Әзірбайжан саясаткері Мәскеуді сойып салды: «Кремль және сана үшін соғыс»

Жуырда Әзірбайжандағы «Хазар» халықаралық университетінің профессоры, халықаралық сарапшы, саясаттанушы Рамиз Юнус посткеңестік кеңістіктегі қақтығыстар тақырыбында ой бөлісіп, КСРО ыдырағаннан бергі еларалық соғыстар мен қақтығыстардың ошағы Мәскеу болғанын айтты.

1768988140289012.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Біз Орталық Азия мен посткеңестік кеңістікке танымал саясаттанушы Рамиз Юнус мырзаның пікірін оқырман назарына ұсынбақпыз.

КРЕМЛЬ ЖӘНЕ САНА ҮШІН СОҒЫС

«Посткеңестік кеңістікте әлі күнге дейін кейбір қақтығыстарды, мысалы — Әзербайжанның Қарабақ аймағындағы, Грузияның Абхазия мен Цхинваль аймақтарындағы, Молдованың Приднестровье өңіріндегі, Украинаның Қырым мен Донбассындағы соғыстарды жеке-жеке трагедиялар ретінде қарастыру үрдісі қалыптасқан. Жұрт бұл қақтығыстардың әрқайсысын өз контекстінде, өз тарихымен, өз ерекшеліктерімен қарастырады. Әрине, бұл ыңғайлы, бірақ қате көзқарас. Шындығында, осы барлық қақтығыстар — бір-бірімен сабақтасып жатқан бір жүйенің бөліктері және олардың орталығы Мәскеу!

Әр жолы идеологиялар мен риторика өзгеріп отырғанымен, қағида өзгерген жоқ. Ол қағида – бөліп алып билеу, қару күші арқылы билеу, ал одан да тиімдісі — санаға бақылау орнату арқылы билеу амалы!

КСРО кезінде бұл міндетті КОКП Орталық Комитетінің идеологиялық аппараты атқарды. Олар бүкіл одақ үшін «дұрыс дүниетанымды» қалыптастырды: кім дұрыс, кім кінәлі, қандай қақтығыстар «тарихи тұрғыдан әділ», ал қайсысы «ұлтшылдық деген бұрмаланған түсінік» дегенді анықтап беріп отырды.

КСРО ыдырағаннан кейін көп жұрт бұл жүйе біржола жойылды деп ойлады. Бірақ ол шын мәнінде жоғалған жоқ — ол трансформацияланды. Бүгінде бұл қызметті Ресей Президенті Әкімшілігі жүйелі түрде атқарып отыр. Бәрі бұрынғыдай, Мәскеудегі ескі алаңнан басқарылуда.  Айырмашылық тек құралдарда: Бұрын бір партия мен бір идеология болса, қазір — витриналық плюрализм, бірақ шындықта монополия», - дейді Рамиз Юнус.

ҚАРАБАҚ СОҒЫСЫ ЖӘНЕ РЕСЕЙДІҢ «ЖҰМСАҚ КҮШІ»

Әрі қарай Әзірбайжан саясаттанушысы Кремльдің от көсеуімен жүзеге асқан һәм асырылып жатқан посткеңестік кеңістіктегі агрессиялар мен қақтығыстарға жеке-жеке тоқталады.

«Қарабақ қақтығысы — осы жүйенің жұмысын көрсететін ең айқын мысалдардың бірі. Неліктен ондаған жылдар бойы посткеңестік кеңістікте армяноцентрлік көзқарас насихатталды? Неліктен Әзірбайжан, өз қорғанысын қамтамасыз ете білген кезде де, қақтығыстың басында ақпараттық алаңда жеңілді?

Жауап қарапайым және ыңғайсыз: Кремль жүйелі түрде өзіне ыңғайлы нарратив қалыптастырды. Бұл тек тікелей қысым немесе қару арқылы емес, ең алдымен «жұмсақ күш» — медиа, сарапшылар, журналистер, «тәуелсіз» алаңдар арқылы жасалды. 90-жылдары «Эхо Москвы», «НТВ» секілді ақпарат құралдары, кейін «Дождь», және Владимир Познер, Алексей Венедиктов, Евгений Киселёв сияқты тұлғалар жылдар бойы Кремльге тиімді бір көзқарасты насихаттады.

Бұл жүйелі жұмыс болды, онда Ресей арнайы қызметтері негізгі рөл атқарды және әлі атқарып келеді. Сол сияқты, КГБ совет жүйесінің «қалқаны мен қылышы» болса, бүгін ФСБ және оған қатысты құрылымдар осы процесті басқарып отыр. Бұл процесс кейде ашық, кейде көзге көрінбей жүргізілуде», - дейді Рамиз Юнус мырза.

РЕСЕЙ ПРОПОГАНДАСЫ: РЕСЕЙ ЛИБЕРАЛДАРЫ ДА ИМПЕРШІЛ!

Өз сараптамасында Ресейдің пропогандалық шабуылдарының нөпірі мен оған қарсы иммунитеттің маңыздылығына тоқтала келе, дәл осындай тактикалар мен ақпараттық соғыстар Грузия, Молдова мен Украинаға да қарсы қолданылып жатқанына назар аударады.

«Сол үлгі Грузияда — Абхазия мен Цхинваль аймақтарында, Молдовада — Приднестровьеде, Украинада — Қырым мен Донбасста қолданылады. Барлық жерде бір сценарий: қақтығысты ақтау және жасау, кінәлілерді анықтау, назарды агрессордан басқа жаққа бұру,  Мәскеудің «бейбітшілік орнатушы» рөлін насихаттау. Бұл тек Соловьев, Скабеева, Симоньян сияқты империялық көзқарастағы адамдар арқылы ғана емес, сонымен бірге «жақсы ресейліктер», либералдар, бейбітшіл көрінетін, бірақ сол негізгі Кремльге тиімді нарративтерді насихаттайтындар арқылы да жүзеге асырылуда.

Кремльдің басты жетістіктерінің бірі — осы нарративтерді Батысқа шығару. Тікелей емес, Ресейдің солшыл-либерал саясаткерлері, журналистер, сарапшылар арқылы. Олар «Путиннің баламасы» ретінде қабылданды. Осылайша, батыс аудиториясы жылдар бойы: «Бұл ежелгі қақтығыс», «Екі жақ та кінәлі», «Ресей — қатысушы емес, делдал» деген жалған хабарларды тыңдады. Бұл ұзақ уақыт нәтижесін беріп келді. Тіпті бұл Әзірбайжан аумағында да эффективті болып келді. Ал қазір бұл идеологиялық конструкция әлемде, кейін посткеңестік кеңістікте бұзыла бастады», - дейді сарапшы.

ҚАРАБАҚ СОҒЫСЫ: АҚПАРАТТЫҚ МАЙДАНДАҒЫ СОҒЫС

Сарапшы Рамиз Юнус мырза Ресейдің бұл ақпараттық-идеологиялық насихатына алғашқы болып соққы болған – Қарабақ соғысы екеннін айтады.

«Бірінші Қарабақ соғысы кезінде Әзірбайжанда ақпараттық алаңды қорғаудың жүйелі мемлекеттік стратегиясы болмаған, ал Екінші Қарабақ соғысына дейін жағдай түбегейлі өзгерді. Ресми Баку мемлекеттік ақпараттық саясат құрды, шетелдік аудиториямен белсенді жұмыс жүргізді, псевдолиберал нарративтерге жүйелі қарсылық көрсетті, «нейтралды» ресейлік спикерлерге қатысты иллюзиялардан бас тартты. Нәтижесінде — 44 күндік Екінші Қарабақ соғысында әскери жеңіске қосымша ақпараттық жеңіс те қосылды. Армяноцентрлік көзқарас посткеңестік кеңістікте және Батыста айтарлықтай бейтарапталды, антиәзірбайжандық түсініктер жойылды. Және күрес әлі де жалғасуда, бірақ оның жүйелік негізі қаланған», - дейді.

Сарапшының пікірінше,Кремльмен фрагментарлы күрес өте-мөте тиімсіз. Егер Грузия өз алдына, Украина өз алдына, Молдова өз алдына күрес жүргізіп жатса, Мәскеудегі жүйе әлі де біртұтас организм сияқты жұмыс істеп жатыр.

БАРЛЫҚ СОҒЫСТЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ – МӘСКЕУДЕ ОТЫР!

«Бұл әсіресе Ресейдің Украинаға толық масштабты агрессиясынан көрінді. Қарапайым мысал — қазір украин ақпараттық алаңында «жақсы ресейліктердің» көп болуы, және соңғы 35 жыл ішінде олар посткеңестік қақтығыстар, оның ішінде екі бірдей Шешен соғысы туралы қалай сөйлегенін еске алу жеткілікті. Әзербайжан мен оның ақпараттық машинасы жүйелі түрде Қарабақ туралы айтып қана қоймай, Абхазия, Цхинваль аймағы, Приднестровье, Қырым және Донбасс туралы да айтып келеді. Айта кетерлігі, 2014 жылға дейін украин ақпараттық кеңістігі әдетте Әзірбайжанды қолдамай, керісінше, армяноцентрлік нарративтерді қайталап келген. Бүгінде Украинадағы жағдай әлдеқайда жақсы, бірақ ақпараттық алаң әлі де «жақсы ресейліктерге» толы. Олар батысқа «басқа Ресейдің» атынан сөйлеп, өздері сол Кремльге тиімді ақпаратты насихаттаумен келеді», - дейді Рамиз Юнус.

Әзірбайжан саясаттанушысының пікірінше, негізгі қате — иллюзия құру. Негізгі қауіп — тактиканы шатастыру. Кремльдің жүйесі әртүрлі болуы мүмкін: қажет болса қатал, қажет болса жұмсақ, тіпті керек кезінде либерал бола алады. Бірақ оның барлығын басқарып отырған адам біреу ғана. Ол Мәскеуде отыр.

Түйін: Егер посткеңестік елдер ақпараттық кеңістігін қорғауда жүйелі, үйлестірілген шаралар жасамаса, тарих қайталанатын болады — әртүрлі географияда, әртүрлі себептермен, бірақ нәтиже біреу. Мұны түсінетін уақыт келді. Мифтерге сенуді тоқтату керек. Заттарды өз аттарымен атау керек.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар