Politico басылымы Ресейдің «империяны жандандыру» әрекеті Путин дәуірінің аяқталуына ұласқанын жазуда. Владимир Путин Украинаға негізсіз себеппен соғыс ашу арқылы, батысқа әскерін аттандырып, гитлерлік Германияны жеңген КСРО іспеттес «ұлы жеңіске» жететінін айтты. Кремль Украина билігін ғана емес, тұтас Батыстық әлемді жау көрсетті. Бұл әрекет әлі де жалғасып келеді. Алайда Путиннің жоспары кедергіге тап болды, ал оның «империяны жандандыру» арманы сол арман күйінде қалмақ дейді басылым. Басылым мақаласын қысқаша ұсынсақ.

(Сурет Mezgil.kz. ЖИ арқылы жасалды)
Ресей Украинаға басып кірген сәтте, соғысты жылдам аяқтап, алға қойған мақсатқа тез арада жетуді жоспарлады. Көп дегенде бір айға созылуы тиіс қақтығыс қиян-кескі шайқасқа ұласты, ал соғыс төртінші жылға аяқ басты. Осылайша путиндік Ресейдің Украинаға қарсы соғысы сталиндік КСРО-ның Германияға қарсы соғысынан да ұзақ уақытқа қадам басуда. Ресей Украинаның төрт облысын оккупациялау барысында кемі 1,1 млн адамынан (жаралы, қаза тапқан) айырылды. Экономикалық, имидждік және геостратегиялық шығын шаш етектен.
Ресей Украина майданындағы батпаққа батып жатқан сәтте, Мәскеудің ондаған жылдар бойы құрған әріптестік һәм серіктестік байланыстары, одақтары ыдырып, құлауда. АҚШ басшысы Дональд Трамп Мәскеудің геосаяси жиынтығын талқандап жатыр дейді басылым.
Ресей әлемдік аренада өз одақтастарын құтқарып қалуға қауқарсыз күйге түсті. Таяу Шығыста Ресейдің позициясы әлсіреп, 2024 жылы Кремль «аймақтағы бас ойыншының бірі» деген статустан айырылды. Башар Асад Мәскеуге бас сауғалап қашқан сәтте-ақ, Ресей Таяу Шығыстағы басты тетіктен айырылған болатын.
Оңтүстік Америка аймағында да Ресей өз одақтасын қорғай алмады. Ондаған жылдар бойы Кремль Венесуэла билігіне қаржылай инвестиция құйды, қару жеткізді. Ұзақ жылдарға негізделген келісімдер жасасты. Өткен жылдың мамырында Венесуэла басшысы Ресейдегі әскери шеруде басты қонақ болды. Сонымен бірге, Ресей мен Венесуэла арасында стратегиялық келісім жасалды, ол бойынша тараптар бір-біріне түрлі жағдайда қол ұшын созуға уағдаласты. Алайда осының барлығына қарамастан, қаңтардың 3 күні АҚШ-тың арнайы жасағы Венесуэлаға басып кіріп, Мадуроны тұтқындады. АҚШ-қа әкетіп, қылмыстық іс ашты.
Путинді геосаяси кеңістікте кемсіту бұл әрекетпен тоқтаған жоқ. Ресейлік тумен жүзген қос танкерді тоқтату арқылы, АҚШ Ресей басшысын тағы да саяси аренада шапалақпен тартып жібергендей болды.
Жыл бұрын Ресей мен Иран 20 жылға негізделген стратегиялық келісім жасасты. Енді Иран режимінің өзі қиын жағдайға тап болды. 2025 жылдың маусымында Иран мен Израиль тікелей қарулы қақтығысқа түскен сәттің өзінде-ақ, Мәскеу Иранға көмектесе алмады.
Бұл әрекеттердің барлығын бақылап отырған ресейлік әскери блогерлер, сарапшылар өз пікірлерін жазуда. Ресейлік әскери сарапшы әрі блогер Максим Калашников жексенбі күні былай деп жазды: «Тұтас дәуір өз соңына жеткен сияқты», - дейді.
Оның ойынша Ресей билігі «ұлы держава» образын қалыптастыру үшін тым көп уақыт пен қаржыны сарп еткен. Ол шынайы держава болу әрекеті аз болғанын, ал держава іспеттес көріну әрекеті көп болғанын жазды. Калашников «Қажет болса қайталай аламыз» (Германияны жеңгендей жеңе аламыз) деген ұранның шын мәнінде іске аспағанын айтты.
Иран режимін жақтайтын ресейлік сарапшылар соңғы апталарда Мәскеудің Тегеранға бронды көліктерді жеткізгенін жазуда. Соның ішінде «Спартак» көліктері бар. Сондай-ақ, тікұшақтар да жеткізілген. Бұл Ирандағы наразылықтарды басу үшін қолданылуы ықтимал. Бұл туралы сарапшы Никита Смагин айтты. «Иран билігі Мәскеуге үлкен сенім артпайды. Жағдай қатты ушықса, Мәскеу Башар Асад режимін тастап кеткендей, Иран режимінен де оп-оңай алыстайтын болады», - дейді Смагин.
Ал Ресейдің бұрынғы дипломаты Борис Бондарев Ресеймен одақтас елдердің енді Кремльге арқа сүйеу ойы азаятынын жеткізді. «Венесуэла да, Иран да Ресей империясының бөлігі болған емес. Украинамен соғыс басталған сәтте, Ресей өзінің жалғыз еместігін көрсетуге тырысты. Алайда бұл бар болғаны пропаганда еді», - дейді ол.
Ресейдің сарапшылары Трамптың әрекеттерін «халықаралық құқықты өрескел бұзу» деп сипаттап, Ресейдің Украинадағы әрекетін ақтап алуға тырысуда. Ал енді бір сарапшылар Ресей үшін Венесуэла да, Сирия мен Иран да аса маңызды емес деген ойды сіңіруге тырысуда. Сәтсіздіктерін осылайша ақтап алмақ. DONTSTOPWAR арнасы «Германиямен соғыста ел халқы тұтас жұмылды, ал Украинамен соғыста елдің 5 пайызы ғана соғысқа атсалысып, қатысып жатыр» деген ойды айтып, Ресейдің үлкен жеңістерге жетпеуін ақтағандай болуда.
Путиннің өзі әзірге Венесуэладағы, Ирандағы жағдайларға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ. Сарапшылар «Путин әдетте жағымсыз жаңалықтарға пікір білдірмей, ештеңе болмағандай кейіп танытады» дейді. Бондаревтің ойынша, Венесуэла билігін алмастыру және танкерлерді басып алу арқылы, АҚШ Ресейді тығырыққа тіреуге тырысуда. «Ресей қысымға көнбейтінін көрсету үшін, Мәскеу «Орешникті» атып, сес көрсетті» дейді дипломат. Дипломат өз сөзін «Тіпті Ресей әлсіз болса да, ол өзін күшті етіп көрсетуді тоқтатпайды» деп аяқтады.
Mezgil.kz