Ресейде дін ауысты: Украина мен Ресей ешқашан бірге болмайды!

Әуелі Путиннің сөзінен бастайық: Әлгінде Ресейбасы тікелей эфир өткізіп, ырғын-қырғын сұрақтарға жауап берді.

1766747925635322.jpg

(Сурет: religion.in.ua)

ПУТИННІҢ ҚҰДАЙДЫ ЕСКЕ АЛУЫ

Әңгіменің аяғына қарай: «Мен Құдайға сенем. Ол бізді, ресейліктерді қиын-қыстау жағдайға қалдырған жоқ. Қалдырмайды да. Біз бұл соғыстағы алға қойған мақсаттарымызға жетпей тынбаймыз», - деді.

Мұны естіген әлем жұрты: «Оның Құдайға сенетініне Құдай да сенбейтін шығар», - деді.

Ол осыған дейін (биыл) әскерилерді марапаттап жатып, бұл соғысты бастауының себебі ретінде: «Осылай болғаны Құдайға керек болған шығар», - деп сөйлеген.

Ал 2024 жылы Путин: «2025 жылы соғыс аяқталады дегенге сенесіз бе?» деген сұраққа: «Мен Құдайға сенем. Құдай бізді қолдайды», - деп жауап берген.

Дәл сол жылы Кремль қожайыны: «Ресейді мен емес, Құдай басқарып келе жатыр. Ал халықтың арқасында өмір сүруде», - деп сөйлегені де болған әңгіме.

Биыл желтоқсан айында Путин: «Егер Құдай бар болса, ал оның бар екеніне шүбәм жоқ, онда Құдай жердегі адамдардың шіркеу-шіркеуге бөлініп кеткенін білмейтін де шығар. Бізді, бәрімізді ортақ құндылықтар біріктіреді», - деп көлгірсіген.

ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ АШЫНУЫ

Кеше таңғы жуық Ресей Украинаның Чернигов қаласындағы тұрғын үй кешенін талқандап тұрып соққылады. Әскери нысан емес, қарапайым халық тұрып жатқан үйді соққылады. Анығы бейбіт халыққа қарсы мұндай соққылар күн сайын жасалып жатыр ғой. Кеше Украина президенті Зеленский күйінгенде былай деді:

«Путин – Құдайсыз жауыз. Рождествоға қарамай, қарапайым халықты атқылап жатыр. Біз Рождествоға орай атысты тоқтата тұруды ұсындық. Олар қабылдамады. Олар Құдайға да сенбейтін «варварлар», - деді.

БҰҰ-НЫҢ ЕСЕБІ

БҰҰ қарашада есеп жариялады. Ресейдің бейбіт халық тұрып жатқан секторларға жасаған шабуылдарынан бір жылда (2025 жылдың қаңтар-қазан аралығында) 600-ге жуық адам қаза тауып, 3,6 мың адам жараланған. Бұл БҰҰ-ның Мониторингтік миссиясының аралық есебі.

Осылайша, Ресейдің алыс қашықтықтан атқылауларының кесірінен қаза тауып жатқан бейбіт халықтың көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда 26 пайызға артқан. Ал жараланғандардың саны 75 пайызға көбейген.

БҰҰ Мониторингтік миссиясы: «Ресей соңғы айларда шабуылдар қарқынын үдетіп, бір соққанда 500-600 дроннан атқылай бастады. Соның нәтижесінде, Ресей шабуылдарының кейбірі майдан шебінен асып, қарапайым халыққа бағытталып жатыр», - дейді.

МУРАДОВТЫҢ СӨЗІ

Нобель сыйлығын алған ресейлік журналист Дмитрий Мурадовтың қайсыбір жылы айтқан мына сөздері тақырыпқа тұздық болса керек:

«Соғыс» сөзі – Ресейде тыйым салынған. Ал «тозақ» сөзіне әлі ешкім тыйым салмағандықтан, мен осы сөзді қолданғым келеді. «Арнайы әскери операция» әлі жалғасып жатқанына қарамастан, оның көптеген нәтижелері қазірдің өзінде белгілі. Солардың бірсыпырасын мен айтайын:

Бірінші: Украина мен Ресей енді ешқашан бірге болмайды. Бұл екі халық енді ешқашан «бауырлас халықтар» бола алмайды. Оның үстіне бір бауыр өзін ылғи да үлкен санап тұрған кезде бұлай болуы мүмкін емес.

Екінші: Біздің Ресейде айтарлықтай географиялық жаңалық ашылды. Білмесеңіздер, білдірейін – Ресей енді Еуропа емес. Еуропаға қараған есігіміз тарс жабылып, шарбақ орнатылды.

Үшінші: Ресейде дін ауысты. Ресейдің православтық шіркеуі «арнайы әскери операцияны» қолдады. Енді ол өлім пропогандасын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Інжілде жазылған «өлтірме» деген өсиетті бұлар жуырда терістеп, «қате өсиет» деп жариялауы да ғажап емес. Отан үшін өмір сүру емес, Отан үшін өлу – міне, Ресейдегі жаңа дін осы!

Бір ғана цитата келтірейін. Түсініп көріңіздерші. Соғыста өлген жалғыз ұлының өлі денесін құшақтап, жылап, жоқтап жатқан анаға дін адамы, протаиереи Василов бүйдейді: «Егер сіздер мүшеқапты қолданбағанда, көбірек туар едіңіздер. Сонда сізде бір ғана ұл болмаушы еді. Бүгінгідей, жалғыз ұлдан айырылып, қан  жұтып отырмас едіңіз. Басқа балаларыңыз бар, қайғыңыз мұнша терең болмас еді», - дейді. Осы сөздерді федералодық арналар таратты.

Ал тағы бір дін адамы Иоан әкейді шіркеуде «жеңіс» сөзін «бейбітшілік» деп қолданып, құлшылық қылғаны үшін шіркеуден қуып жіберді. Меніңше, Иоан әкей шіркеуден алыстап, Құдайға жақындай түскендей!»

Азат ой, еркін пікірі үшін, Кремльдің қандықол режимімен тайталасып жүріп әділ сөзді айтқаны үшін Нобель сыйлығын алған Дмитрий Мурадов бұл сөздерді 2023 жылы айтқан. Содан бері өзгеріп кеткен ештеңе жоқ. Қайта, Ресейдің «жаңа діні» семіре түсті. Бұл анық!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар