Бұлқынған Иран: Нан қымбат, жұмыс жоқ, қаржы тапшы!

Иранда наразылық акциялары жалғасуда. Экономикалық сипатпен басталған наразылық, саяси ұрандарға ұласты. Көше мен алаңдарға жиналған бұқара «Режим құласын», «Шах қайта келеді» деп ұрандатып жатыр. Бұған дейінгі наразылық акциялары көбіне ірі қалаларда өтсе, бұл жолы кіші аймақтар да наразылыққа қосылған. Кіші қалашықтар мен ауылдар, аудан орталықтары наразылық акциясының қозғаушы күшіне айналды. Бұл туралы The Financial Times басылымы Иран халқынан, сарапшылардан пікір алып, мақала жазды.


thumbs_b_c_a1de4d9c37c26e14c095ddb8d40f12ed.jpg

 

The Financial Times басылымы Иранның бірнеше азаматының пікірін жариялады. Лурестан аймағының тұрғыны, 30 жастағы Лейлә есімді азамат наразылық акцияларының басты себебі азық-түліктің қымбат болуы екенін айтқан. Ол Боружерд қаласында тұрады. Анасының зейнетақысына күн көреді. Оның көлемі айына 130 долларды құрайды.

 

«Біз үшін басты мәселе нан табу. Бұл өмір үшін күреске айналғандай. Жұмыс тапқымыз келеді, алайда жұмыс жоқтың қасы», - дейді ол. Ләйлә және басқа да тұлғалар басылымға суретін беруден және тегін атаудан бас тартқан. Бұл қауіпсіздік мақсатында жасалуда.

 

Экономист Саид Лейлаз The Financial Times басылымына пікір білдіріп, «көтеріліс периферияның ядроға қарсылығы ретінде жүріп жатыр» дейді. Оның сөзінше ірі қалаларда инфляция үлкен, ал кіші қалашықтар мен ауылдарда ол тіпті орасан. Ел халқы ең көп тұтынатын негізгі тағам түрі – нан мен жұмыртқа. Алайда оның бағасы күн санап шарықтап барады. «Адамдар ай сайын сатып алу қабілетін жоғалтуда» дейді сарапшы.

 

2025 жыл Иран үшін ауыр болды. Маусым айындағы Израильмен соғыс Иранды бірнеше млрд долларлық шығынға әкелді. Артынша елде су тапшылығы күшейді. Ауыл шаруашылығы қуаңшылыққа тап болды. Трамп билігі санкцияны күшейтті.

 

Бір жыл ішінде Иранның ұлттық валютасы 40 пайызға құнсызданған. Ал инфляция 42 пайызға жетті. Азық-түлік инфляциясы 72 пайыз болса, нанның бағасы бірден 113 пайызға шарықтаған.

 

Ел халқы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қиын сәтінде алаңдарға шығып, атой салуға мәжбүр болуда. Халық Әли Хаменеиге қарсы ашық лозунгтар айта бастады. Наразы топтың ашуын басып, екпінін түсіру үшін тәртіп сақшылары көзден жас ағызар газ қолданып, оқ атуда. Ресми түрде 14 адам көз жұмған. Алайда бейресми статистика әлдеқайда үлкен дейді мамандар.

 

Иран билігіне халықаралық қысым да артуда. Халықаралық ұйымдар наразы топтың құқығы сақталуын талап етуде. Ал АҚШ билігі тіпті сес көрсетуде. Трамп «Иран билігі наразы топты атып, қырғын салар болса, онда АҚШ іске араласады» деген еді. Ирандағы кей сарапшылар қысылтаяң сәтте Израиль әскері соққы жасауы ықтимал деген ойды да айтуда.

 

Президент Пезешкиан елде экономикалық қиындықтың барын мойындауда. Сонымен бірде наразылық акцияларының радикалдануын да сынға алуда. Ел билігі наразылыққа шақырушыларды тұтқындап жатқанын айтты.

 

Иран үкіметі халықты тыныштандыру үшін әлеуметтік бағдарламалар мен жеңілдіктер жариялауда. Алдағы аптадан бастап ел халқының 90 пайызы ай сайын 10 млн риалдың азық-түлік ваучерін алуы тиіс. Сонымен бірге жеңілдетілген несиелер де беріле бастайды. Тегеран экономикалық жағдайдың қиындығына, бюджет тапшылығына қарамастан әлеуметтік жеңілдіктер жариялауға мәжбүр болуда. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар