Қасымов: Қазақстанның әскери доктринасын қайта қарау керек!

Қазір әлемнің геосаяси картасы Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі бұрын-соңды болмаған өзгерістерді бастан кешіруде. Біріккен Ұлттар Ұйымының қауқары қалып, әлемдік гегемондар халықаралық құқық қағидаттарын белден басып, әлем картасын қайта сызуға бағытталған ең қауіпті тенденцияға жол ашты.

1768296988721550.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

ҮШІНШІ СОҒЫСТЫҢ СҰЛБАСЫ КӨРІНЕ БАСТАДЫ

Ресей - Украинаға соғыс ашып, жерін жаулап, Молдоваға ауыз салмаққа аранын ашып, Грузиядан қос өңірді көтензорлықпен алып, енді Армениямен алысуға, Орталық Азияға одыраңдай сөйлеуге кірісті.

АҚШ - Венесуэланы бағындырып, Мадуроны барымталап, Гренландияға ауыз салып, Куба мен Колумбияға әскерін кезеп, Мексиканы мәжбүрлеп майыстыруға көшті.

Қытай - Тынық мұхиттың тыныштығын бұзатын қадамдарды жасаудың аз-ақ алдында тұр. Тайуанды күшпен басуға негіз бар. Бұл Қытай мен Жапония арасының ушығуын, тіпті тікелей қақтығысқа түсуін болжатады.

Осындай алағай да бұлағай кезеңде Орталық Азияның басты ойыншысы болып отырған Қазақстан қайтпек керек?

Белгілі мемлекет қайраткері, саясаткер Ғани Қасымов әлеуметтік желіде Қазақстанға өзінің әскери доктринасын дереу арада қайта қарастыру керек деген ұсыныс жасады.

ГЕНЕРАЛ ҚАСЫМОВ КӨТЕРГЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Қазақ қоғамына Ғани Есенкелдіұлы Қасымовтың есімі бұрыннан таныс. Қазақстан саясатындағы ең қызуқанды тұлғалардың бірі болған. Бүгінде жасы 75-ті алқымдаған Ғани Қасымов – мемлекет қайраткері. Өзінің саяси жолында түрлі қызметтерден өткен адам. Қазақ КСР кезінде Президент кеңесшісінен СІМ хатшысына дейінгі баспалдақтарды басып өткен.

Тәуелсіз Қазақстанда Партия тізгіндеді (Қазақстан Патриоттар партиясын басқарды), Сенат пен Мәжілісте депутат болды. Президент Әкімшілігінде және Үкімет аппараттарында басшылық қызметтер атқарды. Төтенше және өкілетті Елші дейтін дәрежесі һәм Кеден ісінің генерал-майоры деген шені бар адам.

Ғани Қасымов 2 мәрте Қазақстан Президенттігіне үміткер болған.

1999 алғаш рет Президенттікк үміткер болып түсіп, 4,6 пайыз дауыс алған.. онан соң 2011 жылы және бір мәрте сайлауға түсті. Екінші жолы Қасымовтың еншісіне электораттың 1,94 пайыз дауысы жазылды.

ШЕКАРАЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ОЙЛАУЫМЫЗ КЕРЕК!

Ғани Қасымов:

– Қазіргі әлемде болып жатқан жағдайларды басшылыққа алып, Республикамыздың әскери доктринасын шұғыл түрде қайта қарастыруды ұсынамын. Не істеу керек?

Бірінші – ешкімге сенбестен, ешкімге үміт артпастан өзіміздің жаңа, заманауи ұлттық армиямызды дамытып, әскери-өндіріс кешенін қуатты етуіміз керек;

 

Екінші – Орталық Азия елдері мен Әзірбайжанның біріңғай әскери-қорғаныс одағы бойынша саяси және дипломатиялық шараларды қолға алып, әскерді оқыту жүйесін жолға қою керек;

Үшінші – Қытайдан өзге АҚШ-пен, Еуропа елдерімен келісімдер жасасып, Қазақстанға және ОА мен Әзірбайжанға жаңа нақты қауіпсіздік кепілдіктерін алуға қол жеткізу керек. Бұл біздің аймағымызға жасалуы мүмкін кез келген әскери іс-әрекеттердің алдын алу үшін керек;

Төртінші – шекаралық аймақтарды дамытып, аталған аймақтарға жас отбасыларын көптеп көшіруді ынтыландыру үшін қосымша қаражат бөлу керек. Әсіресе, әскери мамандар мен өзге де категориядағы маман иелерін шекаралық аймақтарға көптеп қоныстандыру керек;

Бесінші – Мемлекеттік идеологияны Қазақстан әскерінің, флотының, жауынгерлерінің, офицерлерінің беделін арттыруға және қолдауға бағыттау керек. Біздің әскерилерді оқытумен АҚШ, НАТО, Қытай, Түркия, Әзірбайжан, Украина және Ресейдің соғыста тәжірбиесі бар жоғары дәрежелі мамандары айналысуы керек.

Біз неғұрлым осындай ауқымды жұмыста бастасақ, біздің халқымыз өзін соғұрлым қауіпсіздікте, мемлекет қорғауында сезініп, тыныш өмір сүретін болады деп ойлаймын!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар