Соңғы күндері Гренландия мәселесі халықаралық саясаттың ең даулы тақырыптарының біріне айналды. Уашингтон Гренландияны АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жүйесінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырып, аралдың Құрама Штаттардың құрамына өтуі қажет екенін ашық айта бастады.

ГРЕНЛАНДИЯНЫ АҚШ-ҚА ҚОСУ — БҰРЫННАН ҚАЛЫПТАСҚАН КӨЗҚАРАС!
АҚШ президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Стивен Миллер «CNN» телеарнасына берген сұхбатында Доналд Трамптың ұстанымын тағы да нақтылап өтті. Оның айтуынша, Гренландияның АҚШ құрамына кіруі — жаңа бастама емес, бұрыннан қалыптасқан көзқарас.
«Президент Доналд Трамп айлар бойы ашық айтып келеді: Америка Құрама Штаттары ортақ қауіпсіздік жүйеміздің бір бөлігі ретінде Гренландияны қамтитын мемлекет болуы тиіс. Бұл — қазіргі әкімшіліктің ғана емес, Трамптың алдыңғы президенттік кезеңінен бері келе жатқан ресми ұстаным», - деді Миллер.
«CNN» жүргізушісі Жейк Таппер бірнеше мәрте «АҚШ Гренландияны күшпен басып алу сценарийін жоққа шығара ма» деп сұрағанымен, Миллер бұл сұраққа нақты жауап беруден жалтарды. Керісінше, ол Данияның Гренландияға бақылау жүргізуінің заңдылығына күмән келтірді.
«Гренландия халқы бар-жоғы 30 мың адам. Дания бұл аралды қандай құқықпен колония ретінде ұстап отыр? Олардың аумақтық талаптары неге негізделген?», - деді ол.
Миллердің пікірінше, Арктика аймағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және НАТО мүдделерін қорғау үшін Гренландия АҚШ-тың бір бөлігі болуы тиіс.
«Біз – аса қуатты державамыз және президент Трамптың басшылығымен өз мүддемізді қорғаудан тайынбаймыз», - деп түйіндеді ол.
Төменде әлемдік БАҚ бұл туралы не жазып жатқаны туралы шағын шолу ұсынамыз:
ТРАМП ГРЕНЛЕНДИЯ БОЙЫНША ҚАНДАЙ ҰСЫНЫС ЖАСАМАҚ?
«The Economist» журналының хабарлауынша, Трамп әкімшілігі Гренландияға «бас тартуға болмайтын ұсыныс» әзірлеуде. АҚШ шенеуніктері «Еркін қауымдастық туралы шарт» (Compacts of Free Association – COFA) үлгісіндегі келісімді талқылап жатыр. Мұндай келісімдер АҚШ-тың Тынық мұхитындағы бірқатар шағын мемлекеттерімен бұрыннан бар.
Бұл құжатқа сәйкес, серіктес елдер АҚШ әскерилеріне өздерінің аумақтық сулары мен әуе кеңістігін пайдалануға ерекше құқық береді. Ал Уашингтон өз кезегінде экономикалық және қаржылық қолдау көрсетеді. Мұндай модель іс жүзінде елдің қауіпсіздік саясатын АҚШ-қа тәуелді етеді.
«Дания билігі Гренландия аумағында америкалық әскери база бұрыннан бар екенін еске салады. Копенгагенмен жасалған келісімде АҚШ әскерінің санына нақты шектеу қойылмағанымен, әскери қатысуды едәуір арттыру Данияның келісімін талап етеді», - деп жазады басылым.
Басылым дерегінше, америкалық шенеуніктер Гренландия үкіметімен тікелей келіссөз жүргізуге тырысқан, алайда әзірге арал билігі мұндай диалогтан бас тартып отыр.
Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен «TV2» телеарнасына берген сұхбатында Трамптың мәлімдемелерін жеңіл қабылдауға болмайтынын ескертті.
«Егер АҚШ НАТО-ға мүше елге қарсы әскери әрекетке баруға бел буса, онда бұл қадам НАТО-ның өзіне де, Екінші дүниежүзілік соғыстан бері қалыптасқан қауіпсіздік жүйесіне де ауыр соққы болар еді»,- деді ол.
Гренландия НАТО мүшесі болмаса да, Данияның альянстағы мүшелігі арқылы Солтүстік Атлант келісімінің аясында қарастырылады.
Аралдың премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен АҚШ-тың Венесуэладағы операцияларымен Гренландияны салыстыруға болмайтынын мәлімдеп, «Гренландияны түн ішінде басып алу мүмкін емес» деп кесіп айтты.
БАТЫС АҚПАРАТЫ НЕ ДЕЙДІ?
Қалай болғанда да, Арктикадағы бұл алып арал төңірегіндегі геосаяси тартыс енді тек сөз жүзінде қалмай, нақты дипломатиялық және әскери есептер деңгейіне көтерілгені анық.
Ал «CNBC» арнасы былай деп жазды: «Гренландияның премьер-министрі дүйсенбі күні АҚШ тарапынан жақын арада басып алу әрекеті болуы мүмкін деген қауіптерді жоққа шығаруға тырысты. Бұған АҚШ президенті Доналд Трамптың минералға бай Арктика аралына деген қызығушылығының қайта жандануы себеп болды. Демалыс күндері Трамптың Венесуэлада әскери операция жүргізгенінен кейін өткен баспасөз мәслихатында Гренландияның премьер-министрі Йенс Фредерик Нильсен өзін-өзі басқаратын, Данияға қарасты аумақта дәл сондай жағдай қайталануы мүмкін деген алаңдаушылықты негізсіз деп атады», - дейді.
Бұндай жағдайда алпауыт «BBC арнасы» қағыс қалмайтыны анық: «Доналд Трамп Гренландияға арнайы өкіл тағайындағаннан кейін Даниямен арада жаңа дау туғызды. Бұған дейін ол Арктикадағы алып аралды АҚШ-қа қосқысы келетінін бірнеше рет айтқан еді. Трамп АҚШ-қа Гренландия «ұлттық қауіпсіздік үшін қажет» екенін айтып, «біз оны иеленуіміз керек», - деді.
Гренландия – Дания Королдігінің құрамындағы жартылай автономды аумақ. Бұл шешім Копенгагеннің наразылығын тудырды. Дания билігі АҚШ елшісін «түсініктеме беру үшін» шақыртатынын мәлімдеді. Ал Гренландияның премьер-министрі арал «өз болашағын өзі шешуі тиіс» екенін және оның «аумақтық тұтастығы құрметтелуі қажет» екенін айтты», - деп жазды.
«Tyla.com» сайтының жариялаған ақпараты мынадай болды: «Доналд Трамптың Гренландияны «иелену» жоспарына өте байыппен қарайтыны белгілі болды — егер ол жүзеге асса, не болмақ? Доналд Трамп Гренландияны өз бақылауына алу жоспарын тағы да нақтылай түсіп, АҚШ-қа бұл аймақ «ұлттық қауіпсіздік үшін қажет» деп мәлімдеді. 79 жастағы АҚШ президенті өзін-өзі басқаратын бұл аумаққа алғаш рет наурыз айында қызығушылық танытқан болатын. Кейін ол вице-президент Жей Ди Вэнсті Гренландиядағы әскери-теңіз базасын тексеру үшін жіберді. Трамп АҚШ пен Данияның НАТО бойынша одақтас елдер екеніне қарамастан, бұл аумақты күш қолдану арқылы басып алу мүмкіндігін де жоққа шығармады», - дейді.
Mezgil.kz