Мүрде толы мәйітхана: Иран билігін не күтіп тұр?

Ирандағы наразылық акциялары сәтіндегі және наразылықтан кейінгі биліктің қатаң әрекеті, репрессиялары мен жауыздығы аятолла режиміне қарсы азамат соғысына ұласуы мүмкін. Бұл туралы бірқатар сарапшылар айтуда. Иранда интернет байланысы әлсін-әлсін пайда бола бастады.

1770381479295449.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Осы сәтте әлеуметтік желіде Иран билігінің жауыздығын айқын көрсеткен фото-видеолар жарияланып жатыр. Құқық қорғау органдары кемі 6-17 мың адамның көз жұмғанын айтуда. Ал Iran International оппозициялық арнасы болса, 36 мың адам көз жұмды дейді. Иран билігі 3 мыңнан астам адамның көз жұмғанын растады. Қазір әлеуметтік желі беттерін мүрдеге толы мәйітханалардың видеосы шарлап кетті және Иран халқының ішкі наразылығын қайта күшейтуде.

8-қаңтар күні наразы халық Тегеран мен өзге де бірнеше қала көшелерін бірнеше сағатқа бақылауға алды. Сол күні наразы халық мемлекеттік ғимараттарды өртеп, бақылау камераларын талқандап, күштік құрылымдармен қақтығысып, жолды жабуға тырысқан. «Басидж» жасақтары мен наразы топ арасындағы қақтығыста қос тараптан жүздеген адам қаза тапқан.

«Бұл кіші азамат соғысы еді. Адамдар өліп жатты, қара жер қызыл қанға боялды. Әр оқиғаны өз атауымен атау керек. Бұл азамат соғысы болды», - дейді сарапшылар.

Билік өкілдері «наразылықты шетелдік тыңшылар ұйымдастырды» дейді. Ал халық «билік Ирак пен Ливаннан прокси күштерін әкеліп, халықты қырып тастады» дегенді айтуда. Осылайша қос тарап арасындағы қайшылық артуда, ал сенім капиталы таусылған.

Үш аптаға созылған интернет-блэкаут елдің цифрлық экономикасына жойқын соққы жасады. 27-қаңтарда Иранның валютасы тағы бір антирекордты жаңартты. Иранның бұрынғы президенті Хасан Роухани саяси қудалауға ұшырауда. Ол аятолла мен Сақшылар корпусына қатысты сын айтып, елді реформалауға шақырған еді. Тәуелсіз тілшілер Хасан Роуханидің елден шыға алмайтынын айтуда. Ол үйқамаққа алынған.

Лурестан мен Илам аймағындағы тайпалық кеңес ақсақалдары ер азаматтардың қару алып, режимге қарсы шығуын қолдауда. Бұл аймақтар ежелден Иран билігіне қарсы көзқарас ұстанып келеді және «аятолла режиміне қарсы бейбіт наразылықтар еш нәтиже бермейді» деп санайды. Иранның әлеуметтік желісінде бетін бүркемелей жапқан мыңдаған жас жігіттер қолына қару алып, видеоүндеу тастауда. Олар әскери офицерлерден кек алуға шақыруда. Сарапшылардың кейбірі Ирандағы келесі наразылық акциялары қарулы қақтығысқа ұласып, азамат соғысына жалғасатынын айтуда.

Ирандағы наразылық акцияларын әдетте орта тап өкілдері бастайды. Алайда елдегі әлеуметтік жағдайдың нашарлауына байланысты, енді наразылықтардың қозғаушы күші қарапайым халық болуда. Сәйкесінше, наразылық акциялары стихиялы түрде кез келген тұстан басталуы мүмкін.

Иранның маңына Трамптың әскери армадасы топтасуда. Алайда АҚШ Иран билігімен келіссөз форматын да жабық қалдырмады. Оманда екі елдің делегациясы кездесуде. Тақырып - Иранның ядролық бағдарламасы. Дегенмен, келіссөз сәтсіз аяқталса АҚШ билігі Иран режиміне соққы жасауы да ықтимал. Ұлыбритания мен АҚШ өткен ғасырда Ирандағы бірнеше үкіметті төңкеріспен құлатуға ықпал етті. Ол 1921, 1941 және 1953 жылдар болды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар