Израиль мен АҚШ ұшақтары Тегеран маңындағы мұнай өңдеу зауыты мен қоймасына соққы жасаған соң, Тегерандағы ауа ластана бастаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл шабуылдардың салдары тұрғындардың денсаулығы үшін қауіпті болуы мүмкін. 28-ақпаннан бастап АҚШ пен Израиль Тегеран маңындағы кемі 4 мұнай қоймасын жойған.

Тегеран тұрғындары қара қою түтін аспанды жауып, күн көзін көлегейлегенін айтуда. Ал күйіктің иісі қаланы тұтас басып қалған. Мұнай қоймасындағы өрт салдарынан ауадағы қауіпті химиялық қоспалар көлемі артқан. 7-наурыз күні ЦАХАЛ мемлекеттік резервке жататын мұнай қоймасын соққылағанын айтты.
Тегеранда 10 млнға жуық халық тұрады. Қала маңындағы ықшам аудандарды қоса алғандағы көрсеткіш осындай. 9-наурыз күні түсірілген спутниктік суреттерді BBC Verify зерттеп шықты. Соққыға ұшыраған 4 нысанның екеуінде әлі өрт сөндірілмеген және ауаға қара түтін шашу жалғасуда. Тегеранның солтүстік батысындағы Шахран мұнай базасы маңында да қара түтін айқын байқалады. Спутник суреттерінде нысандардың қаншалықты қирағаны әлі анық байқалмайды. Себебі түтін әлі сейіле қойған жоқ.
Мамандар мұнай қоймасындағы өрт салдарынан әуеге аса қауіпті химиялық қоспалар тарауы мүмкін деп қауіптенуде. Мұнай толық жанбаған сәтте, ауаға химиялық қоспа көбірек бөлінеді.
Қаладаға ауа қаншалықты ластанғанын дөп басып айту өте қиын. Себебі билік жердегі станциялардың көрсеткішін жариялаған емес, ал спутниктік түсірілімдер арқылы салдарын дөп басып айту мүмкін емес. Сарапшылар Бейжің мен Делидегі ауаның деңгейі қаншалықты лас болса, Тегерандағы ауа көрсеткіші де соншалықты лас күйге түсті деп санайды.
Рединг университетінің ғалымы Акшай Деорастың пікірінше, Тегерандағы ауаның ластануы әлдеқайда қауіпті. Қалаға ұдайы зымыран және бомба түсуде. Бұл да химиялық қоспаларды бөледі. Мұнай базасының отқа орануы да ауаны ластай түскен. Дәрігерлер қала тұрғындары тыныс алу жүйелерінің түрлі ауруларына шалдығып, аллергиялық дертке ұшырауы мүмкін деп дабыл қағуда.
Лондондағы атмосфералық химия бойынша профессор Элойз Маре бұл пікірмен толық келісетінін айтты. Ол «Тегерандағы жағдай өте қауіпті және үлкен апат» деп сипаттауда.
Жексенбіде қала тұрғындары «қара жауын» жауғанын айтты. Әдетте бұл термин «ластанған жаңбыр» сөзімен бірге қолданылады. Ауа қатты ластанған сәтте, жаңбыр тамшылары қара түске боялуы мүмкін. Бұл сирек кездесетін құбылыс.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері Тегерандағы жағдайға байланысты алаңдаушылық танытуда. «Мұнай базаларының жарылуы салдарынан ауа, тамақ, су ластануы мүмкін. Бұның салдары өте ауыр болмақ. Әсіресе балалар мен қарттар үшін. Тыныс алу ауруына шалдыққандардың өміріне қауіп төніп тұр», - дейді ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус.
Лестер университетінің экология профессоры Анна Ханселлдің сөзінше, «жылдам ластану өкпені бірден қабындыратын болады». Сонымен бірге, ұзақ мерзімді көрсеткіште обыр дертіне де әкелуі ықтимал.
Мамандар қара түтінді жел ұшырып, басқа аумаққа әкетуі мүмкін дейді. Сонымен бірге, жауын-шашынмен бірге өзен-көлге түсіп, мал мен адам ішетін су көздерін де ластауы ғажап емес.
Mezgil.kz