АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы жалғасуда. АҚШ билігі Ирандағы режимді алмастыруға ниетті екенін жасырмауда. Уашиңтон сыртқы саясатта бұл ұстанымды өзге де елдерге қарсы бағыттаған еді. Тарихта мысалдары жеткілікті. Солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынамыз.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
1953 жылы АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы мен ағылшындардың MI6 жасағы Иранның сол сәттегі премьері Мохаммад Моссаддықты биліктен тайдыруға ықпал етті. Ал 1979 жылы Ирандағы революция барысында шах режимі құлап, орнына теократиялық билік орнады. Қазіргі таңда АҚШ билігі дәл осы теократиялық билікпен күресуде. Дегенмен режим ауысса да, ішкі қайшылық тоқтамауы мүмкін.
ЛИВИЯ. 2011 жыл. «Біртұтас қорғаушы» операциясы. «Араб көктемі» салдарынан Африканың бірқатар аймағында билікке қарсы наразылықтар болды. Соның бірі Ливияда өтті. Наразы топ Муамар Каддафиге қарсы ұрандарды тастады. АҚШ «Уақытша ұлттық кеңесті» қолдады. АҚШ, Ұлыбритания және Франция Каддафи әскеріне әуеден соққылар жасады. 20-қазан күні АҚШ пен Францияның дрондары Каддафидің әскери колоннасына соққы жасады. Каддафи көтерілісшілер қолына түсіп, қаза тапты. Сол сәттен бері 15 жылдан астам уақыт өтсе де, Ливияда ішкі тұрақтылық орнаған емес.
ИРАК. 2003 жыл. Саддам Хусейн әскерін талқандаған соң, АҚШ-тың сол сәттегі президенті Джордж Буш USS Abraham Lincoln ұшақтасушысы бортында сөз сөйлеп, миссия толық орындалғанын айтты. «Ирак ендігі таңда диктатурадан демократияға қадам басады» деді ол. Ол коалиция Иракта барлық міндетті толық орындағанша қалатынын мәлімдеді. Алайда Ирактағы жағдай оңала қойған жоқ. Иранның шииттік топтарды қолдауы күшейді. Олар сүнниттік топтарды саяси аренадан ысыра бастады. Мемлекеттік билік әлсіреген тұста, қоғамда лаңкестік күшейді. Солардың бірі ДАИШ содырлары болды. Олар Сирия мен Ирактың бір бөлігін басып алып, хаос тудырды.
АУҒАНСТАН. 2001 жыл. «Мызғымас бостандық» операциясы. 2001 жылдың, 11-қыркүйек оқиғасынан кейін, АҚШ Ауғанстанға әскер кіргізді. Тәлібтердің режимі тез арада құлады. АҚШ жаңа үкімет жасақтап, қолдау білдірді. 2014 жылдан бастап халықаралық коалиция өз әскерін біртіндеп Ауғанстаннан әкете бастады. Тәлібтер Пәкістан аумағынан кіріп, диверсиялық әрекеттерін жалғастыра берді. Дональд Трамп өзінің президенттік мерзімінің соңғы жылында тәлібтермен келіссөз жүргізіп, әскерін әкететінін айтты. 2021 жылы АҚШ әскерін шығаратын сәтте, тәлібтер жаппай шабуылға шықты. Жергілікті үкімет қатаң қарсылық көрсете алмады, ал билікті тәлібтер толықтай басып алды. Осылайша «Талибан» Ауғанстанда қайта билікке келді.
ПАНАМА. 1989 жыл. «Әділ іс» операциясы. 80-ші жылдары Панамада диктатор Мануэль Норьега билік етті. Оның билігі тұсында Панама есірткі ошағына айналды. Норьега бірнеше жыл бойы АҚШ-тың Орталық барлау басқармасынан қаржы алды. 1989 жылы сайлауда оппозиция өкілі Гильермо Эндара жеңіске жетті. Норьега сайлау нәтижесін мойындаудан бас тартты. Елдегі саяси жағдай шиеленісе түсті. Желтоқсан айында АҚШ Норьеганы тақтан тайдыру үшін арнайы операция бастады. 20-желтоқсанда Эндара президент деп жарияланды. Норьега биліктен тайдырылып, шетелдік елшілікке жасырынды. Кейін ол елшіліктен шығып, сотталды. Ұзақ жылдар бойы АҚШ-та, Францияда, Панамада жазасын өтеп, 2017 жылы өмірден өтті. АҚШ бұл операцияға 331 млн доллар қаржы жұмсады. Операция Панама тарихын оң бағытқа өзгертті.
ГРЕНАДА. 1983 жыл. «Ашудың жарқылы» атты операция өтті. 1979 жылдан бастап Гренада КСРО-мен саяси тұрғыдан жақындаса бастады. Ел премьері Морис Бишоп АҚШ-пен жақындасуға әрекет жасады. Алайда коммунистік топтар оны төңкеріп, өлтіріп тастады. АҚШ президенті Рональд Рейган әскери кемелерді топтастырып, операция бастады. АҚШ өзіне қарсы шыққан Хадсон Остин билігін төңкеріп тастап, жаңа сайлау өткізіп, мақсатына жетті.
АҚШ 2026 жылы Венесуэлада әскери операция өткізіп, 3-қаңтарда ел президенті Мадуроны күштеп ұстап әкетті. Қазіргі таңда Венесуэлада вице-президент президенттің міндетін уақытша атқаруда. Ал Венесуэла мен АҚШ арасында дипломатиялық байланыс орнады. Сарапшылар АҚШ билігі Ирандағы билікті тақтан тайдырып, өзіне жақтас билікті орнатуды қалайтынын айтуда.
Mezgil.kz