Мыңдаған дрон, өртенген қойма, жанған ұшақ: Украинаның Ресей аумағына шабуылы нәтиже беруде ме?

SPIEGEL басылымы Александр Чернышев, Никлас Мариенхаген, Марсель Паули, Аника Целлердің сараптамалық мақаласын жариялады. Мақала украин дрондарының Ресейге келтірген зақымы жайында жазылған. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғанына төрт жылға жуық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде Мәскеу өз арсеналындағы бар құралды қолданды: зымырандарды, басқарылатын авиациялық бомбаларды және дрондарды атып жатыр. Дрондармен соққы жасау саны да, көрсеткіші де ұлғаюда. Ресейдің соққылары көбіне майдан шебінен алыс жатқан украиндық бейбіт тұрғындарға бағытталуда. Соңғы кезде Кремль азаматтық инфрақұрылымға соққы жасауды үдетті. Электр станциялары мен жылу электр орталықтарына жаппай шабуыл жасап келеді. Алайда Украина да қарымта соққысыз қалған жоқ. Киевтің де тебісі қатты. Ресейден бір айда тып-типыл жеңіледі деген Украина төртінші жыл тегеурін көрсетуде. Украинаның дрондары Ресейге қандай шығын әкелуде? Сандар не дейді.?


ChatGPT Image 4 февр. 2026 г., 15_23_31.png

 (Сурет Mezgil.kz, ЖИ арқылы жасалды)


Украина соғысты әлдеқайда шектеулі ресурстармен жүргізуде және негізінен арзан дрондарға сүйенеді. Киевтің зымыран және дрон өндіру әлеуеті Ресейден аз. Украина жасаған шабуылдардың ауқымын анықтау үшін SPIEGEL басылымының сарапшылары жасанды интеллект көмегімен 2025 жылға тиесілі Ресей губернаторларының телеграм-арналарынан және өңірлік жаңалық көздерінен алынған 123086 хабарламаны талдады. Деректерді қайталап көшіруден тазартып, кейін қайта тексерді. Бірнеше дрон немесе зардап шеккендер туралы нақты сан көрсетілмесе, SPIEGEL ең төменгі мәнді «екі» деп алды. «Жаппай шабуыл» делінсе, ең кемі «үш дрон» есепке алынды. Осы негізде өңірлерде тікелей хабарланған дрондар саны, қаза тапқандар мен жараланғандар есептеліп, ортақ сандар анықталды.

 

Осы есептеулерге сәйкес, кем дегенде 45271 дрон Ресейдің әуе кеңістігіне кіріп, шабуыл жасаған. Ресейдің тәуелсіз басылымы саналатын «Новая газета Еуропа» дерегінше, дрон шабуылдары 2025 жылы 2024 жылмен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды болып, үш есеге дейін артқан.

 

Ресейдің шекараға жақын аймақтарында дрондардың әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің жұмысы әлдеқашан күнделікті көрініске айналды. Әсіресе Белгород облысындағы жағдай күрделі дейді мамандар.  Шабуыл жасаған украин дрондарының жартысынан көбі дәл осы өңірге тиесілі нысандарды соққылаған екен. Украинамен шектесетін 540 шақырымдық шекара дрондардан толық қорғалмаған.


карта России

 (Сурет DER SPIEGEL; Planet Labs PBC / AP)


2026 жылғы қаңтарда дрондар мен зымырандардың бірлескен шабуылы нәтижесінде Ресейде жарты миллионнан астам тұрғын жарықсыз қалды. Энергетикалық инфрақұрылым бұған дейін де жиі атқыланатын, алайда қазір келтірілген шығын әлдеқайда ауқымды болып отыр. Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладковтың өзі ЖЭО-ны толық қалпына келтіру мүмкін емес екенін мойындады.

 

2025 жылдың күзіне қарай Белгород облысында тіркелген украин дрондарының саны кей кездері аптасына мыңнан асып отырды. Ресей әскерінің позицияларымен қатар, зымыран кешендері, әскери қоймалар және көпірлер секілді логистикалық нысандар тұрақты түрде шабуылға ұшырауда. Желтоқсанда украин дрондары Ресей аумағындағы екі С-400 зениттік кешенін істен шығарып, жойқын соққы жасады. Шабуылдың видеосы әп-сәтте әлеуметтік желіге тарап кетті.

 

Белгород өңірі іс жүзінде соғыс жағдайында өмір сүруде. Өңірдің ресми статистикасына назар аударсақ, 2025 жылы кемінде 152 бейбіт тұрғын қаза тауып, тағы 1358 адам жараланған. Жуырда губернатор Гладков тұрғындарды эвакуацияға дайын болуға шақырды.

 

Шекараға жақын әрі әскери инфрақұрылымы бар Курск облысы (2025 жылы 2218 дрон) мен Брянск облысы (5683 дрон) да тұрақты түрде соққы астында қалуда. Сәуірде Курск облысындағы Тёткино маңындағы базаға украин авиациясы соққы жасады. Ол жерде ресейлік соққы жасаушы дрондарды ұшыратын алаң мен қойма орналасқан.  Киевтің дерегінше, сол соққындан 20-дан астам дрон операторы қаза тапқан. Брянск облысында дрондар мен зымырандар әскери мақсаттағы электроника өндіретін кәсіпорындарды шабуылдаумен келеді.

 

Украин дрондарының қаупін ең қатты сезінген сала — Ресейдің экономикалық тірегі саналатын мұнай өнеркәсібі. Стратегиялық маңызы бар мұнай өңдеу зауыттары мен қоймаларды жасыру қиын, сондықтан олар жиі қорғаныссыз қалады. Ресейдің тәуелсіз «Вёрстка» басылымының мәліметінше, 2025 жылы Украина кемінде 142 мұнай нысанына шабуыл жасаған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 50 пайызға көп деген сөз.


Стали известны последствия массированной атаки дронов на РФ -  Korrespondent.net

 

Соғыс басталғалы мұндай шабуылдардың 80 пайыздан астамы нәтижелі болғаны айтылады. Украина мұнай өңдеу зауыттарын соққылау арқылы, Ресейде жаздың соңы мен күздің орта шегіне дейін жанармай тапшылығын жасады. РБК іскерлік порталының дерегінше, қыркүйектің екінші жартысында мұнай өңдеу зауыттарының 38 пайызы істен шыққан көрінеді.

 

2025 жылы ең көп зардап шеккен өңір — Краснодар өлкесі (1200 дрон) болды. Қара теңіз жағалауындағы ірі мұнай өңдеу зауыты қазан айының басындағы соққыдан кейін бір жыл ішінде үшінші рет жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Шабуыл салдарынан бейбіт қызметкерлер мен кездейсоқ тұрғындар да зардап шеккені айтылады. Өткен жылы аймақта дрондар шабуылынан алты адам қаза тауып, 78 адам жарақат алған.

 

Кейбір нысандарға Украина қарулы күштері қайта-қайта соққы беріп отырды. Орталық Ресейдегі көлемі бойынша төртінші мұнай өңдеу зауыты Рязаньдағы МӨЗ-ге тоғыз рет шабуыл жасалған. Самарада (86 дрон), Саратовта (382), Волгоградта (382), Нижний Новгородта (135), Ленинград облысында (221 дрон) орналасқан ірі зауыттар да бірнеше рет шабуылға ұшырады.

 

Ұзақ қашықтыққа ұшатын дрондар стратегиялық жағдайды ішінара өзгертуде. Солардың бірі 1600 шақырымға дейін ұша алатын FP-1 дроны. Ол 2024 жылдан бері кеңінен қолданылып келеді. Дрон Ресейдің ішкері аймақтарына еніп, нәтижелі соққылардың санын арттыруда.


Необратимый удар: эксперты рассказали о последствиях операции

 

2025 жылы украин дрондары Башқұртстандағы мұнай өңдеу зауыттарына да бірнеше рет соққы берді. Бұл шекарадан 1400 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан нысан саналады. Ресейдің солтүстігіндегі Коми Республикасындағы мұнай резервуарына соққы жасалды. Ол шекарадан шамамен 1800 шақырымда жатыр. Тағы үш дрон Ресей аумағы арқылы 2000 шақырымнан астам қашықтықты еңсеріп, Түмен облысындағы зауытты соққыға алды. Алғаш рет мұнай-газ инфрақұрылымының зақымданғаны Марий Эл, Чувашия, Удмуртия және Орынбор облысы сияқты шалғай өңірлерде де тіркелді.

 

Энергетика нысандарымен қатар, әскери объектілер де шабуылдардың басты нысанында. Ресейдің қару-жарақ өндірісінің орталықтарының бірі саналатын Тула облысына да шабуылдар жасалуда. Бұл өңірге 809 дрон жеткен. Мұнда зымыран кешендері, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен оқ-дәрілер әзірленетін Аспап жасау конструкторлық бюросы бірнеше рет шабуылға ұшырады. Шілденің бір түнінде дрондар бірден төрт қорғаныс кәсіпорнына соққы берді. Зауыттарда өрт шығып, екі қызметкер қаза тапты.

 

Ұзақ қашықтықтағы дрондар да жете алмайтын нысандар үшін Украина жасырын операцияларға жүгінуде. Маусым айының басында «Өрмек» операциясы кең резонанс тудырды. Жүк көліктеріне жасырылған дрондар, елдің солтүстігіндегі, шығысындағы және орталық бөлігіндегі әскери әуежайларға сәтті соққы жасады. SPIEGEL сарапшылары кемінде 22 ұшақтың толық жойылғанын немесе зақымданғанын анықтады. Операциядан кейін Мәскеу стратегиялық бомбалаушы ұшақтарды қауіпсіздеу базаларға көшіруді бастады.

 

Украин дрондарының шабуылынан келетін шығын арта түскен сайын, Путин стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетуге резервистерді тартуға мүмкіндік беретін заңды іске қосты. Үнемі оқу-жаттығуларға қатысатын резерв те кеңейтілмек. Мұнай өңдеу зауыттары антидрондық торлармен қорғалып жатыр, ал азаматтық мақсатта дрон пайдалануға айтарлықтай тыйым салынды.

 

Украин дрондарынан қауіптеніп (кейбір FPV-дрондар мобильді желі арқылы басқарылуы мүмкін), Ресей мобильді интернетті жиі өшіріп тастайды. Орталық Ресейде адамдар айлап мобильді интернетсіз, кейде тіпті қоңырау шалуға немесе Wi-Fi пайдалануға да мүмкіндіксіз қалуда. Жедел жәрдем шақыру да кейде қиынға соғады.

 

«Коммерсант» газетінің мәліметінше, 2025 жылы дрон дабылдарының салдарынан төрт сағаттан аса кешіккен әуе рейстерінің саны екі есеге артқан. Бұл 4,5 миллион ресейлікке кері әсерін тигізген. Сонымен қатар көптеген рейстер мүлде тоқтатылды.

 

Сарапшылар Украина алыс қашықтыққа соққы жасайтын дрондарды қолдану арқылы, Ресейдің мазасын алып, экономикасын тежеп жатқанын айтуда. Әдетте шабуылдардың үштен бірі ғана басылымдарға белгілі болады дейді мамандар.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар