Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Доналд Трамппен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

(Суреттер: Ақорда сайты және mezgil.kz)
Мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібі мен халықаралық ахуал, соның ішінде Украина проблематикасы жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қараша айында Вашингтонға жасаған сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды толық іске асыруға ниетті екенін айтты.
«Қазақстан Президенті Украина қақтығысын реттеудің күрделі сипатына назар аударды. Өйткені бұл шиеленісте территориялық келіспеушілік басты мәселеге айналып отыр. Сондықтан қазіргі нақты жағдайды ескере отырып, екі жақтың мәмілеге келуі маңызды. Еліміз барлық тарапты төзімділік, икемділік және кәсібилік танытып, бейбітшілік формуласын іздеуді жалғастыруға шақырады. Бұл ретте Қазақстан араағайын емес, бірақ қажет болған жағдайда келіссөз алаңын ұсынуға дайын», - делінген ресми ақпаратта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың көшбасшылық қасиеті арқасында бірқатар халықаралық әскери қақтығыс тоқтап, АҚШ-тың ішкі әлеуетін күшейтуде оң нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Америка Президентін өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Бұл екіжақты қарым-қатынастағы тарихи уақиға болатынына сенім білдірді.
ТРАМП ТОКАЕВҚА ҚАНДАЙ КІЛТ СЫЙЛАДЫ?
Бүгін: «АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеке қолтаңбасы бар бейсболка, сондай-ақ, Ақ үйдің символдық кілтін сыйлыққа жіберді», - деп хабарлады Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің телеграм-арнасында.
Қазан айында тағайындалған Қазақстанның Құрама Штаттардағы елшісі Мағжан Ілиясов сенім грамоталарын тапсыру рәсіміне қатысу үшін Ақ үйде болған. Іс-шара барысында Трамп Тоқаевқа «бірнеше сыйлықтар, соның ішінде Ақ үйдің символдық кілті мен оның қолтаңбасы бар бейсболка» тапсырған.
Ильясовпен әңгімелескен Америка президенті қарашадағы Тоқаевпен кездесуін де еске алып, оны «тәжірибелі мемлекет қайраткері» ретінде сипаттап, «оның халықаралық үдерістерді терең түсінетінін» атап өтті.
6 қарашада Уашингтонда осы тұғырнаманың құрылғанына он жыл толуына орайластырылған «С5+1» саммиті өтті. Трамппен кездесуге Тоқаевты қоса алғанда, Орталық Азияның бес мемлекетінің президенттері қатысты. Ал Құрама Штаттар Қазақстан экономикасының ірі инвесторына айналғанын - салымдар көлемі $100 млрд. асып түскенін атап өтті.
Mezgil.kz