Бүгін – Ұлттық басылым күні.

(Сурет: kazaknews.kz)
Қазақ халқы XIX соңы мен XX ғасырдың басында жаңа тарихи кезеңдерге қадам басты. Алғашқы қазақ кітаптары, ұлттық баспасөз құралдары, жаңаша мектептер пайда болып, ұлттық қозғалыс қалыптасты.
1913 жылдың 2 ақпанында Орынбор қаласынан «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көріп, оқушы қауымға жол тартты. Оның бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялылары тұрды.
Сонау 1913 жылы, дәл осы күні еліміздің баспасөз саласының бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті.
Қазақ зиялылары құрған газет ұлттық жаңғырудың қайнар көзі болды. «Қазақ» газетінің тұңғыш саны жарық көрген күн 2023 жылы «Ұлттық басылым күні» болып белгіленді.
1991 жылы елімізде тек 10 республикалық газет пен журнал жарық көріп, 21 теле және радиоарна эфирге шықса, бүгінгі таңда елімізде 6 мыңға жуық БАҚ тіркелген, оның 4 мыңы мерзімді баспасөз басылымы, 200-ден аса телеарна, 90-ға радио, 1,2 мың ақпараттық агенттіктер және желілік басылымдар жұмыс істеуде.
Ұлт мүддесін қорғауда ұлттық-саяси мінберге айналған «Қазақ» газеті болашаққа деген ұлы мұрат жолында барша халықтың басын біріктірді. Ұлттық бірлік пен ынтымақтың ерен үлгісін көрсетіп, қазақ қоғамынның рухани кемелденуіне айрықша ықпал етті.
Әлемде болып жатқан жаңа трендтерге қарамастан, мерзімді басылымдардың жөні бөлек, маңызы ерекше. Сол себепті, ұлттық медианы дамыту, бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын қалыптастыру, журналистердің мәртебесін арттыру – негізгі мақсаттарымыздың бірі.
Аида Балаева, ҚР Вице-премьері, Мәдениет және ақпарат министрі:
– Бүгін – Ұлттық басылым күні. Бұл күннің отандық мерзімді баспасөз тарихының бастауы саналуы тегін емес. Сонау 1913 жылғы 2 ақпанда қазақ халқының бірлігінің ұйытқысына айналған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Содан бері газеттер мен журналдар мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтуға, ашық қоғам қалыптастыруға маңызды үлес қосып келеді.
Қазіргі уақытта қазақстандық басылымдар аға буын қалыптастырған сол игі дәстүрді лайықты жалғастырып отыр. Жақында Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, олар бүгінде «ренессанс кезеңіне» қадам басты.
Шынында да, бүгінде ұлттық баспасөз интернет пен цифрлық технологиялардың арқасында аудиториясын кеңейтіп, қайта жаңғыру дәуірін бастан өткеруде. Осылайша, мерзімді басылымдар елдің медиа кеңістігінде маңызды орнын бекемдей түсті.
Ұлттық басылымдарды қолдау Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Осы орайда, салада еңбек етіп жүрген барша азаматтарды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформалар мен бастамаларды, маңызды жобаларды халыққа жеткізудегі кәсіби шеберліктеріңіз бен әріптестік қолдауларыңыз үшін алғыс білдіремін.
Сіздерге шығармашылық шабыт, сарқылмас күш-қуат, толайым табыс тілеймін!
Mezgil.kz