Путин мен Джордж Буштың жабық кездесулерінің, бейресми телефон арқылы сөйлесулерінің стенограммасы жарияланды. Бұл 2001-2008 жылдар аралығын қамтиды. Стенограмманы «Ақпарат еркіндігі заңының» аясында Ұлттық қауіпсіздік архиві (National Security Archive) жариялаған.

Құжаттарда Буш пен Путиннің о баста жақсы қатынаста болғаны айқын көрінеді. Оларды терроризмге қарсы күрес идеясы біріктірді. Джордж Буш Әль-Каида лаңкестеріне қарсы операциялар өткізсе, Путин Кавказда қарулы қақтығысқа түсті. Алайда Буштың президенттік мерзімі аяқталар тұста Путин АҚШ-ты қатаң сынға ала бастаған. Путин АҚШ-тың Иракқа басып кіруін айыптауды арттырған, «НАТО түрлі форматта кеңеюде» деп сын айтқан. 2007 жылы Мюнхенде сөз сөйлеп, тұтас Батыс әлемін қатаң сынаған еді. Буш өзінің билігі аяқталар тұста Путиннің риторикасы өзгергенін айтқан.
Буш пен Путин түрлі тақырып бойынша ашық пікір алмасқан. Оның ішінде Ресейдің ықпал ету аймақтары, Иранның ядролық бағдарламасы, Солтүстік Корея мен Қытайдың әскери күші, НАТО-ның кеңеюі мен әуе қорғаныс жүйелері, НАТО-ның Ресейге қауіп төндіруі мен Ресейдің ықтимал қарсы жауабы және басқа тақырыптар бар.
Путин Бушпен әңгімелесудің бірінде былай дейді: «Кеңестік билік әлемді өзгертті. Өз еркімен өзгертті. Ресей ерікті түрде мыңдаған шақырым территориядан бас тартты. Ғасырлар бойы Ресейдің бөлшегі болған Украинаны жібере салды. Кавказды жіберді. Қазақстан кетті. Осының бәрін партия басшылары жасады», - дейді ол.
Путин мен Буш Иранның ядролық бағдарламасы жайлы да сөйлескен. Путин Иранның ядролық қару жасау ниетінің бар екенін сөз арасында растаған. Бұл туралы Путин Бушпен және Кондолиза Райспен келіссөз барысында айтқан. Путин Иранға ядролық технология жеткізуді шектейтінін мәлімдеген. «Олардың ядролық қару иемденгісі келетіні еш күмән тудырмайды» дейді Путин. Путин «Иран билігінің әрекеті есерсоқтардың әрекетіне ұқсас» деген.
Путин Украинамен соғыс болатынын да сол сәтте нақты айтқан. Ол былай дейді: «Украина сынды мемлекеттің НАТО-ға мүше болуы, сіз бен біздің арамызда ұзаққа созылатын қақтығысты туындатады. Украинада 17 млн ресейлік тұрады. Бұл ел халқының үштен бір бөлігі деген сөз. Украина өте қиын мемлекет. Бұл өз еркімен пайда болған ел емес. Бұл - жасанды мемлекет, кеңестік билік құрған мемлекет. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Украина Венгрия, Румыния және Польшаның жерінің бір бөлігін алды. Қазір бұл аймақтар батыс Украина территориялары болып тұр. 1920-30 жылдары Украина Ресейден өзінің қазіргі шығыс аймақтарын алды. 1956 жылы Украинаға Қырымды берді. Бұл айтарлықтай үлкен елге айналды. Халқы 45 млнға жуық, алайда көзқарастары әртүрлі. Егер сіз батыс Украинаға барсаңыз, онда тек мажар тілінде сөйлейтін ауылдарды көруіңіз мүмкін. НАТО-ны Украинадағы халықтың көп бөлігі жау ұйым санайды. Украинаның НАТО-ға кіруі біз үшін үлкен қауіппен сипатталады. Ондай сәтте біз ол жақта үлкен мәселелер туындатумен боламыз. Украинаның НАТО-ға кіруінде қандай мән бар? НАТО мен АҚШ-қа одан не пайда? Осыны түсінгім келеді. Украинаның батысындағы халық батысшыл, ал шығысындағы халық ресейшіл. Дағдарыс сәтінде ел бөлшектеніп кетуі мүмкін», - дейді ол.
Путин өзінің шекарасы маңында НАТО-ның базасы көбейіп жатқанын, олардың соққы жасаушы қарулары, зымырандары орналастырылып жатқанын айтқан. Ол Бушқа «бұл Ресей үшін қатты алаңдайтын мәселе» деген. Путин Бушқа бірде Ресейдің НАТО-ға қосылғысы келгенін, алайда НАТО қабылдамағанын айтып, шағымданған.
Буш телефон арқылы сөйлесудің бірінде Қытайдың болашақта үлкен мәселеге айналатынын айтқан. Путин «Ең алдымен сіздер үшін» шығар деген сәтте, Буш «олар бізбен тікелей шекаралас емес» деп мысқылмен жауап қатқан.
Ұлттық қауіпсіздік архиві алдағы уақытта тағы да басқа құжаттарды жарияламақ.
Mezgil.kz