатқан.

2) Мемлекет басшысы Токио губернаторы Юрико Коикэмен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юрико Коикэ цифрландыру, Smart city технологияларын және қаланы орнықты дамыту, жасанды интеллект, шаһарды басқару ісіне инновациялық шешімдерді енгізу салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар мегаполистердің тұрғындары мен қонақтары үшін анағұрлым жайлы, экологиялық тұрғыдан таза, қауіпсіз және инклюзивті орта қалыптастыру жайын қарастырды.

3) Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода Жапонияның ірі және ықпалды сауда-инвестициялық корпорацияларының бірі саналатын Sumitomo жетекшісі Шинго Уэномен кездесті.

Шинго Уэно Мемлекет басшысына «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясымен бірлескен жобаны іске асыру жайында мәлімет берді. Аталған жоба ядролық медицина саласында уран өнімдерінен ем-шараға қолдануға арналған радий изотоптар алудың ғылыми-негіздемелік әдістерін әзірлеуді қарастырады. Кездесуде көлік-логистика, энергетика, атом өнеркәсібі, металлургия және геологиялық барлау салаларында бірлескен инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.

4) Мемлекет басшысы Жапония металл және энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының (JOGMEC) төрағасы Ичиро Такахаруды қабылдады. Кездесуде геологиялық барлау, аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу, сондай-ақ табиғи ресурстарды орнықты басқару бағыттарындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

JOGMEC – Жапонияның энергетикалық және минералды шикізат қауіпсіздігіне жауапты негізгі мемлекеттік институты. Ұйым мұнай, газ, сутегі, аммиак және сирек кездесетін металдардың тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ететін мемлекеттік оператор міндетін атқарады.

5) Қазақстан Президенті Mitsui компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Тацуо Ясунагамен кездесті. Президент Қазақстандағы белсенді қызметі және Жапониямен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Mitsui басшылығына ризашылығын білдірді. Қазіргі уақытта кәсіпорын халықаралық жеткізу тізбегін қалыптастыруда, инфрақұрылымды дамытуда, энергетика мен өнеркәсіп салаларын өрістетуде маңызды рөл атқарады.

6) Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огаваны қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысы Komatsu компаниясы еліміздің тау-кен инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан сенімді әрі уақыт тезінен өткен серіктесі саналатынын атап өтті.

Президент компанияның Астана қаласында техникаларды күрделі жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салу туралы шешімін құптады.

7) Қасым-Жомарт Тоқаев Hitachi Construction Machinery компаниясының президенті Масафуми Сэнзакиді қабылдады. Кездесу барысында қазақстандық тау-кен кәсіпорындарының жапондық компаниямен ынтымақтастығын кеңейту перспективасы қаралды.

Мемлекет басшысы Hitachi Construction Machinery компаниясының өңірдегі басты серіктесі саналатын Қазақстан өзара тиімді байланыстарды тереңдетуге дайын екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, алдағы уақытта кен орындарының қажеттілігі үшін өндіріс локализациясы мен құрал-жабдықтарды жөндеу ісіне басымдық беру маңызды.

ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІН ЖАПОНДАР БІРІНШІ ҚҰТТЫҚТАДЫ МА?

Жапония Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет болуымен құттықтаған алғашқы саптағы елдердің бірі. Бұл 1991 жылдың 28 желтоқсанында болған. Ал 1992 жылы Қазақстан мен Жапония арасында дипломатиялық байланыстар орнатылған екен. Содан бері қос елдің мемлекеттік деңгейдегі байланыстары тұрақты түрде жалғасып келеді.

Қазір қос елдің қарым-қатынасы «кең ауқымды стратегиялық әріптестік» деп сипатталады. Арада айтыс-тартыс, дау-жанжал жоқ. Қос тараптың бір-біріне құрметі жоғары. Әрқайсысы өздерінің ұлттық, мемлекеттік мүдделері тұрғысынан әрекет етеді. Ол үшін бір-біріне өкпелеп жатқан жоқ.

Солтүстіктегі сойы бөлек көршілеріміз секілді, «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деген әрепбақандық та жоқ. Таза классикалық конструктивті диалог. Осы жолы көп шаруаның шеті қылтияды ғой, белгілі. Оншақты келісімдерге қол қойылады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар