«Қазақстан Тәуелсіздігін мойындамайтын» Дугинге Ресейдің дұғасын оқитын күн туа ма?

Ресейде Александр Дугин деген «маркссақал», әсіреимпершіл адам бар. Ресейдің қатып-семген шовинсі. Путин басқаруындағы Ресейдің соңғы жылдары бірнеше соғысты бастауына себепкер болған «Орыс әлемі» деген дәудей идеологияның авторы һәм насихатшысы. Ресейдің сыртқы және ішкі саясатының келбетін қалыптастырушылардың бірі.

1768812505648172.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Міне, сол Дугин күні кеше: «Қазақстан мен өзге де посткеңестік елдердің тәуелсіздігін мойындамау керек, оларды Мәскеуге бағындыру керек», - деп жарияға жар салды. Миының қыртыс-қыртысына «Ресейді қайта империя ету» дейтін агрессивті, өктем идея ішмайша жабысып қалған Дугин бұл жолы жалпылама сөйлеген жоқ. Әр елдің атын атап, тсүін түстеп сөйледі.

РЕСЕЙ ИДЕОЛОГЫ: ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ РҰҚСАТ ЖОҚ!

Дугин сөзбе-сөз: «Посткеңестік кеңістіктегі тәуелсіз мемлекет болып өмір сүру дәуірі аяқталды», - деді екіпіндеп келіп.

Дугиннің сөзінше: Қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңде Ресей өзі үшін стратегиялық тұрғыда маңызды және өзінің ықпал ету аймағы деп санайтын территориялар үшін орталық болуы керек. Ал Ресей ықпалынан тыс қалатын кез келген мемлекет күндердің күнінде Ресейге қарсы геосаяси ойынның қралы болады-мыс.

«Біздің мақсатымыз – үшполюсті жаңа әлемде маңызды күш орталығы болу. Егеменді, еркін, тәуелсіз әрі ірі болуымыз керек. Ал біздің ықпалымыздаб олуға қарсы мемлекеттердің бірде-бірі нейтралды қалмайды. Бізге қарсы өзге алыптардың қуыршағы болады», - дейді Дугин.

«Олардың өз бетінше болуына жол берілмеуі керек», - деген Дугин нақты мемлекеттерді тізбелеп шығыпты. Олар – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Грузия мен Әзірбайжан.

«Егеменді – Арменияның, егеменді – Грузияның, егеменді – Әзірбайжанның, егеменді – Қазақстанның, егеменді – Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанның болуына мүлде жол бермеу керек», - дейді Ресейдің бас идеологы сөзбе-сөз.

Онан әрі: «Жаңа әлемдік құрылыста олардың тәуелсіздігіне орын жоқ. Олар не біздің ықпалымызға өтепі, Ортақ Одақтың мүшесі болады. Немесе Батыс пен ЕО-ның, АҚШ пен Қытайдың бірінің ықпалына өтіп, Ресейге қарсы плацдарм болады», - дейді Александр Дугин.

ДУГИННІҢ АРНАМЫ - ЕУРАЗИЯЛЫҚ МАКРОМЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ!

Александр Дугин Ресей билігінің соңғы 20 жылда ұстанатын идеологиясының негізін қалаушылардың бірі екенін жоғарыда айттық. Дугин Украинаның мемлекет ретінде қалыптасуына о бастан қарсылық танытып, 90-шы жылдары бірнеше өткір мақала жазған.

Дугин былтыр «Посткеңестік кеңістік пен постимпериялық кеңістікте макромемлекетті қалпына келтіру қашып құтылмайтын шындық» атты директива жариялады.

Ол Дугин былай дейді: «Бүгінгі күні макромемлекет құрудың қажеттілігі күн санап арту үстінде. Оны құру ТМД-ны қалыптастыру сәтінде-ақ аңғарылған еді. ТМД біріктіруші болуы тиіс еді, алайда ол бұл міндетті атқара алмады. ТМД интеграция міндетін атқара алмайтыны белгілі болған сәтте, Еуразиялық одақ құрылды. Алайда оған тек қана экономикалық идеялар кіргізілді. Тек қана экономикамен біріктіру іске аспайтыны белгілі ғой, демек ол да кібіртіктеп тұрып қалды. Тек қана Ресей-Беларусь арасындағы одақтас мемлекет жобасымен кішігірім жетістікке қол жеткіздік.

Қазір әлемдік жүйені қайта құру басталған сәтте, бұл істің сәті туып тұр. Мұндай сәтте интеграция жасай алатын ұлы державалар ғана өзінің суверенитетін сақтап қала алады. Ал кіші елдерге қай державамен бірге боламын дегенді таңдау ғана қалады. Егер олар өз таңдауын жасамаса, онда олар әлемдік саясаттың негізгі және жалғыз субъектісіне айналып келе жатқан державалардың ықпалында талан-таражға түсетін қайғылы тағдырға тап болмақ», - деп жазады. Деп жазады да, посткеңестік елдердің басым көпшілігінің басын құрап – Еуразиялық макромемлекет құруды ұсынады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАҢДАУ ҚҰҚЫ

Дугин қазаққа да қарсы сан рет аузына келгенін айтқан. Оның Қазақстанның тұтастығына, Солтүстік Қазақстан облысына қатысты жасаған мәлімдемелері мен айтқан сөздерін ұмыта қойған жоқпыз.

Дугин бұл жолы бір нәрсені «дұрыс айтты». Ол – қазір әлемдік геосаяси карта қайта сызылып жатыр. Ал мұндай алашапқын кезеңде мемлекет пен мемлекет арасындағы әрбір интеграция үшін талас та, күрес те қыза түсетіні анық. Ал Қазақстан – Орталық Азия географиялық аймағының ең әлеуетті ойыншысы һәм лидері ретінде әлем елдерінің көзіне түсіп отырғаны жасырын емес. Өзінің трензиттік-логистикалық потенциалы мен аса ірі көлемдегі табиғи ресурстары Қазақстанды «орта державалық» ойынша ғана етіп қоймай, интеграциялық таңдау құқын да беріп отыр.

Сол себепті де, әлем елдері Орталық Азияның осы әлеуетін көріп, біліп, байланысты тереңдетуге түрлі экономикалық-саяси ұсыныстарымен келуде. Ал Патшалық Ресей кезеңінен бері сыртқы саясатта ұрда-жық идеологиямен өмір сүріп келген бүгінгі Ресейдің басшы-қосшылары мен Дугин іспеттес соғысқұмар «идеологтары» іс жүргізу тактикасын һәм сөйлеу мәтерін өзгертпесе, агрессивті сыртқы саясат кері эффектісін көрсетіп, Мәскеуді ОА-дан алыстата түспек.

Түйін:  Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні біреу. Ол – «Орыс әлемінің» бас насихатшысы мен оның сөзін Пайғамбар сөзіндей қабылдайтың Ресейдің саяси элитасы импершілдік ойынан айнымаса, онда Дугинге Ресейдің дұғасын оқитын күн де алыс болмаса керек. Өйткені ашкөздіктің түбі – құрдым.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар