Мадуромен бірге мені де әкетіңдер: Силия Флорес деген кім?

Николас Мадуроны АҚШ-тың арнайы жасағы әскери операция барысында ұстап әкетіп, сотқа тартуда. Төрт түрлі қылмыстық іс ашылған. Мадуромен бірге оның әйелі Силия Флорес те операция барысында АҚШ-қа жеткізілді. Венесуэланың ІІМ-лігі АҚШ-тың о баста тек Мадуроны ұстап әкету жоспары болғанын, ал Мадуромен бірге кетуді Силияның өзі қалағанын айтты. АҚШ соты оған есірткі сатты, заңсыз қару таратты деген айыптар тағуда. Сонымен Силия Флорес деген кім? Бұл туралы ВВС кеңінен жазды.


347674638107319.jpeg

 

Флорес 1956 жылы Тинакильо қаласында өмірге келген. Бұл қала ел астанасы Каракастан 200 шақырым жерде орналасқан. Ол алты баланың ішіндегі кішісі болатын. Флорес төрт жасқа келгенде, оның отбасы Каракастағы шеткері ауданға көшіп келді. Олар кедей әрі халық көп қоныстанған аймақта тұрды.

 

Ол мектепте белсенді болды. Студенттік шағы да саяси тартыс пен экономикалық дағдарыс кезеңінде өтті. Студенттік шағында бірнеше ұйымға кіріп, белсенді ретінде таныла бастады. 32 жасында Санта-Мария университетін бітіріп, заңгер атанды. Ол ең алдымен еңбек құқығын қорғау саласында қызмет атқармақ болды. Себебі Венесуэлада еңбек дауы өте көп еді (әлі де ең басты мәселенің бірі осы еңбек дауы).

 

1992 жылы Силияның өмірі күрт өзгерді. Уго Чавес мемлекетте төңкеріс жасамақ болды. Алайда ол әрекеті сәтсіз аяқталды. Төңкеріске қатысқан офицерлерді қорғау бойынша заңгерлер тобы құрылды. Силия сол топқа қосылды. Кейін ол осы топ арқылы Чавестің идеясына сеніп, соңынан ерді. Дәл осы кезеңде ол Николас Мадуромен танысады.

 

«Ол бірнеше әскери мен патриоттың қорғаушысы болды. Сонымен бірге Чавес қолбасшының да қорғаушысы болды. Ал түрмеде Чавестің қорғаушысы болу өте қиын еді. Мен онымен күрес дәуірінде таныстым. Кейін ол маған, мен оған ұнап, сезім пайда болды», - деген еді Мадуро бір сұхбатында.

 

90-шы жылдары Флорес Чавесті жақтайтын ұйымдарға кірді. 1998 жылы Чавес билікке келген сәтте, Силия да үлкен лауазымдарға тағайындала бастады. 2000 жылы Силия Ұлттық ассамблеяға сайланды. Ал 2006 жылы Венесуэладағы парламент тізгінін қолға алған алғашқы әйел болды. Ол сәтте парламент бір партиялы болды деуге негіз бар. Өйткені оппозициялық партиялар сайлауға түсуден бас тартты. Силия елдегі сөз бостандығын шектей бастады. Ол ең алдымен парламент залынан журналистерді шығарып жіберді. Журналистер 2016 жылға дейін парламент залына кіре алмады. 2016 жылы сайлауда Ұлттық ассамблея тізгіні оппозиция қолына өткен сәтте ғана журналистер парламент залына қайта кіру құқығына ие болды.

 

Флорес билікке өз отбасы мүшелерін тарта бастады. Ол 40-қа жуық туысы мен танысын түрлі лауазымға отырғызды. 2012 жылы Чавес Силияны елдегі бас прокурор етті. Бұл қызметте ол 2013 жылдың наурызына дейін отырды. Осы жылдар аралығында ол Мадуромен байланысын үзген жоқ. 2013 жылы Чавес өмірден өтті, ал Мадуро президент болып сайланды. Сол сәтте Силия Мадуроға тұрмысқа шығып, елдің бірінші ханымына айналды. Флорестің бірінші күйеуінен үш баласы бар, ал Мадуроның бірінші әйелінен бір баласы бар.

 

2015 жылы Флорес Ұлттық Ассамблеяға қайта сайланды. 2017 жылы ол парламенттен кетіп, Ұлттық конституциялық ассамблеяның мүшесі болды. 2015 жылдан бастап Флорес БАҚ саласында тізгінді қолға алып, имиджін жақсартпақ болды. Ол «Con Cilia, En Familia» және «Decisiones» бағдарламаларын жүргізді. Алайда бұл рейтинг көтеруге көмектескен жоқ.

 

2015 жылы оның екі жиеніне Нью-Йорк прокуроры есірткі сатты деген айып тақты. Оларды Гаитиде тұтқындады. Флорес бұл әрекетті «адам ұрлау» деп атады. АҚШ соты ол екеуін де 2018 жылы 18 жылға соттады. 2022 жылы екі ел арасындағы тұтқын алмасу барысында Флорестің жиендері босатылды.

 

АҚШ Силия Флореске 2018 жылы санкция салды. Алайда енді оның басы тіпті үлкен мәселеге тап болды. Сарапшылар Силия Флорес АҚШ жерінде өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін деп санайды.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар