Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қазақстанның саяси, идеологиялық және институционалдық дамуы тұрғысынан шын мәнінде тарихи белес болды. Бұл жолғы жиын жай ғана есеп беру немесе декларативті мәлімдемелермен шектелген жоқ.

(Сурет: akorda.kz)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда төрінен елдің болашақ саяси архитектурасын айқындайтын, ұзақ жылдарға бағыт-бағдар беретін батыл әрі жүйелі бастамалар көтерді. Құрылтай осы жолы кеңесші алаң емес, нақты шешімдер қабылданатын, саяси ерік айқын көрінетін институт ретінде көрінді.
Президенттің сөзі Қазақстанның соңғы жылдардағы эволюциялық дамуын бір арнаға тоғыстырды. Экономикалық өсім, әлеуметтік инфрақұрылымның кеңеюі, мәдениет пен руханиятқа бетбұрыс, су қауіпсіздігі мен экология, ұлттық бірегейлік пен цифрлық мұра – мұның бәрі бір-бірінен бөлек тақырыптар емес, біртұтас мемлекеттік стратегияның құрамдас бөліктері ретінде ұсынылды. Бұл – Тоқаев саясатының басты ерекшелігі: реформалар фрагменттелмейді, олар бірін-бірі толықтырып, ортақ мақсатқа қызмет етеді.
«СЫР – АЛАШТЫҢ АНАСЫ»
Құрылтайдың Қызылордада өтуінің өзі символдық мәнге ие. «Сыр – Алаштың анасы» атанған өңірде Мемлекет басшысы ұлттық мемлекеттіліктің тарихи тамыры мен қазіргі реформалардың сабақтастығын нақты көрсетті. Президенттің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты келтірген деректері Қызылорданың тек дотациялық аймақ емес, инвестиция тартатын, логистикалық және энергетикалық әлеуеті бар өңірге айналып келе жатқанын дәлелдеді. Бұл – өңірлік саясаттың нәтижесі ғана емес, орталық пен аймақ арасындағы жауапкершіліктің теңгерімді бөлінгенін көрсететін белгі.
ЖАҢА ПАРЛАМЕНТ «ҚҰРЫЛТАЙ» ДЕП АТАЛАДЫ
Алайда Құрылтайдың ең басты жаңалығы – саяси жүйені түбегейлі қайта құруға қатысты мәлімдемелер болды. Мемлекет басшысы ел басқару жүйесін заман талабына бейімдеу үшін билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін күшейтетін жаңа мемлекеттік институттарды енгізу қажеттігін де ашық айтты. Соның ішінде вице-президент институтын қалыптастыру мәселесі саяси қауымдастықта үлкен қызығушылық тудырды.
Бұл бастама атқарушы биліктің тұрақтылығын арттырып, басқару жүйесінде сабақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған. Президент ұсынған бұл модель тұлғалық факторға емес, институционалдық беріктікке негізделген мемлекет құру мақсатын көздейді. Президент бір палаталы Парламентке көшу бастамасын нақты институционалдық шешімдермен бекітті.
Ең маңыздысы – жаңа Парламентке «Құрылтай» атауын беру туралы ұсыныс. Бұл – жай ғана атау ауыстыру емес. Бұл қадам арқылы тарихи саяси дәстүр қазіргі мемлекеттік басқару жүйесіне бейімделіп, заң шығарушы билікке ұлттық мазмұн мен легитимділік беріліп отыр. Құрылтай – қазақ саяси мәдениетінде ортақ мәміле мен жауапкершіліктің символы. Енді сол ұғым заң шығару ісінің өзегіне айналмақ.
ЖАҢА ПАРЛАМЕНТТІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?
Президенттің «мәселе санда емес, сапада» деген ұстанымы да айқын көрінді. Депутаттар санын 145 мандатпен шектеу, комитеттер санын ықшамдау, Президенттік және Ассамблея квоталарын алып тастау – мұның бәрі Парламентті шын мәнінде дербес, кәсіби және бәсекеге қабілетті органға айналдыруға бағытталған. Бұл – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін білдіреді.
Сонымен қатар Президент мемлекеттік басқарудағы жауапкершілік пен тиімділікті арттыру үшін Үкімет қызметіне қойылатын талаптардың күшейтілетінін, стратегиялық шешімдер нақты нәтижемен өлшенуі тиіс екенін қадап айтты. Мемлекеттік аппарат пиар мен ұранға емес, нақты көрсеткіш пен қоғам алдындағы есепке жұмыс істеуі керек деген ұстаным Құрылтайдың негізгі өзегіне айналды.
САЯСИ ПЛЮРАЛИЗМДІ НЫҒАЙТУ
Сонымен қатар әлеуметтік әділдік қағидаты сақталды. Әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаның қалдырылуы – реформалардың тек элиталық сипатта емес, инклюзивті бағытта жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Бес пайыздық сайлау межесінің сақталуы да саяси плюрализмді нығайтып, партиялар арасындағы бәсекені әлсіретпей, керісінше институционалдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
ҚҰРЫЛТАЙДА КӨТЕРІЛГЕН БАСТАМАЛАР
Құрылтайда көтерілген рухани-идеологиялық бастамалар да саяси реформалармен тікелей сабақтас.
Президент мәдени саясатты мемлекеттік қауіпсіздік пен ұлттық тұтастықтың маңызды бөлігі ретінде қарастырды. Сонымен бірге цифрландыру, жасанды интеллект, білім мен ғылым саласына инвестиция салу мәселелері де мемлекеттік дамудың жаңа тірегі ретінде атап өтілді. Бұл бағыттар елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін стратегиялық міндеттер ретінде белгіленді. Президент мәдениет пен өнерді мемлекеттік саясаттың стратегиялық тірегіне айналдыру қажеттігін ашық айтты. Театрлар, музейлер, кітапханалар, тарихи мұраларды ЮНЕСКО тізіміне енгізу, «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру – мұның бәрі ұлттық сананы жаңғыртпайынша, институционалдық реформалардың толық нәтиже бермейтінін түсінген саяси көзқарастың көрінісі.
Су қауіпсіздігі, Арал мәселесі, халықаралық су дипломатиясы туралы айтылған ойлар да ішкі және сыртқы саясаттың өзара байланысын көрсетті. Қазақстан өзін тек аймақтық ойыншы емес, жаһандық жауапкершілігі бар мемлекет ретінде танытып отыр. Халықаралық су ұйымын құру бастамасы – елдің сыртқы саясаттағы салмағын арттыратын нақты ұсыныс.
Құрылтай барысында қозғалған құқықтық тәртіп, зорлық-зомбылыққа нөлдік төзім, «қыз алып қашу – қылмыс» деген Президенттің қатаң мәлімдемесі де қоғамға анық сигнал берді. Бұл – мемлекет заң мен тәртіп мәселесінде ешқандай ымыраға бармайтынын көрсететін саяси манифест.
Жалпы алғанда, Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қазақстанның жаңа саяси кезеңге аяқ басқанын айқын көрсетті. Бұл жиында айтылған сөздер ұран немесе ниет деңгейінде қалған жоқ, нақты құрылымдық өзгерістермен бекітілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл Құрылтайда реформатор ғана емес, жүйе құрушы көшбасшы ретінде көрінді.
Ендігі басты мәселе – айтылған бастамалардың орындалуы. Бірақ бір нәрсе анық: бұл Құрылтай Қазақстан тарихында елдің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған шешуші сәт ретінде қалатыны сөзсіз.
Mezgil.kz