Халықаралық ұйымдар Ирандағы наразылық барысында қанша адамның көз жұмып, оққа ұшқанын анықтауға тырысуда. Иран билігі ақпараттарды толық құпияландырып тастады. Мемлекетке халықаралық адам құқығын қорғайтын ұйымдар кіре алмайды. Тегеран ресми түрде 3117 адамның көз жұмғанын айтты. Оның ішінде басым бөлігі бейбіт тұрғындар мен күштік құрылым қызметкерлері деді. 690 адамды «лаңкестер» деп көрсетті. Алайда бұл мәліметке сенім арту қиын дейді сарапшылар. Себебі Иран билігі адам шығынын азайтып көрсетуі мүмкін деген де күдік бар.

Тегеран наразылық акциясы барысында 24 жанармай бекеті, 700 дүкен, 750 банк, 749 полиция бөлімшесі, 120 «Басидж» орталығы, 350 мешіт, 15 кітапхана, 253 автобекет, жүздеген банкомат пен көлік, 200 мектеп шабуылға ұшырады, отқа оранды, тоналды дейді.
Тәуелсіз зерттеушілер Ирандағы оқиғаның хронологиясын қалыптастыруға тырысуда. 8-9 қаңтарда өткен наразылық акциясында көптеген адамның өлтірілгені анықталды дейді олар. Ал кей ұйымдар куәгерлердің сөздеріне, аты-жөнін жасыра отырып ақпарат берген дәрігерлердің деректеріне назар аударып, әлеуметтік желідегі фото-видеоларға сараптама жасап, көз жұмғандардың саны 30-43 мың арасында болуы мүмкін дегенді де айтуда.
Time басылымы Ирандағы наразылықта көз жұмғандар саны 30 мың болуы мүмкін деген ақпаратты жазды. Ал Iran International сайты 36 мың адамның көз жұмғанын айтты және сандардың өсуі мүмкін екенін ескертті.
Иран билігі елдегі интернет байланысын әлі толық қалпына келтірген жоқ. Мамандар «Тегеран наразылықтардың қайта өршуінен және қаза тапқандар туралы ақпараттың жаппай тарауынан қауіптенетінін» айтуда. «Иран билігі интернетті бұғаттау арқылы фото-видеоларды, дәлелдерді жоюға тырысуда» дейді құқық қорғаушылар. NetBlocks мониторинг тобының мәліметінше, Ирандағы интернеттің өшірілгеніне 420 сағаттан астам уақыт болған.
Норвегияда орналасқан Iran Human Rights ұйымының мәліметінше, күштік құрылымдар наразылық барысында жарақат алғандарға көмек көрсеткен дәрігерлер мен еріктілерді жаппай ұстап, қамауға алуда. Олардың үйін, жұмыс орындарын, ауруханаларды тінтуде. Ұйым танымал дәрігер Аменех Сүлейманидің қамауға алынғанын айтты. Ол наразылықта жарақат алғандарға қол ұшын созған. Сонымен бірге, оппозициялық топтар Хосроу Минаи есімді еріктінің ұсталғанын жазды. «Күштік құрылымдар оның көлігі мен үйін өртеп кетті» дейді оппозициялық арналар. Жалпы бірнеше дәрігер ұсталған және қазіргі таңда олардың қайда екені белгісіз.
Бірқатар БАҚ Ирандағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 22-24 қаңтардағы баяндамаларында қаза тапқандар саны 27-32 мың арасында екені көрсетілгені туралы жазды. Алайда нақты дәлел ұсынған жоқ.
The Guardian басылымына есімін жасырып сұхбат берген ирандық дәрігер сұмдық жайттардың бетін ашты. Ол 8-9 қаңтарға дейін ауруханаға түскен жаралылардың көбі резеңке оқтан жарақат алғанын айтты. Ал 8-қаңтардан бастап наразы топқа қарсы шынайы оқ қолданылған. Дәрігер Тегеран ауруханаларына мыңдаған адамның жеткізілгенін, аурухана дәлізі қызыл қанға боялғанын мәлімдеді. Дәрігерлер мен медбикелер демалыссыз қызмет етіп, тоқтаусыз ота жасаумен болған. Жаралылардың көбі көз жанарын жоғалтқан. Себебі наразы топқа қарсы бытыра оқтары жиі қолданылған.
Құқық қорғаушылар Ирандағы қырғынды «билік тарапынан бейбіт халыққа қарсы бағытталған ел тарихындағы ең ауқымды қырғын» деп атады.
Mezgil.kz