Нобель алған ирандық: Біз шахты құлатып, Хомейниді мақтадық! Сол үшін кешірім сұраймын!

Бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, Иранның құқық қорғаушысы Шырын Эбади La Figaro басылымына ауқымды сұхбат берді. Эбади 2009 жылдан бері Лондонда тұрады. Ол Ирандағы қазіргі жағдай туралы, наразылықтар мен қатыгездік жайлы айтты.


thumbs_b_c_a1de4d9c37c26e14c095ddb8d40f12ed.jpg

 

Шырын Эбади 2003 жылы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын иемденді. Ол Иранда екі бірдей құқық қорғау ұйымын құрған еді. Бірі балалардың құқығын қорғауға арналса, екіншісі «Құқық қорғау орталығы» деп аталды. Құқық қорғаушы Ирандағы адам құқығының өрескел тапталуы, оппозиция өкілдерін өлтіру, зиялы қауымды қудалау бойынша зерттеулер жүргізіп, дәлелдерді Батыстық БАҚ-қа жария етті. Иран билігі Эбадиді қудалаумен болды. 2009 жылы оның Нобель сыйлығы дипломы мен медалін Иран билігі тартып алды. Ал Шырын Эбади Ұлыбританияға кетуге мәжбүр болды.

 

Эбадидің пікірінше, аятолла режимі наразылықтарды қанға бояп, өзінің әрекет ету маневрін тарылтқан. Құқық қорғаушы «аятолла Хаменеиді биліктен тайдыру арқылы ғана елдегі қанды террорды тоқтатуға болады» дейді.

 

Ол өз пікірінде 1979 жылғы оқиғалар жайында да айтқан. Шырын Эбади шахты құлатқан наразылық акцияларына қатысқан. Қазіргі таңда ол әрекеті үшін қатты өкінетінін айтты. «Мен миллиондаған ирандықпен бірге наразылыққа шықтым. «Хомейни жасасын» деп айғайладық. Бірақ оның билікке келуі қате екенін тез түсіндім», - дейді ол. Оның сөзінше, шах режимі құламаса, Иран қазіргі таңда Хомейни мен Хаменеи дәуіріне қарағанда жақсы өмір сүрер еді.

 

Шырын Эбади қазір де Ирандағы құқық қорғаушылармен, белсенділермен байланысып тұрады. Ол соңғы оқиғалар бойынша Ираннан хабар алу қиындап кеткенін айтты. Құқық қорғаушы Иранның 113 қаласында наразылық акциялары болғанын мәлімдеді.

 

«Әр наразылықтың артында үлкен себеп жатыр. Билік оны жасыруға тырысса да, бұл әп-сәтте пайда болған бұлқыныс емес. Мысалы 2009 жылғы сайлауды бұрмалау, 2019 жылы жанармай бағасының күрт қымбаттауы, 2022 жылы Махса Аминиді өлтіру және басқа дегендей. Әр жағдайда себеп әртүрлі. Алайда Иран халқы бір ұйғарымға келді. Олар енді қазіргі қандықол режиммен бірге өмір сүргісі келмейді. Реформа жүргізетін сәт келді. Иран халқына ислам республикасы қажет емес», - дейді ол.

 

Иран билігінің бұл наразылықты қатаң басуының себебін де түсіндірді. «Бұрын Иран билігі өзіне балама жоқ деп санайтын. Халық та солай ойлайды деген пікірде болды. Алайда бұл жолы халық балама ретінде Реза Пехлевидің есімін атады. Бұл Иран билігі үшін қорқынышты сигнал еді. Режим жеңілетінін түсінді және қанды репрессияны бастап кетті», - дейді Шырын Эбади.

 

Эбади Иранның тәртіп сақшылары наразы халыққа бей-берекет оқ жаудырғанын айтты. Тегерандағы Фирузгар көз ауруханасына мыңдаған адам жеткізілген. Олардың көбі жанарынан айырылған. Ол моргтерге мыңдаған адамның жеткізілгенін, тәртіп сақшылары ауруханадағы жаралыларды да өлтіргенін айтып, жаға ұстатар мәлімдеме жасады. Оның пікірінше Иран билігі бір аптада 20 мыңнан астам адамды мерт еткен.

 

Шырын Эбади аятолланы құрту арқылы ғана бұл режимді ауыстыруға болатынын айтуда. Мысал ретінде ол Израильдің арнайы жасақтары 2024 жылы ХАМАС-тың басшысы Исмаил Ханияны Тегеранда өлтірген операцияны айтты. «Дәл осындай операция арқылы, аятолла режимін төңкеріп тастауға болады» дейді ол.

 

La Figaro басылымына берген сұхбатында ол шах кезеңі мен Хомейни дәуірін салыстырды. Хомейнидің мыңдаған адамды өлтіртіп, әйелдердің құқығын аяққа таптаған заңдар енгізгенін, ал шах дәуірінде киім кию, дін ұстану еркіндігі болғанын, мәдениет пен өнерде алуандыққа жол берілгенін айтты.

 

«Ислам революциясы біз аңсаған демократияны әкелген жоқ. Біз соған сеніп, көшеге шыққан едік. Керісінше, бұл революция біздің еркіндігімізді тартып алды.  Міне, сол үшін мен жас ұрпақтан кешірім сұраймын. Біздің революциямыз олардың болашағын құртты», - дейді ол.

 

Ол аятолла режимінің құлайтынына сенімді. «Ерте ме, кеш пе бұл режим құлайды. Мемлекеттің болашағы шынайы сайлаумен ғана айқындалады. Елде әйел мен ердің, ұлттар мен діндердің құқығы тең болған сәтте ғана даму көші түзеледі», - дейді Шырын Эбади.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар