Соңғы бірнеше жылда Түркия мен АҚШ арасында саяси салқындық артты. Мәселе Анкараның АҚШ-тың ескертуін ескерместен ресейлік С-400 әуе қорғаныс кешенін сатып алудан басталды. АҚШ тарапы бұл шешімді НАТО үшін қауіпті деп атап, Түркияға заманауи қару сату бойынша бірқатар тыйымдар енгізді. Атап айтқанда, Түркия қол жеткізуге мақсат еткен F-35 ұшақтарын сатпайтын болды және Ердоған билігіне санкция салды.

(Сурет militarywatchmagazine.com сайтынан алынды)
Енді Түркия президенті Режеп Ердоған бұл мәселеден шығу жолын іздеуде. Түркия Ресейге С-400 әуе қорғаныс кешенін қайтарып беру мәселесін қарастыруда. Әуе қорғаныс кешенін қайтарып, қаржыны кері қайтаруды ойластыруда. Мәскеу тарапы Түркияның бұл шешімін ресми алмағанын айтуда.
2016 жылы Түркияда бір топ әскерилер тарапынан мемлекеттік төңкеріске талпыныс болды. Көтерілісшілер F-16 ұшағымен бірқатар нысанға соққы жасады, соның ішінде парламент ғимараты да бар. Анкара осы жағдайдан кейін әуе қорғаныс жүйесін күшейтуге тырысты. АҚШ-тан Patriot кешенін сатып алуды ойластырды. Алайда келіссөздер ұзаққа созылып, тығырыққа тірелді. 2017 жылы түрік билігі Ресеймен С-400 кешенін алу бойынша келісім жасасты. 2019 жылы Түркия кешенді алып, Анкара маңына орналастырып, бірнеше мәрте сынақтан өткізді.
2019 жылы АҚШ Түркияға F-35 ұшақтарын сату идеясынан бас тартты. Ұшақты әйгілі Lockheed Martin Corp. компаниясы шығарады. Уашиңтон тарапы Ресей С-400 кешені арқылы ұшаққа қатысты ақпаратты жинап, барлау жүргізуі мүмкін деп санады.
Түркия АҚШ-тан 100 дана F-35 ұшағын сатып алмақ болды. Түркияға арналған алғашқы 6 дана ұшақ жинақталып, қолданысқа дайын тұрды. Алайда ұшақтарды жеткізуге тыйым салынды. Сөйтіп ұшақтар сақтау қоймасына жіберілді.
2020 жылы Трамп әкімшілігі CAATSA (Countering America’s Adversaries Through Sanctions Act) заңын іске қосып, түркиялық қорғаныс кешендерінің бірқатарына санкция салды.
Түркия F-35 ұшақтарын алу мүмкіндігінен айырылған соң, F-16 ұшақтарын сатып алуды ойластырды. Түркия осылайша ескірген F-4 ұшақтарын қолданыстан алып тастап, жаңа ұшақтармен жабдықталмақ. Анкара өзі де ұшақ жасау бойынша алға жылжуда. 2024 жылы Байден әкімшілігі Түркияға F-16 ұшақтарын сатуға келісті. Қарымтасына Түркия Швецияны НАТО-ға қосуға өз келісімін берді.
Түркия F-35 ұшақтарын сатып алу бойынша талпынысты тоқтатар емес. Алайда АҚШ-тың талабы қатты: Анкара С-400 кешенінен толық бас тартқан сәтте ғана ұшақтарды сату келісімін қайта қараймыз деп табандап отыр.
Түркия Ресейдің С-400 кешенінен бас тартса, АҚШ-пен жан-жақты әріптестікті арттыру мүмкіндігіне ие болмақ. Соның ішінде қорғаныс, энергетика, қауіпсіздік салалары да бар. Анкара АҚШ-тың қорғаныс компанияларымен қайта әріптестік орнатып, АҚШ-тың қаруын сатып ала бастайды. АҚШ тыйым салған жоғары әскери технологияға да қол жеткізу мүмкіндігі ашылады.
АҚШ Түркияның 10 компаниясына салынған санкцияны алып тастар еді. Бұл компаниялар F-35 ұшағын жасау бағдарламасына мүше болып, бөлшектер жасауы тиіс болатын. Соның ішінде Turkish Aerospace Industries компаниясы да бар.
Түркияның қорғаныс компаниялары ұшақтарға қажетті қозғалтқыштарды құрастыру мүмкіндігіне ие болар еді. Ол үшін GE Aerospace F110 мен F404 қозғалтқыштарын сатып алу және құрастыру рұқсатын алу қажет. Ол рұқсатты АҚШ береді.
F110 қозғалтқыштары F-16 ұшақтарында қолданылады. Сонымен бірге Түркия өзінің Kaan ұшағына да осы қозғалтқышты салуда. Ал F404 қозғалтқышы F/A-18 ұшағына салынады. Түркия өзінің Hurjet әскери жаттығу ұшақтарына да осы қозғалтқышты орналастырып жүр.
Сарапшылар Түркия С-400 кешенінен бас тартса, ұтары көп дейді. Алайда уақыттың аз екенін айтуда. Себебі Трамп әкімшілігі тұсында бұл мәселені шешпесе, Трамптан кейінгі әкімшілікпен келіссөз жүргізу қиын болуы мүмкін.
Mezgil.kz