Ядролық державалар айқасы: Иранға соңғы ескерту һәм Түркияның амбициясы

Қазіргі әлемдік саясатта ядролық қару факторы қайтадан алдыңғы қатарға шықты. Қауіпсіздік архитектурасы әлсіреп, геосаяси сенім азайған тұста ядролық державалар арасындағы бәсеке күшейіп, ал ядролық қаруы жоқ елдер үшін бұл құралға ие болу стратегиялық арманға айнала бастады.

1770802444126856.jpeg

(Сурет: globalistika)

Бүгінде ядролық қаруға ресми түрде ие елдер қатарына АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция жатады. Бұлар – Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) аясында мойындалған державалар. Бұдан бөлек, Үндістан, Пәкістан, Солтүстік Корея ядролық қаруға ие екенін ашық жариялаған, ал Израиль бұл мәселе бойынша дәстүрлі түрде «стратегиялық екіұштылық» саясатын ұстанып келеді.

Аталған мемлекеттер үшін ядролық қару – тек әскери құрал ғана емес, сонымен бірге саяси ықпал мен халықаралық келіссөздердегі басты аргумент. Ал бұл «жабық клубқа» ену мүмкіндігі әлем елдерінің басым бөлігі үшін шектеулі күйінде қалып отыр. Иранның ядролық бағдарламасы соңғы жылдары халықаралық қауымдастықтың басты алаңдаушылықтарының біріне айналды. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп бірнеше мәрте Тегеранға қатаң ескерту жасап, Иранның ядролық қаруға жақындауына жол берілмейтінін ашық айтқан болатын. Оның риторикасы дипломатиялық тілден гөрі қысым мен санкцияға негізделген саясатты аңғартты.

Трамптың ұстанымы Иранды тоқтатуға бағытталғанымен, сарапшылар мұндай қатаң мәлімдемелер керісінше, Тегеранды қауіпсіздіктің жалғыз кепілі ретінде ядролық қаруға ұмтылуға итермелеуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Бұл жағдай Таяу Шығыстағы тұрақсыздықты тереңдетіп, өзге елдерге де қауіпті үлгі көрсетуі ықтимал. Ядролық қауіптің күшеюі АҚШ пен Ресей арасындағы стратегиялық бәсекенің қайта жандануымен де тығыз байланысты. Қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін қол қойылған бірқатар ядролық келісімдердің әлсіреуі немесе тоқтауы екі державаның да өз арсеналын жаңғыртуына жол ашты.

Бұл бәсеке тек зымыран саны немесе қуатымен өлшенбейді. Әңгіме – гипердыбысты қарулар, зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері, ғарыш кеңістігіндегі үстемдік туралы болып отыр. Мұндай жағдайда ядролық қару халықаралық қатынастарда қайтадан басты тежегіш факторға айналуда. Иран мәселесі, Трамптың қатаң ескертулері және АҚШ пен Ресей арасындағы текетірес бір нәрсені айқын көрсетеді: әлем жаңа ядролық дәуірдің табалдырығында тұр. Бұл дәуірде ядролық қару қауіпсіздік кепілі ретінде емес, керісінше, тұрақсыздықтың көзіне айналуы мүмкін.

Егер ядролық державалар арасындағы сенім қалпына келмесе, ал аймақтық державаларға ортақ қауіпсіздік тетіктері ұсынылмаса, «ядролық жарыс» бір елдің емес, тұтас аймақтардың тағдырына әсер ететін қауіпті үрдіске айналуы ықтимал.

Ал жақында Түркия Иранға байланысты «ядролық жарысқа» қосылуы мүмкін деген ақпарат шықты.  Түркия Иранның ядролық амбицияларына байланысты өңірлік «ядролық жарысқа» қосылуға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрі Хакан Фидан мәлімдеді. Министрдің айтуынша, Анкара аймақтағы күштер тепе-теңдігін бұзатын күрт өзгерістерге мүдделі емес. Алайда Иранның әскери ядролық бағдарламаға жақындауы өңірдегі өзге мемлекеттерді де осындай қадамдарға итермелеуі ықтимал.

– Мұндай өзгерістер елдер арасындағы ынтымақтастық рухын әлсіретіп қана қоймай, Иранмен проблемалары бар басқа мемлекеттердің де ядролық қаруға ұмтылуына себеп болуы мүмкін. Осындай жағдайда Түркия да «ядролық жарысқа» қатысуға мәжбүр қалуы ықтимал, – деді Хакан Фидан.

Bloomberg агенттігінің сарапшылары Иранның әскери ядролық бағдарламасы өңірде ядролық қарудың тізбекті түрде таралуына әкелуі мүмкін екенін атап өтеді. Атап айтқанда, Сауд Арабиясы өз ядролық бағдарламасын дамыту ниетін ашық білдіргенімен, қазіргі таңда оған қажетті технологиялық мүмкіндіктерге толық ие емес. Сонымен қатар Түркия мен Мысырдың азаматтық ядролық бағдарламаларын кеңейтуге қызығушылық танытып отырғаны хабарланады. Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс Таяу Шығыстағы геосаяси және әскери тепе-теңдікке елеулі ықпал етуі мүмкін. Өңірдегі ядролық фактордың күшеюі халықаралық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді арттырып, жаңа стратегиялық бәсекенің басталуына жол ашуы ықтимал.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар