Құпия жағдайда көз жұмған ресейлік дипломат пен олигарх: Кипрде не болып жатыр?

Соңғы апталарда Кипр әлемдік БАҚ-тың басты беттерінен түспеді. Аралдық аймақтағы тосын оқиғалар тілшілер назарын өзіне аудартты. 1-қаңтарда Кипр Еуропалық Кеңеске төрағалық етуді бастады. Осылайша кішкентай ғана ел Еуропа саясатының басты тақырыптарын көтермек. Алайда Кипрдің өзінде оқыс оқиғалар саны артты және оның барлығы да ресейлік азаматтармен байланысты.


ChatGPT Image 19 янв. 2026 г., 14_39_00.png

 (Сурет Mezgil.kz, ЖИ арқылы жасалды)


Дүйсенбі күні Кипрдегі Ресей елшілігі өз қызметкерлерінің бірі Антон Пановтың өмірден өткенін айтып, көңіл айту хабарламасын жариялады. Пановтың өліміне қатысты егжей-тегжей ақпарат жарияланған жоқ. Тіпті, ресейлік тарап елшілік аумағына о баста полиция қызметкерлері мен Кипр билігінің өкілдерін кіргізуден де бас тартқан. Артынша Ресей тарапы өз рұқсатын берген. Мәйітті сараптамадан өткізгеннен кейін, Кипр тарапы суицид деген қорытындыға келді.

 

Елшілік аумағында дипломаттың көз жұмуы түрлі алып-қашпа әңгімеге арқау болуда. Кей сарапшылар тіпті «бұл өлімнің артында Ресейдің арнайы қызметі тұр» дегенді айтуда. Ресейдің қуғындалған ақпарат көздері мен шетелдегі тәуелсіз басылымдары өз зерттеулерін де бастап кетті. Ресейлік тәуелсіз тілшілердің жазуынша, Панов Ресейдің СІМ-інде 17 жыл жұмыс істеген. Оның сыртқы барлау қызметімен де тығыз байланысы болған. Бейресми ақпарат көздері Панов көз жұмар алдында Лавровпен сөйлескенін жазды. Бұл өлімге қатысты түрлі болжам толастар емес.

 

Кипрдегі тағы бір оқиға көптің назарын өзіне аудартты. Кипр полициясы апта бұрын Владислав Баумгертнер есімді азаматқа іздеу жариялады. Ол Ресей азаматы, олигарх. Ұзақ жылдар бойы ресейлік «Уралкалий» химиялық кешеніне басшылық еткен. 2013 жылы Владислав Баумгертнер Беларусьтағы серіктесімен жанжалға келіп, Лукашенконың қаһарына ұшырады. Сол сәтте Баумгертнерді Беларусь күштік құрылымдары тұтқындады. Бұл Минск пен Мәскеу арасындағы жанжалға ұласқан болатын. Кейін оны Беларусь билігі Ресейге экстрадициялады.

 

Бірнеше күн бұрын, із-түссіз жоғалды деген Баумгертнердің денесі Кипр жағалауларының бірінен табылды. Бейресми ақпарат көздері солай дейді. Алайда ресми ақпарат әлі жоқ. Ажалдың себебі мен уақыты да әзірге белгісіз.

 

Кипрда саяси дағдарыс та күшейді. 8-қаңтарда Х (Туиттер) желісінде 8 минуттық видео жарияланды. Видеода бұрынғы министрлер, президент аппаратының басшысы елдегі жемқорлық жайлы айтқаны көрсетілген. Президентті сайлау сәтіндегі парақорлық туралы айтқан. Алайда видеоның рас-өтірігі, ЖИ арқылы жасалған немесе шынайы екендігі белгісіз. Дегенмен бұл ақпарат Кипр қоғамын дүр сілкіндірді және қызу талқыға арқау болды.

 

Бұл видеоға қатысты шенеуніктер түрлі жауап айтуда. Бірі оны «жалған» десе, енді бірі «сөздерді қырқып алған» дейді. Ел президенті Никос Христодулидис видеоға байланысты үндеу жасап, «елдегі кез келген жемқорлық фактісін ашық жариялауды» талап етті.

 

Кипр билігі видеоны кімдер әзірлегенін анықтауға тырысуда. Сол үшін АҚШ, Франция, Грекия және Израиль тарапынан да көмек сұраған. Кей кипрлік сарапшылар видеоны Ресей жасады деген ойда. «Бұл гибридті шабуыл. Ресей Кипрдің Еуропа Кеңесіне төрағалығы басталған сәтте, үлкен саяси дау бастау үшін ақпараттық шабуыл бастады», - дейді олар.

 

Украинадағы соғыс басталған соң, Кипр Ресейден алшақтап, Киевті жақтайтын позицияға көшті. Бұрын ресейлік олигархтар мен барлау басшылары Кипрден бейресми есепшот ашса, енді ол тәжірибе тоқтатылған еді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар