Қазақстан мен Пәкістан стратегиялық әріптестік орнатып, 37 құжатқа қол қойды.

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Исламабадта Қазақстан президенті Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шарифпен кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Тараптар энергетика, өнеркәсіп, сауда, инвестиция, көлік, цифрландыру және басқа да салалардағы кең ауқымды мәселелер мен ынтымақтастықты талқылады.
Тоқаев Пәкістанға соңғы 23 жылда барған алғашқы Қазақстан президенті екенін айтып, сапардың «тарихи сипатын» атап өтті. Екі тарап бір жыл ішінде тауар айналымын 250 миллион доллардан 1 миллиард долларға дейін ұлғайту міндетін қойды.
Көліктік байланыс мәселесіне ерекше назар аударылды. Шариф Қазақстанға транзиттік инфрақұрылым мен теңіз порттарына толық қолжетімділікті ұсынды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестік орнату туралы декларацияға қол қойды.
Сонымен қатар, мұнай және тау-кен өнеркәсібі, теңіз ісі және инфрақұрылымды дамытуды қоса алғанда, түрлі салаларда 37 келісімге қол қойылды.
Шахбаз Шариф Пәкістан Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.
– Бүгінгі табысты келіссөздер нақты нәтижелерге ұласып, қол қойылған құжаттар екіжақты байланыстарды дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін. Екі ел арасындағы серіктестікті нығайта отырып, сауда, мәдениет, білім беру және басқа да көптеген сала бойынша ынтымақтастықта жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деп есептеймін. Жоғары мәртебелі Президент мырза, Сізге Пәкістан мен Қазақстан қарым-қатынасын одан әрі арттыруға қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын, – деді Пәкістан Премьер-министрі.
Мемлекет басшысы Премьер-министрмен бірге бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында күш жұмылдыруға ден қоя отырып, халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағанын айтты.
– Біз әлемнің әр түкпірінде жалғасып жатқан қақтығыстарға алаңдаушылық білдіреміз. Көптеген өзекті тақырыптар бойынша ұстанымдарымыз ұқсас. Кез келген жанжалды диалог арқылы дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы және халықаралық құқық нормалары қатаң сақталуға және сөзсіз басымдыққа ие болуға тиіс. Қазіргі геосаяси жағдайда көпжақты ұйымдар аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Пәкістан Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі аясындағы бастамаларын үнемі қолдап келеді. Біз бұған ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату жолында нақты қадамдарды талқыладық. Осы орайда, бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына бірлесіп қатысу жөніндегі Үкіметаралық меморандумға қол қойылды. Бұл құжат халықаралық бітімгершілік қызметі бойынша әріптестігімізді одан әрі кеңейтуге жол ашады, – деді Президент.
Mezgil.kz