Пулемет пен тікұшақ: Ресей Иран билігіне наразылықтарды тұншықтыруда қалай көмектесуде?

Foreign Policy басылымы Ресейдің Иран билігіне наразылықтарды басу үшін қалай көмек қолын созғаны туралы жазды. Мәскеу Тегеранға әскери техника, қару-жарақ жеткізуде. Ал Иран билігі оны режимге қарсы үн қатып, көшеге шыққандарға қарсы қолдануда. Басылым мақаласын қысқаша назарларыңызға ұсынамыз.


ChatGPT Image 16 янв. 2026 г., 13_53_19.png

 (Сурет Mezgil.kz. ЖИ арқылы жасалды)


Ресей соңғы жылдары өзінің геосаяси одақтастарынан айырылып жатқанын бақылауда. Кавказ, Таяу Шығыс, Африка және Оңтүстік Америкада Ресеймен серіктес, одақтас болған бірнеше режим құлап, билік ауысты. Башар Асадтың бас сауғалап қашуы, Мадуроның өз елінде қолға түсуі Мәскеуді есеңгіретіп тастады. Ал екі апта бұрын Иранда үлкен саяси дағдарыс басталды. Наразылықтар режимді шайқалтуда.

 

Ресей Тегеранға тікелей әскер жіберіп, режимді құтқармайды. Оған Мәскеудің қауқары да жетпейді. Кремль барлық ресурсын Украина соғысына салуда. Алайда Мәскеу аятолла режимін басқа жолмен қолдайды. Ресей авторитарлық режимдерге репрессияға қажетті құрал-жабдықтарды жеткізеді. Қару-жарақ, бақылау жүйелері, байланысты өшіру құрылғылары. Сыртқы саясатта Ресей «өзге елдердің Иранның ішкі саясатына араласуына қарсылық танытуда». Ал БҰҰ іспеттес ұйымдарда Иран билігіне қолдау білдіруде.

 

Ресей үшін Ирандағы режимнің сақталуы өзіне қатысты қауіппен де байланысты. Әлемде ұзақ жылдар бойы қалыптасқан авторитарлық режимдер бірінен соң бірі құлауда. Бұл Кремльде «келесі кезек кімде» деген ойды туындатады. Ресейдегі саяси элита халықтың наразылығы арқылы билікті ауыстыру технологиясын сол үшін де айыптап келеді. 2000-шы жылдардың ортасында шығыс Еуропа мен посткеңестік елдерде бірнеше түрлі-түсті революция болды. 2011-2012 жылдары Ресейде бірнеше ауқымды митинг өтті. 2009 жылы Иранда үлкен бұлқыныс басталды және қазіргі наразылықтарды соның жалғасы деуге де болады. Мәскеу дәл осы сценарийлердің өзінде қайталануынан сескенеді.

 

Ресей Иранның ішкі қауіпсіздік қызметі наразылықтарға қарсы тұра алатынына сенімді. Иранды қолдау үшін Ресейден тиісті қару-жарақ өз уақытында жеткізіліп тұрса болғаны. Иранның полициясы, «Басидж» жасақтары, Ислам революциясының сақшылар корпусы көбіне Ресейден келген «Калашников» автоматтарын қолданады. 2016 жылы Ресей Ислам революциясының сақшылар корпусына АК-103 автоматтарын жеткізді. Артынша осы автоматтың Ирандық үлгісі Тегеран маңында құрастырыла бастады. Иран билігі наразылықтарды басуда дәл осы қаруларды кеңінен қолданып келеді.

 

Иран наразылық акцияларын басуда «Драгунов» снайперлік мылтығын да қолдануда. Бұл нақты деректермен, фото-видео дәлелдермен бекітілген факт. Аталған қаруды Иран билігі наразылыққа шыққан көшбасшыларды құрту үшін қолдануда.

 

2019 жылы Иранда бірнеше ауқымды наразылық акциялары өтті. Наразылықты басу сәтінде Иранның кей жасақтары «Калашников» пулеметтерін (ПКМ) қолданды. Иранда кеңестік кезеңнің техникасы жеткілікті. Соның ішінде БТР-60 және БТР-50 техникаларын наразылық акцияларын басып-жаншуда қолданып келеді. Жаяу әскерге арналған бронды көліктерді де қолданады.

 

Ресей Иранға тікұшақтарды да жеткізді. Иранға кемі 25 дана Ми-17 тікұшағы жеткізілген. Тікұшақтарды жеткізу бойынша келісімдер 90-шы жылдардың соңында жасалды.

 

2022 жылы Иранда ірі наразылықтар өтіп, мыңнан астам адам көз жұмды. Иранның ар-ождан полициясы Махса Амини есімді қызды полиция бөлімшесіне апарып, орамалды қате таққаны үшін соққыға жығып, мерт етті. Бұл ел халқының жаппай наразылығына ұласты. Көтерілісті аяусыз жаншыған соң, Иранның күштік құрылымдары Ресейге келіп, қорғаныс саласының кешендерін аралап, наразылықтарды басуға арналған құрал-жабдықтарды алуға тапсырыс берді. Соның ішінде көзден жас ағызар гранаталар, есіктерді бұзатын құрылғылар, қалқандар және басқалар бар еді.

 

Ресей Иранға наразылық сәтінде ақпараттық кеңістікті бақылауды да үйретті. Интернетті бұғаттау тәсілдерін Иран мамандары Ресейден үйренді. 8-қаңтардан бастап Иран интернетті бұғаттап тастады. Байланыс желілері өшірілді. Осылайша Иран қоғамды байланыссыз қалдырып, наразы топтар арасындағы ақпарат алмасуды қиындатты.

 

Ресейдің Protei сынды компаниялары трафикті басқару, мониторинг жасауда Иранға қол ұшын созды. Электронды күрес жүргізу де маңызды еді. О баста әскери мақсатта шығарылған «Красуха-4», «Мурманск-БН» сынды кешендер спутниктік байланысты нашарлату үшін қолданылады. Бұл кешендер де наразылықтарды басуда көмекші құралға айналды. Иран халқының аз бөлігі Starlink терминалдарын қолданады. Starlink Иранда ресми рұқсат етілмеген. Иранда наразылық басталған сәтте билік байланыс жүйесін толық өшіріп, интернетті бұғаттады. Алайда Starlink терминалдарын сөндіре алмады. Тегеран Ресей мен Қытайдан арнайы құрылғылар алып, Starlink терминалдарына кедергі жасап, оларды анықтауға қол жеткізді.

 

Осылайша Ресей Иранға жылдар бойы ішкі наразылықтарды басуға жәрдемдесіп келеді. Наразылықтарға қарсы бірнеше қорғаныс жүйесін құруға көмектесті. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар