Associated Press басылымы Батыстық барлау қызметінің Ресейге қатысты күмәнді болжамын жазды. Батыс барлаушылары Ресейдің Starlink спутниктерін жою үшін жаңа қару жасап жатқанын айтуда. Бұл Маскке және жалпы АҚШ барлауына қарсы әрекет ретінде бағаланбақ.

НАТО-ның екі бірдей барлау қызметі Ресейдің спутникке қарсы қару жасап жатқанын айтуда. Бұл қару Starlink-ке қарсы бағытталуы ықтимал. Мәскеу Батыстың ғарыш саласында, ғарыштық барлауда тым алға ұзап кеткенін жақсы түсінеді. Ғарыштық барлау қызметтері Украинаға майдан даласында ерекше операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
AP агенттігінің мәліметінше, Ресей ғарышта мыңдаған ұсақ жарқыншақ шығаратын қару қолдануы мүмкін. Бұл ғарыштағы бірнеше Starlink спутнигін істен шығара алады, бірақ сонымен бірге өзге спутниктер мен ғарыштық нысандарға да зақым келтіруі мүмкін.
Сарапшылар бұндай қаруды қолданудың тым күрделі екенін айтуда. Себебі бұл тек қана Батыс спутниктеріне емес, сонымен бірге Ресейдің өз спутниктеріне де зақым келтіруі ықтимал. Сондай-ақ, Қытайдың да спутниктері істен шығуы ғажап емес. Одан бөлек, орбитада айналып жүрген өзге нысандар, байланыс жүйелері мен ауа райын бақылау қондырғылары да істен шығуы мүмкін. «Сол үшін де бұндай қаруды жасау және қолдану аса үлкен тәуекелге және бақыланбайтын хаосқа әкелуі ықтимал» дейді мамандар. Мәскеу аталған мәселелерді ескере отырып, спутниктерге қарсы қару түрлерін жасауды және оны ғарыш кеңістігінде сынауды тоқтатуы мүмкін.
Secure World Foundation қорының Ғарыштағы қауіпсіздік мәселесі бойынша сарапшысы Виктория Сэмсон былай дейді: «Мен мұндайға сенбеймін. Шын айтамын, сенбеймін! Олар осындай бір қаруды жасап шықса мен таңданар едім», - депті.
Алайда Канаданың ғарыштық күштерінің қолбасшысы, генерал Кристофер Хорнердің пікірі Виктория Сэмсонмен сәйкес келмеуде. Ол АҚШ пен Қытай ғарышты игеруде бәсекелесіп жатқан сәтте, Мәскеу де әрекеттерді жасайтынын айтуда. Оның ойынша Ресей ғарышта қолданатын жойқын қару түрлерін жасауы бек мүмкін. Ал Мәскеуде ондай қаруды спутник арқылы ғарышқа жеткізу мүмкіндігі бар.
AP басылымына ақпарат берген барлау қызметтері өздерін құпия қалдыруды өтінген. Барлау қызметтері берген ақпарат бойынша, Мәскеу Starlink жүйесін үлкен кедергі санайды. Кремльдің баяндамасында Starlink спутниктері Украинаның майдан даласында өзінен күші бірнеше есе басым қарсыласқа төтеп беруіне ықпал жасағаны жазылған. Майдан даласында украин сарбаздары Starlink интернеті арқылы байланыс орнатып, дрон ұшырып, зымыран атып, қарсы шабуылдар ұйымдастыруда.
Ресейдің әскери сарапшылары Украинаға ұрыс даласында жәрдем беретін спутниктерді атуды ұсынумен келеді. Ресей С-500 кешені жерге жақын ұшатын ғарыштық нысандарды ата алатынын айтуда. Ресей 2021 жылы қырғи-қабақ соғыс дәуірінен қалған, істен шыққан «Целина-Д» спутнигін атып, сынақ өткізді. Мәскеу өз әрекеті арқылы Жерге жақын ұшып жүрген спутниктерді жоюға қабілетті екенін көрсетті. Алайда қазіргі таңда Ресей бір мезетте бірнеше спутникті жоя алатын қару жасауды ойластыруы мүмкін.
AP басылымы Ресейдің бұл қаруды жасауда қай кезеңде екенін жазбады. Қарудың сынақтан өткен/өтпегені белгісіз. Сарапшы Сэмсонның пікірінше кей ғалымдар мұндай қару түрлерін жасауы ықтимал. Сол арқылы қаржы табуды, жобаға бюджет бөлдіруді ойлайды. Дегенмен кейде бұл тек бір ғана адамның тәжірибесі болуы мүмкін.
Барлау қызметінің мәліметінше, спутниктерді жоятын жарқыншақтар өте кішкентай болмақ. Диаметрі бірнеше миллиметр болатын кіші шарлардан тұрады. Оны Жерден немесе ғарыштық нысандардан бақылау мүмкін емес. Ондай сәтте кінәні Мәскеуге арту да қиынға соқпақ.
Мұндай шарлар ең алдымен спутниктердің күн батареяларына зақым келтірмек. Өйткені ол спутниктің ең осал тұсы саналады. Соның өзі спутникті істен шығаруға жеткілікті. Сарапшылардың пікірінше мұндай шарлар уақыт өте келе қайта Жерге түседі. Солайша жолда өзге ғарыштық нысандарды да істен шығаруы мүмкін.
Мамандар Ресейдің мұндай қаруды жасау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Алайда қолдануы екіталай деп санайды. Өйткені бұл қару жанама түрде Мәскеудің де, Бейжіңнің де спутниктерін істен шығаруы мүмкін. Сондықтан да, Мәскеу қаруды жасаған күннің өзінде оны қолданбай, тек «қорқытушы фактор» етпек.
Mezgil.kz