2026 жылы әлемнің көптеген елінде президент және парламент сайлауы өтпек. Бұл сайлаулар әлемдік саясатқа бірқатар өзгеріс әкелуі ықтимал. Foreign Policy басылымының сарапшысы Эллисон Микем солардың бірқатарын шолып шықты. Қысқа-нұсқа, жинақы форматта назарыңызға ұсынамыз.

ТАИЛАНД. Таиландта 8-ақпанда сайлау өтпек. Премьер-министр Анутин Чарнвиракул парламентті мерзімінен тыс таратып жіберді. Оған басты себеп ретінде Камбоджамен болған қақтығыс айтылуда. Өткен жылдың маусымында Камбоджа басшысы Хун Сен сол сәттегі Таиланд премьері Пэтонгтарн Чинаватпен телефон арқылы сөйлескен сәттің аудиосын жариялады. Аудиода Таиланд премьері Хун Сенді «аға» деп атап, ерекше сыйлағаны байқалады. Бұл оқиға ел арасында дау туындатты. Таиландтың конституциялық соты Пэтонгтарнды қызметінен алып тастады. Сол сәттен бері Таиландта саяси дағдарыс күшеюде. Камбоджа мен Таиланд желтоқсанда тағы бір қақтығысты. Жаңа премьер Анутин 4 айдың ішінде сайлау өткізуге уәде еткен. 8-ақпанда Таиландта парламент сайлауы өтпек. Сайлау нәтижесінде жаңа премьер билікке келіп, Камбоджамен жасалған келісімдер қайта қаралуы ықтимал.
БАНГЛАДЕШ. 12-ақпанда Бангладеште сайлау өтеді. 2024 жылғы сайлаудан кейін Бангладеште жаппай наразылық басталып, халық билікте 15 жыл отырған премьер Шейх Хасинаны тақтан тайтырды. Бұл оқиғаны әлемдік БАҚ «Z» ұрпақтың бұлқынысы деп сипаттап жатты. Қазіргі таңда Хасина Үндістанда тұрады, ал Бангладеш соты оны сырттай өлім жазасына кескен. 2024 жылдан бері елді уақытша үкімет басқаруда. Оның басшысы, экономист Мұхаммед Жүніс. Ол білікті маман ретінде сипатталады, алайда алдағы сайлауға қатыспайтынын айтты. Жүніс аз уақыттың ішінде Пәкістан және Қытаймен байланысын арттырды.
Елдегі жағдай тұрақсыз болып тұр. Жүніс бұрынғы премьер Шейх Хасина басшылық еткен «Авами Лиг» партиясын саяси тартысқа түсу мүмкіндігінен айырды. Оның орнына діни сипаттағы «Жамаат И-Ислами» партиясы сайлауға түспек. Елде қазіргі таңда діни және ұлттық сипаттағы қудалау көбеюде. Радикалды ағымдар әйелдердің құқығын шектеу бастамаларын әлеуметтік желіде айта бастады.
Бангладеш парламентінде 350 депутат бар. Оның 50-і әйелдерге арналған орын. Алдағы сайлау қызу өтпек. Бірнеше партия таласқа түседі. «Авами Лиг» партиясының көсемі, тақтан тайған Хасинаның ұлы «сайлауға «Авами Лиг» партиясы түспесе, сайлау өтпейтінін» айтып, сес көрсетті. Ол елде наразылықтарды күшейтетінін айтты және қақтығыс болуы мүмкін екенін де жасырмады.
КОЛУМБИЯ. Колумбияда бірден екі сайлау өтпек. 8-наурызда парламент сайлауы, ал 31-мамырда президенттік сайлау өтеді. Қазір елді президент Густаво Петро басқаруда. Ол 2022 жылы сайланды және заңға сәйкес (президент тек бір мерзім отырады) қайта сайлауға түсе алмайды. Колумбия басшысы Трамп әкімшілігімен саяси кикілжіңге түсуде. АҚШ әкімшілігі Петроның есірткімен күресін сынға алуда және Колумбия билігін «есірткі сататын саудагерлер» деп айыптауда. Трамп билігі Густаво Петроға санкция салды және оның АҚШ-қа кіру құқығын шектеді. Петро Израильмен Газа үшін дипломатиялық қатынасын үзді, Венесуэла билігімен одақ құрды.
Алдағы сайлауда көптеген партия бірлесе отырып, үш коалиция құруы мүмкін. Ал президенттік сайлауға 100-ге жуық кандидат қатысатынын айтты. Сарапшылар кандидаттардың ішінде Де ла Эсприэльдің бәсі жоғары деп санайды. Себебі ол Трамп одақтастарымен жақсы қатынас орната білген. Колумбияның ішкі саясатына АҚШ билігі араласып, сайлау нәтижесін өзгертуге тырысуы мүмкін деген де пікірлер бар.
ВЕНГРИЯ. Украина соғысына байланысты Венгрияның кереғар позициясы жиі айтылуда. Венгрия билігі Украинаға көмек көрсетуге қарсы және Киевті ЕО-ға қабылдауға ниетті емес. Бұл Орбан үкіметінің позициясы.
Венгрияда парламент сайлауы сәуір айында өтпек. Виктор Орбан ішкі және сыртқы қысымға тап болды. Ол ЕО қауымдастығында «сүйкімсіз тұлғаға» айналды. Ал ішкі саясатта Tisza партиясының қарсылығына тап болуда. Партия 2020 жылы жасақталды. Партияны Петер Мадьяр тізгіндеген және соңғы бір жылда оның рейтингі ел арасында өсті. Соңғы сауалнамалар Петер Мадьяр бастаған партияның сайлауда жеңу мүмкіндігі көп екенін көрсетуде. Алайда Трамп әкімшілігі сайлауға араласуы мүмкін және бұл сайлау нәтижесін өзгертуі ықтимал негізгі фактор саналады.
ЛИВАН. Мамыр айында Ливанда парламенттік сайлау өтпек. Нақты уақыты әлі белгіленген жоқ, алайда жоспар бойынша мамырдың орта шегіне қойылуы тиіс. Ливанда 18 дін мен сенім бар. Бұл конституцияда да бекітілген. Діни партиялар да алдағы сайлауға қатыспақ. Билік тармақтарында христиан, сүннит және шииттер болуы тиіс. Бұл тұрақтылық пен балансты сақтау үшін қабылданған шешім.
Ливанда жүздеген саяси қозғалыс пен партия бар. Олардың бір бөлігі Ираннан қаржы алса, енді бір бөлігі Сауд Арабиясы мен АҚШ-қа арқа сүйейді. «Хезболла» мен оның одақтасы «Амаль» қозғалысы соңғы екі жылда саяси-әскери негізде әлсіреді. Сарапшылар «Хезболланың» сайлауда алға шығарына күмәнмен қарайды. «Хезболлаға» Израиль соққы жасауын жалғастыруда, ал Ливан билігі «Хезболланы» қарусыздандыру жоспарын бекітті.
Ливан парламентінде 128 депутат бар. Олардың барлығы дерлік 4 жылға сайланады. Депутаттық орындар христиандар мен мұсылмандар арасында тең бөлінеді, кейін ішкі топтарға тағы бөлінеді.
АРМЕНИЯ. Пашинян билігі сайлауға дайындалып жатыр. 7-маусымда Арменияда парламенттік сайлау өтеді. Пашинянға соңғы сауалдар бойынша ел халқының басым бөлігі сенім артуда. «Азаматтық келісім» партиясына да сенім жоғары. Алайда сайлауға қатысып, дауыс беруге ниетті азаматтар саны сауалнама нәтижелері бойынша өте аз болуы мүмкін. Саяси белсенділік төмендеген. Армения әскері 2020 және 2023 жылдары Әзербайжан әскерінен тас-талқан болып жеңілді. Пашинян Қарабақты Әзербайжанға қайтарып берді және Ресеймен саяси кикілжіңге түсті. Қазір Пашинян алдағы сайлауда «Шынайы Армения» атты бағдарлама ұсынбақ. Ол бойынша Ереван Арменияның барлық шекара бекеттерін ашып, экономиканы жандандырады. Түркия және Әзербайжанмен қатынасты жақсартады, Ресейге тәуелділікті азайтып, Еуропаға бағыт алады. Сайлауда «Азаматтық келісім» партиясы басым болса, Пашинян конституциялық реформа бойынша да референдум өткізбек.
ИЗРАИЛЬ. Израиль заң бойынша 27-қазанға дейін парламент сайлауын өткізуі қажет. Оппозиция өкілдері «Нетаньяху билікте ұзақ қалу үшін Газадағы соғысты сылтау етуде» деген пікірді айтуда. Нетаньяхуге қатысты жемқорлық және билігін асыра пайдаланды деген айыптар да тағылған. Іс ашылды. Нетаньяхуге қатысты ашылған істі тоқтату үшін АҚШ басшысы Дональд Трамп Израиль президентіне арнайы өтініш те айтты. Нетаньяху президентке «рақымшылық жасау» бойынша ресми хат та жазды.
Нетаньяху 2022 жылы оңшыл партияларды жасақтап, коалиция құрды. Олардың қатарына Палестина аумағына кіріп, оккупация жасауды жақтайтын топтар да қосылды. Кей топтарға АҚШ және Еуропа елдері санкция да салған болатын. Нетаньяху ультраортодокс еврейлерді әскерге шақырту идеясын қолдады. Осылайша ол оңшыл күштердің қолдауына ие болуда, алайда өзге топтардың қатаң қарсылығына тап болды. Сарапшылар Нетаньяхуге қарсы оппозициялық күштер, араб партиялары мен ортодокс еврейлер бірлесе әрекет ететінін болжауда.
Осылайша 2026 жыл түрлі сайлауларға толы болмақ. Бұл әлемдік және аймақтық саясатқа да әсер етеді.
Mezgil.kz