Трамп Гренландияны алмақ: Мәскеудің әскері мен Қытайдың кемесі. Бұл аралдың маңызы неде?

Neue Zürcher Zeitung басылымы Трамптың Гренландия аралына шүйлігуі, Қытай мен Ресейдің Гренландия маңындағы әрекеті туралы жазды. Қысқаша баяндасақ.


ChatGPT Image 20 янв. 2026 г., 17_13_26.png

 (Сурет Mezgil.kz, ЖИ арқылы жасалды)


Сарапшылар Гренландия маңында Ресей мен Қытайдың кемелері өте аз екенін айтуда. Тіпті жоқтың қасы. Алайда Гренландиядан алыс қашықтықта, Арктикада Мәскеу мен Бейжіңнің кемелері жеткілікті.

 

Трамп Гренландияны АҚШ-тың аумағы етуді қалайды. Ол басты аргумент ретінде «Қытай немесе Ресей аралды басып алады» дегенді айтуда. Бұл 2025 жылдың қарашасында жарияланған АҚШ-тың қауіпсіздік стратегиясына сәйкес келеді. Жаңа стратегияда АҚШ өз қарсыластарын тұқырту үшін көбірек әрекет ету керектігі жазылды.

 

Гренландия орналасу тұрғысынан геосаяси маңыздылыққа ие. Ол Арктика, Еуропа мен Америка түйіскен жерде тұр. Сарапшылардың ойынша, Қытай мен Ресей Гренландияның маңызды екенін біледі, алайда аралды басып алуға ниетті емес.

 

Данияның Гренландиядағы бас қолбасшысы Сёрен Андерсеннің сөзінше, Гренландия маңында Қытайдың не Ресейдің кемелері жиі бой көрсетпейді. Соңғы рет Ресейдің кемесі Гренландия маңынан 570 шақырым қашықтықта байқалған. Ол теңізді зерттеумен айналысқан ресейлік ғалымдардың кемесі еді.  

 

АҚШ Гренландияның қауіпсіздігінде маңызды рөл ойнайды. 1951 жылдан бері АҚШ пен Дания қауіпсіздік келісімін жасасқан. АҚШ-тың аралда кішігірім әскери базасы да бар. Онда зымырандарды бақылау жүйесі орнатылған.

 

Нағыз бәсекелестік Арктика аймағында, Гренландиядан мың шақырым қашықтықта жүруде. Қытай, Ресей және АҚШ ресурс үшін таласуда. Мұнай, газ және сирек кездесетін металлдар қорын иемденуге үш держава да қызығушылық танытып отыр. Алайда мұз құрсауындағы аймақтан ресурс игеру өте қиын. Дегенмен соңғы жылдары жаһандық жылыну салдарынан Арктика аймағы да жылынуда. Мұз жылдам еріп, жаңа кеніштерді табу қарқыны артты. Мұз еріген сәтте, тауар таситын кемелер де бұл аймақтан көп өтетін болды. Енді Арктика тек ресурс үшін емес, логистика үшін де маңызды бола түсті.

 

Аймақта Ресей, Еуропа және АҚШ-тың әскери кемелері бар. Ал Қытайдың әскери кемелері жоқтың қасы. 2013 жылдан бері Қытай Арктикалық кеңесте бақылаушы ретінде қызмет атқаруда. Ал 2018 жылы Бейжің Арктиканы игеруге қатысты стратегиясын жаңартты. 2024 жылдан бастап Арктикада Қытайдың мұзжарғыш кемелерінің саны арта түсті. Осылайша Қытай бейтараптықтан белсенділікке көшуде.

 

Ресейде 50-ге жуық мұзжарғыш кеме болса, Қытай мен АҚШ-та оның саны әлдеқайда азырақ. Трамп мұзжарғыш кемелердің санын 40-тан асыруды жоспарлауда. Данияның барлау қызметі Қытайдың Арктикада әскери белсенділігі де артатынын айтып, ескерту жасауда. Алайда бұл процесстердің барлығы да Гренландия шекарасынан кемі 1000-1500 шақырым қашықтықта іске асуда. Ал Гренландияда Қытайдың саяси-экономикалық жоспары іске аспады. Бейжің Гренландияда әуежай салып, теңіз әскери базасын орнатуды ойлаған. Бірақ жоспарды Дания қабылдаған жоқ.

 

Ресей үшін Гренландия өте маңызды. Мәскеу Гренландияны Атлант мұхитына шығатын жол санайды. Ресей Жаңа Жер аралындағы базасын модернизациялады. Әуежайды кеңейтіп, Арктикаға жақын аймақтағы порттарын жаңартты. Әуе қорғаныс жүйелерінің санын арттырды.

 

Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіруі Ресейдің Балтық аймағындағы әлеуетін әлсіретті. Мәскеу енді Арктика аймағында әскери әлеуетін арттыру арқылы НАТО-ға жауап қатуда. Егер Гренландия АҚШ-тың территориясына айналса, Ресейдің Арктика аймағындағы әскери әлеуеті де азая түспек. Ал АҚШ-тың аралға қойылатын зымырандары Мәскеу мен Петерборға тікелей қауіп төндіретін болады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар