The Times басылымы Шешенстанда жаңа басшыны таңдауға қатысты қызу пікірталас жүріп жатқанын жазды. Басылым Рамзан Қадыровтың денсаулығы сыр бергенін айтуда. Басылым мақаласын қысқаша ұсынсақ.

49 жастағы Рамзан Қадыровтың денсаулығына қатысты соңғы жылдары көптеген ақпарат шықты. «Шешенстан басшысының жағдайы ауыр» деген ақпарат әлемдік басылымдарда, аймақтық арналарда да айтылды. Сарапшылар Рамзанның денсаулығы сыр бергені күмәнсіз дейді. Ал оның орнын кім басуы мүмкін?
Путин билігі үшін Кавказ аймағы, соның ішінде Шешенстан аса маңызды. Шешенстандағы тұрақтылыққа Кремль өте көп уақыт пен ресурсты сарп етті. Путин өз билігінің алғашқы он жылын Шешенстандағы тұрақтылыққа арнады. Ендігі таңда, Ресей үшін Рамзанның орнына дәл сондай лояльды тұлғаның келуі маңызды саналады.
Рамзан Қадыров Путинді қолдаушылардың бірі. Алайда соңғы жылдары Шешенстан басшысы бүйрек және ұйқы безі ауруына шалдықты. Соңғы рет Қадыров халық алдына бір аптадан астам уақыт бұрын шықты. Оның жүзі солғын еді.
Өткен аптада Ресейдің «Новая газета» оппозициялық басылымы Қадыровтың Мәскеудегі ауруханаға жатқызылғанын жазды. Оның жағдайы Путин басшылық ететін Мемлекеттік кеңес отырысының алдында күрт нашарлаған. Қадыров кеңес отырысына қатыспаған дейді сарапшылар. Ресми суреттерде оның сұлбасы көрінбейді. Әлбетте, бұл ақпаратты ресми Шешенстан билігі, артынша Қадыровтың өзі де жоққа шығарып, жазба жариялады.
Бір ай бұрын Қадыров былай деді: «Ел аузында жүрген өсекке сенсек, мен кәрілікті көрмей кететін сияқтымын. Мен кәрілікті көргім де келмейді. Бәрі мені сыйлайтын, құрмет тұтып, жақсы көретін сәтте өмірден өткім келеді».
«Укринформ» басылымы Қадыровтың Шешенстандағы жеке емхананың бірінде бүйрегін емдетіп, диализ алып жатқанын жазды. Қадыровтың жақындары емханаға жиі баратын болған.
Рамзан Қадыров үшін «тақ мұрагерін» таңдау аса маңызды. Бұл ең алдымен Қадыров әулетінің қауіпсіздігі мәселесіне келіп тіреледі. Қазіргі таңда Қадыров әулетінің 100-ге жуық мүшесі Шешенстандағы түрлі лауазымды иемденген. Кәсіпкер, шенеунік, қауіпсіздік саласының басшылары, бюджетті бақылау жүйесі және басқаны Қадыровтың жақындары басқарады. Ресей бойынша өз жақындарын, туыстарын лауазымға тағайындау көрсеткішінен Қадыров бірінші орында тұр. Екінші орында Владимир Путин жайғасқан. Путин кемі 26 туысын түрлі лауазымға жайғастырған.
Сарапшылардың бір бөлігі Рамзан Қадыров өзінің үшінші ұлы Адам Қадыровты Шешенстан басшысы ретінде көретінін айтқан. Адамның жасы 18-де. Оның іс-әрекеті Рамзанның жастық шағын еске салады. Соңғы екі жылда Адам Қадыров ондаған марапат алып, бірнеше лауазымға тағайындалды. Соның ішінде Шешенстан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы деген аса жауапты лауазым да бар.
Рамзан Қадыровтың тағы бір ұлы Ахмат та тақтан дәмелі. Ол Спорт министрлігін басқарды, ал жақында Шешенстан үкіметі басшысының орынбасары лауазымына ие болды.
Кавказ бойынша сарапшы Гарольд Чемберстің пікірінше, Рамзан Қадыров «Ресейдің күштік құрылымдары тарапынан қауіп артқан сәтте, өз жақындарын маңызды орындарға отырғызып, қарсы реакция білдіруге тырысып жатыр». Қадыров өз денсаулығының сыр беруіне байланысты ұлдарын жылдам арада маңызды орындарға отырғызуда.
Сарапшылар Кремльдің Адам Қадыровты Шешенстан басшысы ретінде көрмейтінін айтуда. Оның орнына Апти Алаудиновты немесе Адам Делімхановты таңдауы ықтимал. Сақа сарапшылар Шешенстандағы билік Украина соғысы аяқталғанша ауысуы мүмкін деп топшылауда.
Mezgil.kz