Екі айдан кейін Венгрияда маңызды сайлау өтеді. Премьер Виктор Орбан өз билігін жоғалтуы мүмкін. Осы сәтте Орбан сыртқы күштердің сайлауға араласып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Венгрия билігі ондаған мектеп мен қоғамдық орынға бомба қойылғаны жайлы хатты алғанын айтты және ақпарат украин тілінде жазылған дейді. Осылайша Орбан Украинаны «ішкі ісімізге, сайлауға араласуда» деп айыптауда.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Орбанды қолдайтын және Ресейден қаржыландырылатын Index.hu сайты мынандай ақпарат таратты. «Егер өлгілерің келмесе – дәп қазір кетіңдер! Бомбалар арнайы контейнерлерде орналастырылды, иттер оны сезбейді, іздеудің еш мәні жоқ», - деген ақпарат түсті дейді. Басылым ақпараттың украин тілінде жазылғанын айтуда.
Мамандар барлық мекемелерді тінтіп, ешқандай бомбаны таппады. Сарапшылар «Венгрия билігі антиукраиндық көзқарасты күшейтіп, Орбанды сайлауда жеңіске жетелеу үшін осындай әрекетке барды» деп санайды. Аталған хаттың Украинадан келгеніне де еш дәлел жоқ. Financial Times басылымы хаттың украин тілінде емес, мажар тілінде жазылғанын мәлімдеді.
Мамандар Венгрия билігі антиукраиндық көңіл-күйді күшейтіп жатқанын айтуда. 12-сәуірде өтетін сайлауда билеуші «Фидес» партиясы үлкен қиындыққа тап болуы мүмкін. «Тиса» оппозициялық тобы қазіргі сауалнамаларда Орбанның партиясынан басым түскен. Орбан өз сөздерінде «ЕО билігі Украинаға қаржыны беру арқылы соғысты созуда» дегенді қайталаумен келеді. Ол «Венгрия халқының салығы украин әскеріне кетіп жатыр» дегенді де айтуда. Ал «Киевтің әрекеті Еуропаны энергия тапшылығына ұшыратуда» дегенді негізгі ұранының бірі етуде. Ол өзінің басты қарсыласы саналатын оппозиция серкесі Мадьярды украиншыл ретінде көрсетуде.
Венгрия премьері Ресейді ашық қолдауын жалғастыруда. Ол Ресейге қарсы санкцияларды ұзақ уақыт бойы тежеумен келеді. Украинаға әскери және қаржылай көмек беру шешімдеріне сан мәрте вето қойды.
«Украина біздің құндылықтарымызға, мүддемізге соққы жасауда. Ол Брюссельден Венгрияға келетін арзан ресейлік энергияны үзіп тастауды талап етуде. Бұлай істейтіннің бәрі Венгрияның жауы», - дейді Орбан. Сарапшылар Ресейдің Венгрия арқылы Шығыс және Орта Еуропа елдеріне қарсы гибридті операциясы жалғасып жатқанын айтуда.
Халықаралық қатынас бойынша Германия кеңесінің өкілі Андраш Рац Венгрияның Ресей үшін аса маңызды актив екенін айтуда. Рацтың сөзінше, Венгрия билігі оппозиция серкесі Мадьярды қаралау үшін түрлі жалған ақпарат ойлап тауып, таратып жатыр дейді. Соның ішінде «Мадьяр Украина арқылы Лондонға 17 млн доллар жөнелтті» деген жалған ақпарат та бар.

Орбан антиукраиндық саясатты сайлаудағы басты ұраны етуде. Ол Венгрия бойынша түрлі билбордтар іліп жатыр. Билбордтарда Зеленский қолын созып, ақша сұрап тұр, ал оның қасында Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен тұр. Плакатқа «Біздің Брюссельге айтар жауабымыз біреу: Біз ақша бермейміз!» деп жазған. Аталған сурет Орбанның сайлауалды үгітінің бір нышанына айналды.
Өткен жылы Ресейдің Сыртқы барлау қызметі Украина мен ЕО басшылығының Будапештте билікті алмастыруға дайындалып жатқанын айтты. Орбан билігі бұл ақпаратты сөзбе-сөз қайталап шықты. Қазіргі таңда Еурокомиссия Орбанды айыптауды азайтып, Венгрияның ішкі саясатына араласпайтынын аңғартуда. Украина билігі де ресми мәлімдеме жасап, Венгриядағы сайлауға араласпайтынын айтты.
Мамандар Орбанның түрлі сылтаумен сайлауда жеңуге ниетті екенін, алайда саяси құйтырқылықтар ЕО-да Венгрия үшін үлкен салмақ болатынын айтуда. Дегенмен Орбанды Трамп қолдайтынын ашық көрсетуде және бұл сайлау қорытындысында шешуші рөл ойнауы ықтимал.
Mezgil.kz