Ресейде еңбек мигранттарына қысым көрсету жалғасуда. Ұдайы рейд жүргізу, рейд барысында еңбек мигранттарының құқығын таптау, ұрып-соғу, балағаттау және оқиғаны видеоға түсіру жиі қайталанатын жайт. Кісі өлімі де орын алуда. Бұл Орталық Азия елдері мен Ресейдің арасындағы қатынасты суытатын басты фактордың бірі саналады. Бұл туралы «Настоящее время» басылымы жазды.

(Сурет gazeta.ru сайтынан)
Өзбекстанның Владивостоктағы бас консулдығы Хабаровскі аймағындағы прокуратураға нота жіберді. Сонымен бірге Ресейдің ІІМ-не де нота жолдаған. Басты себеп Өзбекстан азаматының рейд барысында көз жұмуы болып отыр. Бұл туралы Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Оқиға өткен жылдың желтоқсанында болған. 12-желтоқсанда Хабаровскіде Ресейдің арнайы жасақ қызметкерлері жергілікті кафеге басып кіреді. Рейд кезінде полиция ондағы Өзбекстан азаматтарын ұстап, соққыға жыққан. Олардың бірі соққыдан кейін комаға түсіп, кейін көз жұмды. Бұл оқиға Өзбекстанның әлеуметтік желісін дүр сілкіндірді.
Дипломаттар марқұмның жақындарымен байланыста және мәйітті отанына қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өзбекстан заңнамасына сәйкес, мемлекет мәйітті тасымалдауға дайындау үшін қажетті жерлеу қызметтерін, сондай-ақ елге жеткізу шығындарын толықтай өз мойнына алады. Бұл соңғы жылдары енгізілген ереже еді.
Ер адамның өлімінің ресми себебі әлі жарияланған жоқ. Алайда бұған дейін 12-желтоқсанда Хабаровскіде өткен антимигранттық рейд барысында ОМОН жауынгерлерінің шектен тыс күш қолданғанын ақпарат көздері жазған еді. Соның ішінде Ресейдің тәуелсіз басылымдары да бар.
Сол күні Хабаровскідегі құқық қорғау органдары автопаркте жүргізуші болып жұмыс істейтін Қырғызстанның 80 азаматын ұстап, оларды бірнеше сағат бойы ұрып-соққыны жайлы ақпарат тарады. Қырғызстанның Хабаровскідегі консулы Кадырбек Мырзабаев 17 азаматтан шағым түскенін растады және Ресейдің Ішкі істер министрлігіне, прокуратурасына және Федералдық қауіпсіздік қызметіне нота жолдағанын айтты.
«Таң атқанша ұрды. Паспорт болмағандықтан ауруханаға қабылдамады. Қазір үйде жатырмын, жағдайым ауыр. Қабырғам сынған. Бетімде соққы ізі жоқ, бірақ бүкіл денем көгерген. Неге бізді ұрып жатқанын сұрауға да мүмкіндік бермеді. Он адамнан бөлмеге кіргізіп, үш адам резеңке таяқпен ұратын. Барлығы бетперде киген. Қай бөлімнен екендерін, кім екенін көрмедік. Кейбіреулерге көші-қон құжаттарын шайнап жегізіп, артынан су ішуге мәжбүрледі», – деп баяндады Самарбек Осмонұлы.
Осындай шағыммен журналистерге шамамен жиырма өзбекстандық та жүгінген. Өзбекстан азаматы көз жұмды деген рейдке қатысты сюжет жергілікті «Вести» арнасында жарияланған. Материалда рейд барысында Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтарының құжаттары тексерілгені айтылған. Құжаттарын көрсете алмағандарды, кейбірі Ресей азаматтығын алса да, әскери есепке уақытында тұрмағандары айтылды. Арнайы жасақ жауынгерлері оларды жеке бөлмеге апарып, ол жерде әскери комиссариаттың көшпелі мобильді қабылдау пункті жұмыс істегені айтылды. Алайда ұрып-соғу жайлы сөз қозғалған жоқ.
Хабаровскі гарнизоны бойынша әскери-тергеу бөлімінің тергеушісі Ростислав Трофимчук рейд барысында 300-ден астам адамның тексерілгенін, олардың ішінде 15 адам елде заңсыз жүргені, ал 30 адам «әскери есепке уақытында тұрмағаны» анықталғанын хабарлады. Кісі өліміне қатысты, рейд барысындағы заң бұзушылық туралы тіс жармады.
Мұндай оқиғалар Ресейде жиі қайталануда. Орталық Азиядан Ресейге жұмыс іздеп барғандар, әсіресе Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары ұдайы қысымға ұшырауда. Алайда Ресей билігі «рейд барысындағы заң бұзушылық туралы» ресми ешқашан мойындаған емес.
Mezgil.kz