Мадуроны тұтқындау: Атышулы Delta Force жасағы туралы не белгілі?

3-қаңтар күні Венесуэла президенті Николас Мадуро АҚШ-тың арнайы жасағының қолына түсті. Операцияны атышулы Delta Force жасағы іске асырды. Күрделі операцияны жүзеге асыруда ұшақтар, тікұшақтар мен дрондар қатысқан. Алайда Венесуэла президентінің резиденциясына кіру және оны ұстауды арнайы жасақ сарбаздары жүзеге асырды. АҚШ-тың атышулы Delta Force жасағы тағы қандай операцияларды жүзеге асырған?


WhatsApp Image 2026-01-05 at 14.59.39.jpeg(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

 

Delta Force жасағы 1977 жылы құрылды. Бұл жасақ лаңкестерді жою және тұтқындарды босату мақсатында жасақталды. Жасақты құруға полковник Чарльз Беквит мұрындық болған еді. Ол бұған дейін ағылшындардың SAS жасағында болып, арнайы жасақтар туралы үлкен тәжірибе жинақтады. Delta жасағы негізінен антитеррор операциялар өткізу, іздеуде жүрген қылмыскерлерді ұстау, тұтқындарды босату, АҚШ-тың аумағынан тыс жерде өзге де миссияларды орындаумен айналысады. Жасақтың құрамында нақты қанша сарбаз бары белгісіз. Құпия. Алайда сарапшылар 1000-1500 адам бар екенін айтумен келеді. Оған сарапшылар, ұшқыштар, барлау бөлімі, операцияны орындау бөлімшелері және басқалар кіреді.

 

1979 жылы Иранда төңкеріс болып, Иранның жаңа теократиялық билігі АҚШ-тың 52 адамын тұтқынға алды. Олардың басым көпшілігі дипломаттар болатын. АҚШ Иран аумағына құпия түрде кіріп, тұтқындарды босатуды ойлады. Ол үшін теңіз күштері, әуе күштері және Delta Force жасағы қатысуы тиіс еді. Операция Eagle Claw (Бүркіттің тырнағы) деп аталды. Ол бойынша АҚШ тікұшақпен Иран аумағына арнайы жасақ сарбаздарын түсіруі тиіс болатын. Алайда операция сәтсіз аяқталды. О баста Иран аумағына 8 тікұшақ кіруі тиіс болатын, бірақ техникалық себепке байланысты 5 тікұшақ қана әуеге көтерілді. Артынша құмды дауыл соғып, тікұшақтар бағытынан жаңылысты, біреуі дауылдан жерге құлады. Тікұшақтарды жанармаймен толтыру барысында жарылыс болды. Жарылыстан 8 адам көз жұмды. Операция осылайша сәтсіз аяқталды. АҚШ бұл операциядан сабақ алып, USSOCOM (Арнайы операцияны басқару) жүйесін құрды.

 

1989 жылы Delta Force жасақтары Панамаға АҚШ әскері басып кірген сәтте қатысты. АҚШ Панаманың басшысы, диктатор Мануэль Норьеганы ұстамақ болды. Операция сәтті өтуі үшін Delta Force жасағының сарбаздары әуежайлар мен маңызды жолдарды толық бақылауға алды. Осылайша Норьеганың қашуына мүмкіндік бермеді. Мануэль Норьега Ватикан елшілігіне тығылды, 1990 жылдың, 3-қаңтарында елшіліктен шығып, өз еркімен АҚШ әскеріне берілді. Кейін 40 жылға сотталды.

 

2001 жылдан бастап Delta Force жасақтары Ауғанстанда операциялар өткізді. Соның ішінде Әл-Каиданың көсемдерін жою, Талибанның 50-ден астам қолбасшысын қолға түсіру немесе көзін жою операцияларын жүзеге асырды.

 

2003 жылы АҚШ әскері Иракқа басып кірді. Delta Force жасақтары түрлі миссияны атқарды. Соның ішінде Әл-Каида көсемдерінің бірі болған Аз-Заркавиді жою операциясы да бар. Аз-Заркави Ирак және Иорданияда бірнеше жарылыс ұйымдастырды. 2005 жылы, 9-қарашада Иордания астанасы Амман қаласында үш мейрамхананы жарып жіберді. Салдарынан 67 адам қаза тапты. Иракта да дүркін-дүркін жарылыстар ұйымдастырып отырды. Ол ұзақ уақыт бойы жасырынып жүрді. Лаңкесті табу міндеті Delta Force жасағына жүктелді. Олар Ирак жерінде 2006 жылы, 7-маусымда Аз-Заркавидің жасырынған орнын тапты, ал ұшақтар сол орынға соққы жасады. Аз-Заркави 6 жақтасымен бірге өлтірілді.

 

Усама бен Ладенді жою операциясында да Delta Force-тың ізі қалған. Операция 2011 жылы, 2-мамырда жүзеге асты. Ол «Нептунның найзасы» деп аталды. Операцияны SEAL Team жасағының сарбаздары жүзеге асырды. Ал ақпарат жинау және барлау жүргізуге Delta Force жасағының кәсіби мамандары қатысты. Операция сәтсіз аяқталған жағдайда жасақты эвакуациялау міндеті де Delta Force-тың мойнында еді.

 

Бүгінде бұл жасақ АҚШ-тың құпия миссияларының көбін іске асыруда. Ол туралы көп айтылып, көп жазылмайды. Алайда Уашиңтон Delta Force-тың АҚШ үшін аса маңызды екенін айтумен келеді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар