Трамптан қашқан танкерлер: Кремль кемелерді "құтқара" ала ма?

АҚШ әлемдегі мұнай таситын көлеңкелі флот танкерлерін бірінен соң бірін ұстауда. Соның ішінде Ресей, Иран және Венесуэла танкерлері бар. Бұлар мұнай сататын елдер саналады және халықаралық заңнамаларды өрескел бұзғаны үшін түрлі санкцияға ұшыраған. Bloomberg басылымы көлеңкелі флоттардың танкерлері Ресейден қорғаныс іздейтінін жазды.


ChatGPT Image 15 янв. 2026 г., 14_30_28.png(Сурет Mezgil.kz. ЖИ арқылы жасалды)

 

Starboard Maritime Intelligence жазбасына сүйенсек, желтоқсан айында кемі 26 танкер өзінің тіркеу құжатын ресейлік тіркеуге өзгерткен. Бұл АҚШ әскері Венесуэла жағалауында Skipper танкерін басып алғаннан кейін іске асты. Ресейлік тіркеуге қараша айында 6 танкер, ал қарашаға дейін бес айдың ішінде 14 танкер өткен. Яғни, желтоқсан айында ресейлік тіркеуге өткен танкерлер саны рекордтық көрсеткішке жеткен деген сөз.

 

Әлемде Ресей, Иран, Венесуэла мұнайын тасымалдайтын 1500-ге жуық танкер бар. Олардың 13 пайызы ресейлік тіркеуге өтті. Қалған кемелер әдетте ұсақ аралдардың туымен немесе Африка елдерінің байрағымен жүзеді. Көбінесе Панама, Комор аралдары, Гвинея сынды елдерде тіркеу құжатын алады. Осылайша көлеңкелі флот танкерлері заңды әрекет жасағандай кейіп танытады.

 

Танкерлердің иелері Ресейде тіркелсе, Мәскеу саяси қорғаныш болатынына сенімді. Сарапшы Чарли Браун былай дейді: «Көлеңкелі флоттың танкерлері ресейлік тіркеуге өтіп, Мәскеудің қолшатырында болғысы келеді. Алайда бұның тәуекелі де көп. Ресейлік тіркеуге өту арқылы олар автоматты түрде санкцияны бұзған кемеге айналады. Осылайша танкер иелері айыппұл арқалаудан бөлек, геосаяси ойындардың құрбанына айналуы мүмкін. Ұсталған жағдайда сотталады», - дейді.

 

АҚШ 2024 жылы Bella 1 танкеріне санкция салды. Танкер желтоқсан айында Венесуэла маңында байқалды. АҚШ-тың жағалау күзеті танкерді тоқтатпақ болды. Кеме жылдамдығын арттырып, өзінің тіркеу нөмірін өзгертуге тырысты. Ол Гайанаға тіркелген еді. Тіркеуден шығып, бірден бортта Ресейдің туын көтерді. Атауын да өзгертті. Енді кеме Marinera деп аталды. АҚШ кеменің бұл құйтырқы әрекетіне қарамастан, танкерді өкшелей қууын тоқтатпады. Сарапшылар «кемені басып алу АҚШ пен Ресей арасындағы жағдайды күрт шиеленістіреді» деп жатты. Ресей танкерді қорғау үшін әскери кемелерді жіберді. Оның ішінде сүңгуір қайық та бар еді. Алайда АҚШ әскері Исландия жағалауында танкерді қуып жетті, десант түсіріп, басып алды. Ресей билігі әрекетсіз қарап тұруға мәжбүр болды.

 

Қазіргі таңда АҚШ кемі 5 танкерді тоқтатып, басып алған. Олардың барлығы дерлік Венесуэла мұнайын тасымалдаған болатын. Алайда бұл танкерлер Ресей мен Иранға да қатысты. Трамп әкімшілігі былай деп мәлімдеді: «Сот ұстауға шешім шығарған танкерлерді әлемнің қай тұсында болса да, ұстаймыз. Қай елдің тіркеуіне өтсе де тәркілейміз!»


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар