Белсенді ішкі және сыртқы саясат – елдің тұрақты даму жолы!

Үш ғасырға жуық жан берісіп, жан алысқан алапат күрестен кейін азаттығымызды алып, тәуелсіз Қазақстанды жасадық. Алаш арысы Халел Досмұхамедов: «Ұлт мемлекетін жасап, қазақ арасынан әлеуметшілікті туғызамыз деген дәуірде тұрмыз. Әлеуметшіліксіз қазақта ұлт тіршілігі, ұлт мемлекеті болуы мүмкін емес»,-деп жазады.

1767596299106014.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Ол кез бен бұл кездің айырмасы не?  «Қазақтың қажетіне жараймыз» деген тілекті алдыға тартқан топтың, сұрапыл заманның сұмдығын өткеріп, қар кешіп, мұз жастанса да азаттық үшін арда басын бәйгеге тіккен азаматтардың арманы – ұлттық иммунитет қалыптастыру, мықты мемлетті құру еді. Міне, бұл бүгінгі күннің де басты міндеті!

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне көлемді сұхбат беріп, елдің ішкі һәм сыртқы саясатына қатысты маңызды мәселелерге тоқталды. Солардың бірсыпырасы:

Бірінші – 2025 жылдың басты нәтижелеріне тоқталды. Елдің жалпы ішкі өнімі 300 млрд доллардың межесіне жеткенін атап айтты. Экономика 6 пайыздан астам өсім көрсетті.

Цитата: «Жалпы, ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ, мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлде болмайтынын үнемі айтамын. Шығыс халықтары «Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар», - дейді. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес», - дейді Президент.

Өткен жылда еліміздің реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын, заң мен тәртіп концепциясының жұмыс істей бастағанын, еңбек адамын қоғамда насихаттап, еңбекқорлық қағидаттарға негізделген қоғам құру идеологиясы іске асырыла бастағанын айтқан жөн.

Екінші – Салық кодексі. Биылдан бастап Үкімет қосымша құн салығын 16 пайыз межесінде белгілеген еді.

Цитата: «Жаңа Салық кодексінде бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға баса мән беріледі, яғни, осы үдеріске қатысушылардың бәрі – мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз міндетін адал орындауға тиіс. Түптеп келгенде, салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан «белсенді ортаны» одан әрі дамыту тәсілі», - дейді Президент.  

Үшінші – экономикалық реформалар. Президент өз мақаласында экономикалық реформалар тауарлардың бағасы мен қызметтердің тарифі туралы да егжей-тегжейлі айтқан. Энергетикалық және коммуналдық секторда реформалар жасала бастағанын айтқан.

Қарапайым тілмен айтсақ: Президент ірі, орта және ұсақ кәсіп иелеріне Қазақстан үшін жұмыс істеу керектігін ашып айтты. Тәуелсіздіктің басында капитал жинаған іскер азаматтардың да Қазақстанға борыштар екенін айтты. Бұл президенттің бизнес-эстеблишментке айтылған алғашқы сөзі емес.

Төртінші – логистика мәселесі. Бұл Қазақстанды жаһандық ойыншы етіп тұрған, Орталық Азияның драйвері һәм «Орта Держава» статусын айқындап беріп тұрған артықшылығы.

Президент: «Теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Қазақстан Еуразия құрлығының кіндік тұсында, яғни негізгі транзиттік күре жолдар тоғысқан жерде орналасқан. Бұл – үлкен артықшылық, біз оны ел игілігіне жарата білуге тиіспіз. Мақсат-мүддемізге сәйкес Қазақстанды Еуразияның көлік айлағы (хабы) ретінде қалыптастыру – бұл салада атқарылатын жұмыстың басты бағыты», - деді.

Әлбетте, дәл қазіргідей жаһандық саясат турболентті кезеңде тұрғанда, Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін дипломатия қаруына айналдыруға бар күшін салуы керек-ақ! Бұл – ақша! Бұл – саясат! Бұл – мүмкіндік! Бұл – интеграция! Бұл – қауіпсіздік!  Сондықтан бұл бағытта белсенді жобаларды жүзеге асыру, көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызды міндет!

Бесінші – цифрландыру және Жасанды зерде. Президент: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін», - деді.

Жалпы сарапшылар: «2026 жылы әлемдік экономиканың қарқынды өсуіне ЖИ үлкен ықпал ететін болады. Инвестиция да осы саладағы жобаларға көбірек салынады, яғни ЖИ бастамаларға қаржы құю артады», - деп болжайды.

Қазір ЖИ бағытындағы негізші алыптар – АҚШ пен Қытай. Дейтұра, өзгелер де бұл доданың көшіне ілесіп бағуда. Жалпы 2030 жылға қарай ЖИ әлемдік ішкі жалпы өнімнің шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді, ал 2027 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының көлемі 400 миллиард доллардан асады деген болжам бар.

Әлбетте, мұндай процесстен Қазақстан да шет қалмақ емес. Президент 2026 жылды «ЖИ және цифрландыру жылы» деп жарияуы да осы, міне.

Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттыру үшін цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. ІТ-стартаптарды қолдау жылдан-жылға қарқын алуда. 2000 компанияның басын қосқан «Astana Hub» инновациялық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты 1 млрд долларға жуықтаған. Цифрлық активтерге арналған «CryptoCity» пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын «Alatau city» қаласының құрылысы басталды. Былтыр мамыр айында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастады. Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, жаңа заң жақында күшіне енеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды. Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылмақ.

Біз қаласақ та, қаламасақ та жасанды интеллект өміріміздің барлық салаларына тереңдей енетін болады. Бұл ғалам дамуына тән заңдылық. Дегенмен әр ел осы даму үрдісін өзінің ұлттық мүддесіне қарай ыңғайлап жатыр. Өйткені ЖИ деген бір қарағанда жансыз, рухсыз, цифрландырумен ғана байланысты  дүние сияқты  көрінгенімен оның ұлттың ұлт ретінде дамуына да әсері орасан болғалы тұр.

Түйін: Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында елдің туризм саласындағы, ауыл шаруашылығы саласындағы,  ядролық энергетика саласындағы әлеуеттеріне жеке-жеке тоқталған.

Сонымен қатар, қасіретті «Қаңтар оқиғасы», олигополиямен күрес, Назарбаевтың Ресейге сапары, билік транзиті секілді қоғамды алаңдатқан сауалдарға да егжей-тегжейлі жауап берген.

Сондықтан да, Президенттің бұл сұхбатын өткен жылдарда атқарылған жұмыстардың есебі, келер жылдарды атқарылатын жұмыстардың стратегиялық бағдары деп бағалаған абзал. Президент Тоқаев бұл сұхбатында өткен жылдарды қорытындылап, жаңа кезеңнің даму басымдықтарын анықтайды. Қазақстанның стратегиялық мүддесі – аймақты тұрақтандыру, экономикалық байланыс пен қауіпсіздікті нығайту. Қазақстан түрлі платформалар арқылы аймақтық ынтымақтастық идеяларын белсенді түрде алға жылжытуда.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар