2026 жыл Ресей билігі үшін оңайға соқпайды. Бұл туралы сарапшы Эми Найт айтты. Ол бұған дейін «Кремльдегі қысым: Путинннің өзін басшы еткен олигархпен жаулығы» атты кітап жазған болатын. Экономика мен саяси саланы сараптайтын маман, 2025 жылмен салыстырғанда 2026 жыл Ресей үшін қиындықтарға толы болуы ықтимал деп болжауда. Сонымен Эми Найттың мақаласын қысқаша ұсынсақ.

(Сурет Mezgil.kz. ЖИ арқылы жасалды)
2026 жыл Путин үшін сәтті басталған жоқ. Украинадағы соғыс 1418 күннен асып, Кеңес-Герман соғысымен теңесті. Бұл аралықта Сталин Берлинге дейін жетті, ал Путин Донецк қаласынан 80 шақырым ғана алға жылжи алды. 2025 жылы Ресей әскері Украинаның 0.72 пайыз жерін басып алды. Дәл осындай жылдамдықпен Ресей билігіне Донбассты толық басып алу үшін әлі айлар бәлки жылдар қажет болуы мүмкін. Тіпті шабуылды үдеткен күннің өзінде, адами және техникалық шығын орасан болмақ.
АҚШ билігі Венесуэланың диктаторы Николас Мадуроны жыл басында ұстап әкетті. 3-қаңтардағы операция Путиннің имиджіне де орасан соққы жасады. Ресейлік сарапшы Аббас Галлямов былай деп жазды: «АҚШ-тың Мадуроны ұстап әкетуге қатысты теңдессіз операциясы, Путиннің «арнайы әскери операциясының» деңгейін тағы түсіріп, халық пен элитаның еңсесін езе түсті. АҚШ әскеріндегі барлау қызметінің кәсібилігі мен Ресей барлау қызметінің деңгейіндегі айырмашылық та жер мен көктей сияқты», - деді ол. Мадуро Путиннің басты серіктесінің бірі еді. Алайда оны ұстап әкетуге қатысты шешімді қабылдауда АҚШ батылдық танытты.
Путинді тағы да кемсіткен операцияның бірі, АҚШ-тың ресейлік туды желбіреткен танкерлерді тоқтатып, басып алуы болды. Исландия бойында АҚШ кемелері мен десанттық күштері Ресей флоты қорғауға тиіс танкерді басып алды. Бұл оқиғадан кейін Ресейдің әлеуметтік желі қолданушылары АҚШ-тың өктемдігін айыптап, Путинннің дәрменсіздігін сынап жатты. Ал Трамп ресейлік тумен жүзген кемені басып алған сәтте Ресейдің әскери кемелері әрекетсіз қарап тұрғанын айтты.
Путиннің сенімді серіктесі болған Дмитрий Козактың да әрекеті Кремльге соққы болуда. Козак Украинадағы соғысқа байланысты Ресей билігінің позициясымен келіспей, қызметінен кетті. Өткен айда ол ресейлік тәуелсіз БАҚ-тардың бірінде ауқымды реформаның сұлбасын жариялады. Саясаттанушы Олег Ивановтың сөзінше, «Козактың бұл әрекеті батылдық, себебі ол қазіргі саяси жағдайда балама ой ұсынуда» дейді. 2022 жылы Путин Украинаға басып кірген сәтте, Козак бұл әрекетті қолдаған жоқ. Николай Патрушев те сол сәтте соғысты қолдай қоймады. Араға 4 жылға жуық уақыт салып, Путиннің соғысын қолдаушылар саны элита арасында азая түсті.
Украинаға басып кіру Путин билігі үшін тым қымбатқа түсуде. The Economist басылымы 2025 жылдың қазанында ауқымды мақала жариялап, 2025 жылдың он айында Ресей кемі 100 мың әскерін жоғалтқанын айтты. Соғыс алаңында қос тарап та алға жылжуда қиындық көріп жатқанын, бас көтерген сарбаз бен қозғалған техниканы дрондар құртып жатқанын дәлел ретінде ұсынды.
Ресей 2025 жылы соғысқа кемі 15,5 трлн рубль жұмсаған. Бұл 2021 жылдың қорғаныс және қауіпсіздік саласына бөлген қаржысынан 5 есеге көп деген сөз. Бұл қаржыға қаза тапқан, жарақат алған әскерилердің өтемақысы, оккупациядағы аймақты қамтамасыз ету шығыны, келісімшарт арқылы соғысып жатқандардың айлығы кірмейді. 2025 жылдың қараша айында Ресейдің мұнай саласынан түсетін табысы 2024 жылдың қарашасымен салыстырғанда 34 пайызға азайды. Бюджеттің рекордтық шығынын жабу үшін Ресей 2026 жылы ҚҚС көлемін 20 пайыздан 22 пайызға өсірді. Шешім 1-қаңтарда күшіне енді.
Бұл шешім ресейліктер үшін ауырға соқпақ. Өмір сүру сапасы қымбаттайды. «Левада-центр» ұйымының соңғы сауалнамасы ресейліктердің соғысты аяқтауға қатысты көзқарасы өзгере бастағанын көрсетті. 2024 жылы ресейліктердің 37 пайызы соғысты жалғастыру керек десе, 54 пайызы бейбіт келіссөзді бастау керектігін айтты. Қалған бөлігі жауап беруден қиналды. Ал 2025 жылы, 25 пайызы соғысты жалғастыру керектігін айтса, 67 пайызы бейбіт келіссөзді дереу бастау керектігін айтып, пікір білдірген.
Жасырын инфляцияның жоғары болуы, салықтардың артуы инвестициялық жобалардың да аяғына тұсау болуда. Путин билігін жақтайтын кәсіпкер Олег Дерипаска бір ай бұрын Ресей үкіметін қатаң сынаған мақаланы бөлісіп, экономиканың тынысы тарылып жатқанын айтты. Осылайша Кремльге жақын элитаның арасында қаржылық жағдайға алаңдаушылық күшейіп келеді.
Трамп әкімшілігінің де Путинге қатысты төзімі сарқылуда. Трамп Ресейге қарсы қатаң санкциялардың екінші пакетін мақұлдауға дайын. Ол бұған дейін «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларына санкция салып, экономикалық соққы жасаған еді.
Сарапшы Эми Найт 2026 жыл Ресей үшін ауыр болатынын айтуда. Қаржылық-экономикалық қысым күшеюде, санкциялар саны артуда, Трамп әкімшілігі Венесуэла мұнайын нарыққа шығармақ, ал Путиннің соғысты қолдауға қатысты қаржылық қоры таусылып келеді.
Mezgil.kz