Ирандағы соғыс: Трамптың «Бейбітшілік кеңесі» құрылмай жатыр ыдырай ма?

«Ирандағы соғысы Трамп құрған «Бейбітшілік кеңесіне» қауіп төндіруде», - деп жазады «Politico» басылымы...

1773221216415819.jpeg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Шын мәнінде, Газа бойынша негізгі модератор саналатын – АҚШ пен келіссөзші тараптың бірі саналатын – Израильдің назары Иран мәселесіне көбірек ауып бара жатқандықтан, Газа тақырыбы назардан тыс қалып бара жатқандай.

БАР МЕН ЖОҚТЫҢ АРАСЫНДАҒЫ «БЕЙБІТШІЛІК КЕҢЕСІ»

«Дональд Трамптың бастамасымен құрылған — «Бейбітшілік кеңесінің» (Board of Peace) болашағы бұлыңғырлана түсті. Өткен айда президент Трамп сауын айтып, әлемнің ондаған лидерінің басын қосып, жиын өткізген еді. Содан көп өтпей-ақ, бұл кеңестің жұмысы Ирандағы соғысқа байланысты тоқтап қалды», - деп жазады «Politico» басылымы.

Қазірге белгілісі – «Бейбітшілік кеңесі» (Board of Peace) Дүниежүзілік банк пен «JP Morgan Chase-те» өз шоттарын ашқан.

«Біз уәде етілген қаражатты аудару үшін тиісті деректерді беру мақсатында донор елдермен жұмыс істеп жатырмыз», — дейді Ақ үй. Ақпандағы алқа-қотан жиында айтылған уәде – бірнеше ел «Бейбітшілік кеңесіне» 16 миллиард доллардан астам қаражат аударуы тиіс-тін. Ондағы АҚШ-тың үлесі ең қомақтысы (10 млрд доллар).

Алайда, осыдан соң, кеңестің жұмысы мүлде тұралап қалған. Ал кеңестің басты келіссөзшілері – Стив Уифткофф пен Жерард Кушнер (АҚШ өкілдері) бірде Иран, бірде Украина мәселелері бойынша келіссөздер жүргізуде.

ГАЗАДАН «ЖЕРДЕГІ ЖҰМАҚ» ЖАСАУ МИССИЯСЫ ОРЫНДАЛА МА?

«Бейбітшілік кеңесі» әуелде құрылғанда-ақ, бітімгерлік миссияны арқалаған еді. АҚШ-тың араласуымен және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мақұлдауымен Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату келісімінің бөлігі ретінде жарияланған. Сол кезде ол Газаны қайта құру мен аймақтық тұрақтылықтың негізі болуы тиіс еді.

Кеңестің жарғысына сәйкес, оның миссиясы «қақтығыстардан зардап шеккен немесе қауіп төнген аймақтарда бейбітшілік орнату» болатын.

Уиткофф пен Кушнердің бақылаушы болып, Израиль мен ХАМАС өзара тұтқындар алмасқан. Ал Израиль Мысыр мен Газа секторы арасындағы «Рафах» шекара өткелін ашқан.

Осыдан соң тараптар, Гааза секторын толық қарусыздандырып, секторды қайта қалпына келтіру жұмыстарына ойысуы керек еді. Ал түпкі нәтижесінде, Газаны туристік-экономикалық аймаққа айналдыру миссиясы қойылған.

ИНДОНЕЗИЯНЫҢ ДЕМАРШЫ: «БЕЙБІТШІЛІК КЕҢЕСІ» ҚҰРЫЛМАЙ ЖАТЫП ЫДЫРАУДА

Енді АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы бұл жоспарларды жүзеге асыруға айтарлықтай кедергілер келтіруде.

«Reuters-тің» хабарлауынша: Индонезия президенті егер «Бейбітшілік кеңесі» палестиналықтарға пайда әкелмесе, одан шығатынын айтып қорқытқан. Ал елдің Сыртқы істер министрі Иран соғысына байланысты кеңес туралы барлық келіссөздер тоқтатылғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, әуелде Индонезия Газа секторын тұрақтандыру үшін Халықаралық миссияға 8 мың жауынгерін жіберуге уәде еткен.

Трамп әкімшілігі Индонезиямен келіссөздер жалғасып жатқанын және кеңестің Газа халқына өркендеу мен тұрақтылық сыйлауға ниетті екенін айтты. Әзірбайжан мен Иордания сияқты басқа елдер әлі де өз міндеттемелеріне адал екендіктерін білдірді.

ГАЗА КЕЛІСІМДЕРІ КЕРІ КЕТУДЕ...

Бірақ «Бейбітшілік кеңесінің» негізгі мақсаты — Газаны қайта құру мәселесі әлі шешілген жоқ. Қайта құрудың негізгі шарты — ХАМАС-ты толық қарусыздандыру болатын. Бұл бағытта әлі түпкілікті келісім болған жоқ. Сонымен қатар, Израиль Иранмен соғысты сылтау етіп «Рафах» өткелін қайта жауып тастады. Бұл атысты тоқтату жоспарындағы маңызды жетістікті бұзып, анклавқа баратын гуманитарлық көмектің азаюына әкелді.

Израиль: «Қазіргі кезеңде «Рафах» өткелі зымыран қаупіне байланысты уақытша жабық. Қауіпсіздік жағдайы мүмкіндік берген бойда ол қайта ашылады», — деп мәлімдеді.

Ал сарапшылар: «Бейбітшілік кеңесінің» мандаты 2027 жылдың соңында аяқталады. Егер кеңес тіпті Израильдің өз міндеттемелерін орындауына ықпал ете алмаса, оның болашағы бұлыңғыр», - дейді.

Сарапшылардың пікірінше, Трамп әкімшілігінде шешім қабылдайтын шенеуніктердің аздығы мәселені қиындатып отыр. Иран мен соғысқа басымдық берілгендіктен, Газадан бөлек көптеген мәселелер күн тәртібінен уақытша түсіп қалды.

Трамп әлі де Уиткофф пен Кушнерге сенім артып, олардың «тамаша жұмыс істеп жатқанын» айтуда. Екеуі сейсенбіде Израильге баруы керек еді, бірақ сапарды кейінге қалдырды. Уиткофф Иранмен соғыс аймақтық ынтымақтастықты нығайтуы мүмкін деген оптимистік көзқараста. Оның айтуынша, Иран дрондары мен зымырандарынан сескенген Парсы шығанағы елдері «Авраам келісімдеріне» (Abraham Accords) қосылуға ниет білдіріп жатыр. Ал егер «Бейбітшілік кеңесі» ХАМАС-ты қарусыздандыру және анклавты қайта құру миссиясын орындай алмаса, оның зардабы ауыр болады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар