Мадуроны керек етпеген Мәскеу Аятоллаға құшақ аша ма?

Қарт Каспийдің арғы жағасындағы жұрттың елішілік жағдайы алағай да бұлағай боп тұр. Ұлттық валютаның күрт құлдырауы мен азық-түліктің қымбаттауына наразы халық Иранда наразылыққа шыққалы аптадан асып жығылды. Қазірдің өзінде наразылық шерулері елдің 25-ке жуық қаласын шарпып үлгерген.

1767613149118568.jpeg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Экономикалық талаптар саяси ұрандарға ұласып, күштік құрылымдар мен халық арасындағы қақтығыс күн сайын, сағат сайын ушыға түсуде. Халық: «Диктатор тақтан кетсін», «Тұншыққан Иран халқына бостандық», деп ұрандатуда. «Ислам рефолюциясы сақшылары» мен наразы халық арасында қаза тапқандар бар. Жұрт Аятолла Хаменей билігіне наразы. Осылайша, Иранның сыртқы саяси текетіресі ушығып, әне-міне, Израильмен қайта соғысуы мүмкін деген кезде, ел ішінде дүмпу бұрқ ете қалды…

АЯТОЛЛА ХАМЕНЕЙГЕ ТЫҚЫР ТАЯНДЫ МА?

«The New York Times» гәзеті: «2 желтоқсанда АҚШ президенті Трамп Иранға соққы жасау мүмкіндігі туралы мәлімдеме жасаған. Осыдан соң Иран билігі, Ұлттық қауіпсіздік бойынша Жоғарғы кеңес шұғыл жиын өткізді», - деп хабарлайды.

Аталған жиында: Иран билігі қоғамдық наразылықтарды аз ғана күшпен тыныштандыруды ақылдасқан. Бұл – ел ішінде онсыз да ушығып тұрған наразылықтарды күшейтпеуге бағытталған. Сондай-ақ, Иран аумағына жасалуы мүмкін ықтимал соққылардың сценариі де пысықталған. Иран Ислам республикасының жоғарғы лауазымды шенділері құпия жиында мемлекеттің сыртқы қыспаққа түсіп пен ішкі тығырыққа тірелгенін мойындаған.

Басылым дереккөзінше: Иран билігініңдәл қазір ішкі наразылықтардың өршуіне басты себеп болып отырған экономикалық дағдарысты өз бетінше реттеуге мүмкіндігі шектеулі. Сонымен қатар, АҚШ пен Израиль тарапынан жасалып жатқан қысымға да жауап беруге дәрменсіз.

ПЕЗЕШКИАН ХАМЕНЕЙДІ КІНӘЛАЙДЫ. АЛ ХАМЕНЕЙ КІМДІ КІНӘЛАЙДЫ?

Иран президенті Масуд Пезешкиан өткен аптада экономикалық консультативтік комитетті 2 мәрте шғыл жинап, кеңес өткізген. Онда егер жағдай әрі қарай да ушығар болса, қалай әрекет ету керектігі талқыланған. Тіпті, кейбір кеңесшілер Пезешкианға жұрт алдына шығып сөйлегенде «елдегі қосар биліктің көп мәселені шешуде кедергі екеніне» және «барлық түпкілікті шешімді жоғарғы көсем, аятолла Әли Хаменей қабылдайтынына» екпін түсіре сөйлеуге кеңес берген.

Қазір Ирандағы ахуал тыншыған жоқ. Ирандағы 31 провинцияның 26-сындағы ұзын-ырғасы 78 қалада наразылықтар өтіп жатыр. Қазірге дейін зардап шеккендер саны 50-ден асқан.

Бұған дейін АҚШ президенті Трамп: «Егер Иран билігі наразылыққа шыққан бейбіт халыққа оқ атып, өлтіре бастаса, ал бұл оларда қалыпты жағдай саналады, ондай сәтте АҚШ оларға көмекке барады. Біз толықтай әзірміз және әрекетке дайынбыз», - деген.

Бұған Аятолланың кеңесшісі Әли Шамхани жауап беріп: «Иран халқы америкалық көмектің немен аяқталатынын жақсы біледі. Ирақтың, Ауғаныстан мен Газаның мысалын көріп отыр. Иранның қауіпсіздігіне қол сұққан кез келгеннің қолын шорт кесеміз. Оңбай өкінетін болады. Иранның ұлттық қауіпсіздігі – біз үшін қызыл сызық. Бұл жайында бос жазба жаза беруге ешкімнің құқы жоқ», - деді.

ХАМЕНЕЙ МӘСКЕУГЕ ҚАША МА?

Бүгін «The Times» басылымы: «Ұлыбритания барлауының анықтауынша, Иранның жоғарғы көсемі Әли Хаменей елдегі наразылықтар ушығып, басқарудан шығып кеткен жағдайда Мәскеуге қашып барып паналаудың жоспарын әзірлеп қойған», - деп жазды.

Басылым дерегінше: Хаменей Мәскеуге өзінің айналасындағы ең жақын деген 20 кеңесшісі мен олардың отбасыларын алып ұшпақ ниетте.

Ал АҚШ Мемлекеттік департаменті әлеуметтік желідегі парақшасында парсыша жазба жариялады. Онда: «Президент Трамп істің адамы. Егер білмесеңдер, енді біліп жүріңдер», - деп жазылған. Мадуроны тұтқындау сәтінде түсірілген сурет пен парсыша жазу - Иранға бағытталған сигнал!

АҚШ ПЕН ИЗРАИЛЬ ИРАНҒА СОҚҚЫ ЖАСАЙ МА?

Араб ақпараттары: «Егер Иран АҚШ-тың талап-шарттарына келіспесе, АҚШ пен Израиль бірлесіп Иранға соққы жасауға келісті», - деп жазады. Бұл келісім жуырда Трамп пен Нетаняхудың Флоридада өткен кездесуінде жасалған.

«Al-Akhbar» басылымы: «Аталған ақпаратты Еуропаның елшіліктері Ливанның құзырлы органдарына жеткізген. Трамп пен Нетаняху Газа секторын бейбіт реттеудің екінші кезеңін бастауға уағдадасқан. Ол бойынша Лванға нейтралды ұстаным сақталады. Алайда, «Хезболла» ұрысқа араласар болса, Ливан соққыға алынады», - делінген.

Түйін: Иранда теократиялық билік үстем күшке ие екені белгілі. Яғни, президент Пезешкиан он жерден экономикалық-саяси реформа жүргізуге тырысқанымен, соңғы сөз, соңғы шешім Аятолланың қолында. Аятоллада әскери күш бар. Ол күш Иран халқын қатаң диктатуралық шектеулермен басып-жаншып ұстап отыр. Иран ұзақ жылдардан бері халықаралық санкциялар қысымының қыспағында күш кешіп келеді. Сәйкесінше, жұмыссыздық артып, бағалар өсіп, тұрмыс тұралауда. Трамп екінші мәрте каденцияланып келгелі бұл санкциялар тіпті күшейді.

Қазір Иранның жоғарғы көсемі – Әли Хаменей. 86 жаста. Жоғарғы көсемдік, яғни аятолла статусына 1989 жылы ие болған. 2026 жылы билікті біржола тізгіндегеніне 37 жыл болады. Оның кезінде Иранда 7 президент ауысқан. Екеуі қайтыс болған. Қазір Иран халқының 50 пайыздан астамын жастар құрайды екен. Олар көбірек еркіндікті талап етуде.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар